Атырау, 26 қараша 17:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Бас бапкер отставкаға кетті

2 307 просмотра


«Атырау» футбол клубының бас бапкері СЕРГЕЙ ПАВЛОВ отставкаға кетті. Бұған ел чемпионатындағы сәтсіздіктер себеп болды. Өйткені команда үшінші айналымда бірде бір жеңіске жетпеген еді.  

Жанкүйерлер команданың Астанада ойсырай жеңілгенін (0:7) ұзақ уақыт мойындағылары келмей, өз алаңында «Ақтөбемен» ойнаған кезде жеңіске жетеді деп үміттенді. Алайда ойын тең түсті (2:2). Ал кеше, 20 қыркүйекте тағы бір көршімізбен сырт алаңда ойнап, 30-турдың ауыстырылған матчында оралдық «Ақжайықтан» жеңіліп қалды (0:1). Осыдан кейін «Атырау» премьер-лига турнирінен шығып қалу аймағына қарай құлдырады. Шамасы, клуб басшылығының шыдамы жеткен жері осы болуы керек.

«Атырау» ФК директоры Тимур НИҒЫМОВТЫҢ айтуынша, Павловта соңғы кездері футболшылармен «түсініспеушілік» болған. Сөйтіп, олар жергілікті жанкүйерлер дағдылана бастаған шабуылды, тартысты футбол ойнауды доғарыпты. Қоштасу жиналысында Сергей Александрович Атыраудағы жұмысы оның тәжірибеге толы бапкерлік мансабындағы маңызды кезеңге айналғанын жеткізді. Өзінің отставкасы команданы бір сілкіндіріп алып, жігіттер премьер-лигадағы орнын сақтап қалып, Қазақстан Кубогының финалында бәсекелесінен үстем түседі деп үміттенетінін жеткізді.

- Атырау жанкүйерлерінен осынау қиын жағдайда командаға қолдау көрсетуді өтінемін, - деді Павлов қоштасар кезде.

Естеріңізге салсақ, ресейлік маман биылғы жылдың сәуірінде «Атырауды» басқаруға келіп, 9 айып ұпайынан арылып, команданы соңғы орыннан  турнир кестесінің ортасына таман көтере білген еді. Бірақ есесіне әлдене үйлеспей қалып, команда қайтадан аутсайдерлердің қауіпті позициясына оралды.

Келесі матчқа – 24 қыркүйекте көкшетаулық «Оқжетпеспен» сырт алаңдағы ойынға команданы бас бапкердің міндетін атқарушы Қуаныш ҚАБДОЛОВ дайындайды. Қабдолов 2014 жылдан бері негізгі командада бапкер болып жұмыс жасап келеді.

Марат ТАКУЛИН

Суретті түсірген автор

21 қыркүйек 2017, 20:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.