Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы 87 көпқабатты үйдің тұрғындары апталар бойы тұрған аптап ыстықта ауыз сусыз қалды.
Су үйлерге тәулігіне әр түрлі уақытта сағаттап беріледі. Тұрғындар таңның атысы, кештің батысына дейін ауыз судың жүруін аңдып отырады. Су алып үлгермесең, бүкіл бір отбасы сусыз қалды дей бер.
- Мен төртінші қабатта тұрамын. Суды таңертең, түсте және кеште екі сағаттан береді. Сондықтан, үнемі күзетіп отыруға тура келеді. Біздер үйдегі ыдыс атаулыны, тіпті ваннаға дейін суды толтырып аламыз. Бірақ мынадай ыстықта ол дым болмай қалады. Оның үстіне көп тұрғындар насос қондырып алған, сол себепті ол жоқ пәтерлерге су дұрыс келмейді. Әжетханаға су таппай сенделіп кетеміз, - дейді қала тұрғыны Ұштап ПЕНСКАЯ.
Ал Теміржолшылар мөлтек ауданында тұратын 13 көпқабатты үйдің тұрғындары суды жертөледен тасып ішіп отыр.
- Мен вахталық әдіспен еңбек етемін. Жұмысқа кеткенде су тасу келіншегімнің мойнына ілінеді, - дейді Асхат НҰРСҰЛТАНОВ. - Неге осындай ыссылық кезде, әсіресе жаз уақытында судың қысымын көтермейді? Ал суға уақытылы төлемақыны төлеп отырмыз, берешегіміз жоқ.
«Астрахан-Маңғышлақ» су құбырынан келетін су «ҚазТрансОйл» АҚ арқылы «Жылыойсу» КМК-ге жеткізіледі. Тәулігіне 7,5 мың текше метр су беріледі. КМК-нің «ҚазТрансОйл» АҚ-на 44 млн теңге бережағы бар.
- Негізі жаз айларында тәулігіне 10 мың текше метр су қажет, - дейді Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИН. – Жақында біз «ҚазТрансОйл» АҚ басшылығымен кездесіп, осы мәселені талқыладық. Олар 7,5 мың текше метрге 500 текше метр қосуға келісті.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА