Атырау, 19 сәуір 12:16
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

«Оқушыны мектептен кетуге мәжбүрлеу – заңсыз»

7 402 просмотра


25 тамызда облыстық драма театрда облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ, облыстық білім беру басқармасы басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВАНЫҢ, Білім және ғылым министрлігінің, оқу орындарының өкілдері мен басшыларының қатысуымен педагогтардың дәстүрлі тамыз конференциясы өтті.

Н.Сайлауованың баяндамасына сәйкес, өңірде барлығы 162 мектепке дейінгі мекеме, 192 орта мектеп, 25 орта техникалық және арнайы оқу орны жұмыс істейді. Биылғы оқу жылынан бастап тағы 7 жаңа мектеп пен 4 балабақша жұмыстарын бастайды. Сонымен қатар 6 мектеп пен 11 балабақшаның құрылыстары жалғасуда. Дегенмен, 1-6 жас аралығындағы 56 465 баланың тек 58,7 пайызы оқу-тәрбие жұмыстарымен қамтылған. Мектепалды дайындық жасындағы балаларды қоса алғанда қамту көрсеткіші – 93,1 пайыз.

Аудандар бойынша балаларды 100 пайыз қамтуды тек Қызылқоға ауданы жүзеге асырған. Ең төменгі көрсеткіш Индер ауданында.

Облыстық білім беру саласын дамытуға 2017 жылы 53 млрд 710 млн теңге бөлінді, бұл сома 2016 жылмен салыстырғанда 4 млрд-қа артық. Былтырдан бастап барлық мектептердегі компьютерлер, химия, информатика кабинеттері, интерактивті тақталар түгелдей жаңартылды. Былтырғы оқу жылындағы 6 апаттық мектептің 3-еуі тапсырылды. 3 мектеп жыл соңына дейін тапсырылады деп жоспарлануда. 2017 жылы 1-4 сынып және аз қамтылған отбасылардың балаларын ыстық тамақпен қамтуға 2 млрд 273 млн теңге бөлінді.

Биыл елімізде өтіп жатқан ЭКСПО көрмесін тегін тамашалауға облысымыздан көрмеге 11500 оқушы, 1500 студент, 1311 жетекші барды. Өткен оқу жылында 69 оқушы республикалық, халықаралық сайыстардан, ғылыми жобалардан жүлделермен оралды. Мектеп бітіру емтиханының нәтижесі бойынша 4 515 оқушының 72 пайызы ҰБТ-ға қатысып, орташа көрсеткіш 72 пайызды құрады. Бұл – өте төмен. Мақат, Құрманғазы, Индер аудандары ҰБТ бойынша ең төмен нәтиже көрсетіп, 609 оқушы шекті деңгейге жете алмады. Бұл  - барлық қатысушының 20 пайызы. Оқушылар математикалық сауаттылық және Қазақстан тарихы пәндерінен төмен балл жинаған.

Биыл 2, 5 және 7 сыныптар жаңа бағдарлама бойынша білім алуға көшеді. Осы мақсатта 2 244 педагог өз біліктіліктерін арттырды. Оқу құралдары мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алу үшін 2 млрд 300 млн теңгеге қаржы бөлініп, оқулықтар мектептерге жеткізілуде. Сонымен қатар, облыстағы 12 білім  беру ұйымының мектепалды даярлық сыныптарында «Әліппе оқулығы апробациядан өтеді. Үш тілді білім алуға көшу мақсатында 23 мектептің 37 сыныбында информатика, физика, химия және биология пәндерін ағылшын тілінде оқытудың пилоттық жобасы енгізілетін болады.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бүгінгі жиналысты ашық сабақ ретінде қабылдауды ұсынып, облыс педагогтарына оқушылардың үлгерімін көтеруге не кедергі болатынын сұрады:

- Білім беру саласын дамытуға бағытталған іс-шаралар өте көп, көңіл аударатын тұстарымыз да өте көп. Жасалған іске тоқмейілсімеуіміз керек. Біздің облыста үлгерім неге төмен? Республика бойынша төменнен санағанда 2-орындамыз. Неге? Басқа облыстардағы мұғалімдердің, мүмкін, жауапкершіліктері жоғары шығар. Қазіргі кезде ұстаздарға барлық жағдай жасалды. Бүгінгі жиналысқа келер алдында мені көп сұрақ мазалады – ең басты сұрақ: «Бізге тағы не керек?». Қандай кемшіліктер бар? Бұрынғы жылдары мектептің жөндеуіне бірдей сома бөлінетін, енді әр мектепке директорлармен ақылдаса отырып қажетті сома бөлінетін болды. Айтыңыздаршы, кімге жетпей қалды? Кез келген дүниенің қайтарымы болу керек. Әйтпесе, не үшін, кім үшін жасап жатырмыз? Қандай кедергі бар? Сұрақтарыңызды, шағымдарыңызды айтыңыздаршы осы жерде.

Алайда, ешкім үндемеді.

Облыс әкімінің айтуынша, 3 ауысымда оқитын мектептер қалада әлі бар. Былтыр 2 200 оқушы тасымалданған болса, биыл Нұрсаядан 624 орындық екі мектептің ашылуына байланысты тасымалданатын оқушы саны 1 000 адамға азайған. Балабақша ғимаратында оқып келген техникалық гимназия жаңа ғимаратқа көшті, осындай тар ғимаратта орналасқан тағы екі мектеп те жақын болашақта типтік ғимараттарға ауысады. Сонымен қатар, зейнет жасына шыққанмен, мектеп басшылығында отырған 28 директор орындарын босатты, тек  техникалық гимназия мен №5 мектептің директорлары белгілі себептерге байланысты қаңтар айына дейін жұмыс жасайтын болады.

Облыс басшысы өзінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВКЕ қалалық және аудандық білім бөлімдеріне бөлім басшысы немесе орынбасары ретінде құрылысшы маманды жұмысқа алуды тапсырды.

- Сонда мектеп директоры оқу процестерімен ғана айналысады, басқаға бас ауыртпайды. Жаңа маман оқу процесіне араласпайды, тек жөндеу, құрылыс жұмыстарына жауапты болады, - деді әкім.

Мұғалімдердің жетіспеушілігі мәселесі әлі де өзекті болып отыр – қазір облысқа физика, информатика, математика, биология, орыс тілі және дене шынықтыру пәндерінің 361 маманы қажет. Осы мәселені шешу үшін 102 жас түлек жұмысқа қабылданды.

«АЖ» сұрақтары:

- Мектеп мұғалімдерін газет-журналдарға мәжбүрлеп жаздыру әлі де бар. Мұғалімдердің өздері наразы.

- Мен осы сұрақты түсініңкіремеймін. Себебі, БАҚ арқылы елімізде, алыс-жақын шетелдерде болып жатқан жаңалықтарды, оқиғаларды оқып-біліп отырамыз. Тарихи, ғылыми, қызықты мақалалар жарияланады. Мәжбүрлеп жаздыру жөнінде ешкімге тапсырма берілген жоқ. Бірақ газетке жазылғаннан не зиян көріп отырсыздар? Сіздер қол шапалақтап отырсыздар. Менің айтып отырғанымның қай жері дұрыс емес?

- Мектептерде берілетін ыстық тағамдардың нормаға сәйкестігін кім тексереді? Ата-аналар балаларының қалай тамақтанатынын өз көздерімен көре ала ма?

- Ыстық тағаммен 1-4 сынып оқушылары және аз қамтылған отбасылардың балалары қамтылған. Тағамға қатысты шағымдар, ескертулер әр кезде бар. Мектептердегі қамқоршылық кеңестері білім беру бөлімінің өкілімен бірлесе отырып тексеру жұмыстарын жүргізе алады. Сонымен қатар, осы бизнеске қатысы бар кәсіпкерлер де жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, қойылған талаптарды орындауға тиісті.

- №16 мектеп-лицейде, тіпті жоғары сыныптарда бір сыныпта 40-45 оқушыдан отыр. Мұндай жағдай көптеген мектептерде бар. Бұл мәселелер шешімін қашан табады? Әр сыныпта нормаға сәйкес неше оқушы болуы керек?

- Қолданыстағы нормаға сәйкес, бір сыныпта 25 оқушыдан, гимназия сыныптарында 20 оқушыдан артық оқушы отырмауы керек. Бізде оншақты мектеп 3 ауысыммен оқып жатыр. Жұмыстар жүргізілуде. Бұл мәселелер уақытқа байланысты.

- 9-сыныпты аяқтаған оқушыларды мәжбүрлі түрде мектептен шығару, 10-сыныпқа көшіру үшін тест тапсырту қаншалықты заңды?

Бұл сұраққа облыстық білім беру басқармасының басшысы жауап берді:

- Бұл жағдай ҰБТ тапсырған кезде жоғары сапа көрсеткішіне қол жеткізу үшін мектеп басшыларының жұмысы деп ойлаймыз. Бірақ 9-сыныпты аяқтап, 11-сыныпқа дейін білімін жалғастыра ма әлде техникалық-кәсіптік білім беретін колледждерге оқуға түсе ме – бұл мәселе әр оқушының өз құзырында. Оқушыны мектептен кетуге мәжбүрлеу – заңсыз деп есептейміз. Сондықтан мұндай жұмысты келесіде қайталамауларыңызды сұраймыз.

Кеңес соңында педагогтарға төсбелгілер, алғыс хаттар тапсырылды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

27 тамыз 2017, 10:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.