Атырау, 26 қараша 07:48
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Жаз кетті, жағалаудан наз кетті

Сурет
4 261 просмотра


Жаз кетіп, қоңыр салқын қыркүйек өз міндетіне кірісіп жатыр. Енді әбден жаттыққан жандар мен күртеше киген балықшылардан басқа өзен жағасынан ешкімді көрмейсің. Тек қала жағажайларының сыртқы түрінен алған жағымсыз әсер қалды.

Атырауда екі ресми жағажай бар: «Атырау» дене шынықтыру және сауықтыру кешені маңында және Тұрғын үй қалашығында. Екеуінің де оңып тұрғаны шамалы. Мәселен,

дене шынықтыру және сауықтыру кешені маңында киініп-шешінуге арналған тек 2 кабина, 5 шатыр және бір урна бар. Ал, аспан айналып жерге түскендей ыстық күндері бұл жерде адам өте көп болды. Әжетхана да біреу, оның иісі бірнеше метрден-ақ мұрныңа келеді. Бұл иіс осы әжетхананың тазалығына жауапты адамдарды да шошытатын сияқты, себебі, іші адам көргісіз. Жағажайдың бойы темекі тұқылынан көрінбейді, жұмсақ құмның орнында аяқпен тапталған қара жер. Жағада күнге қыздырынып жатқанша сүйектерің сырқырай бастайды. Жағажайдың айналасын қалың қамыс пен қисық өскен ағаш басқан, бұлар орындықтың да рөлін атқара береді, себебі, жағажайда отыратын басқа ештеңе таппайсың.


Кез келген демалыс орны сияқты жағажайда да түрлі ойын-сауықтар үйымдастырылып, тамақтанатын орындар жұмыс жасайды. Балмұздақ сататын дүңгіршіктер жақсы күйде болса, сусындар мен бәліштер сататын орындар бізде көбіне қоқыс контейнерлерін қаптайтын профлистпен қоршалған.


... Бірде Еуропадан келген құрбыммен дене шынықтыру және сауықтыру кешені маңындағы жағажайға барып, суға түсіп, күнге қыздырынғымыз келген. Өзімізді жақсы ұстадық. Жарты сағаттан соң бес жасар шамасындағы бала жүгіріп келіп, шомылуға арналған киімдегі екеуміздің фотосуретімізді бізге ұстатып: «Сізге ана ағалар беріп жіберді, телефон нөмірлеріңізді сұрайды» демесі бар ма? Біз ағаларға қарасақ, құтқарушылар екен. Содан кейін біз ол жерге аттап баспадық, ал құрбым көпке дейін бұл жайтты ұмыта алмады.


Тұрғын үй қалашығындағы жағажайдың да асып бара жатқан еш нәрсесі жоқ. Киініп-шешінуге арналған кабиналар қисайып, ескіріп қалған, әжетхана кілттеулі тұр. Жағажай аумағына уақ тас шашылған, жер-жер қазылып қалған. Жағаға жеткенше аяғыңды қайырып алуың мүмкін. Төсеніштің үстінде жатып қыздырынуға келмейді, сондықтан сағатына 500 теңге тұратын шезлонг алуға тура келеді. Ағаш пирс сынып, суда тұр. Жағажайдың артында шөп арасында құрылыс қалдықтары – арматура мен қиыршық тастардың бөлшектері жатыр. Орындықтар мүлдем жоқ.


Қала билігі үнемі тендерлер ұйымдастырады. Соңғы жылдары жағажайлардың тазалығы үшін жауапкершілікті «Сәрсекенов» ЖК алған. Олар жыл сайын бірнеше көлік құм төгіп, жағалау тазалығын қадағалап, биоәжетханалар орнатты. Ал, биыл қызметтерді ұсынушылар болмағандықтан тендер өтпеген болып танылды. Қалалық ТКШ бөліміндегілер 2017 жылдың бюджетінде де жағажайларды абаттандыру жұмыстары қаржы қаралмағанын хабарлады.


Жақында Батыс жедел құтқару отрядының сүңгуірлік құтқару бөлімінің басшысы Самат КУМАШЕВ келесі жылы Атырауда тағы  5 жағажай ашу жоспарланып отырғанын хабарлаған. Барлығы 7 жағажай болмақ. Жақсы жаңалық қой, алайда екеуін ретке келтіре алмай отырғанда басқалары қандай болмақ?

Анастасия АЛЮШИНА 

Суретті түсірген автор

10 қыркүйек 2017, 15:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.