Атырау, 25 сәуір 13:33
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Бейтаныс екі адам төрт баланы өрттен аман алып шықты

6 433 просмотра


13 маусым күні күндіз Атырау қаласындағы Московский өткелінда орналасқан екі қабатты үй өртке оранды. ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, күндізгі сағат 15.30-да басталған өрт екі сағатта толық ауыздықталған. Өрт сөндірушілер келмей тұрып дәл сол уақытта жолай өтіп бара жатқан екі қала тұрғыны жалын арасынан 2-7 жас аралығындағы төрт баланы  арашалап қалды.  

Олардың біреуін ғана іздеп таптық. Ол – Еркінқала2 ауылының тұрғыны Абат АКЕТОВ. Болмысынан өте қарапайым Абатты газетімізге жағдай туралы айтып беруге әрең көндірдік.

...Әке-шешесінің үйінен түскі асын ішіп, жұмысқа кетіп бара жатқан Абат жол бойы сол маңдағы дүкенге су сатып алуға кіреді. Сол мезет дүкенші терезеден қарсы бетке көз салып, «үй өртеніп жатқан сияқты» дейді. Бірден сыртқа ытқып шыққан Абат биік қақпаның ар жағынан лапылдаған үйді көреді.

- Үйге жақындап, терезесіне көз салдым - үйдің екінші қабатында арлы-берлі балалар жүгіріп жүр екен. Үлкендер көрінбеді. Бекітулі тұрған қақпаны ашып, аулаға кірдім, - дейді Абат. – Өрт күшейіп кетті, мен жүрексініп тұрып қалдым. Сол мезет қасыма жас шамасы 19-20 болатын жас жігіт келе қалды. Бір-бірімізге «Кіреміз, кеттік» дедік те, үйге жүгіріп ендік. Ол жерде үш бала қара түтінге тұншығып жатыр. «Сен ана баланы ал! Мен мыналарды алам!» деп  бір-бірімізге айқайлап, қою, қап-қара түтінге тұншыққан бүлдіршіндерді көтеріп алып, далаға кері жүгірдік. Үйдің жанында газ баллоны тұрды. Біз үш баланы алып шығып, газ баллонын оттан алыс жерге апарып қойғаннан кейін, балалардың үлкені «Аға, іште тағы бір бала қалып қойды» деді. Жүгіріп қайта кірдім. Ол кезде үйді шарпыған өрт бет қаратпайтын жағдайда болды. Терезелердің әйнегі шытынап сынып, төбесі жанып жатты. Үйде қалған бала ең кішісі екен, жасы шамамен екіде болуы керек. Қатты қорқып қалған, жылап кері қашты. Соны көтеріп алып, есікке ұмтылғанда шығу мүмкін болмады. Қасымдағы жігіт пластик терезені шығуға дайындап қойған екен. Баланы содан бердім де, газ құбырының кранын жауып, өзім далаға секірдім. Сол кезде өрт сөндірушілер де келді, мен балаларды дүкеншіге тапсырып, әрі қарай жұмысқа жөнелдім. Жалпы, мұндай жағдайға тап болған кез келген жігіт осындай әрекетке баратын шығар деп ойлаймын. Бұл сәтке мен және жанымдағы жігіт тап келген ғой...

Абат АКЕТОВ

Абат негізгі мамандығы – экскаваторшы, «ГазСантехМонтаж» ЖШС-нде он жылдан бері жұмыс жасайды. Жер қазып, газ және су желілерін тартуға дайындайды. Жұбайы Қарылғаш ИБРАЕВАМЕН бірге Аян, Иманғали есімді сүп-сүйкімді екі баланы тәрбиелеп отыр.

Өкінішке орай, материал дайындау барысында балаларды құтқарған екінші жігітті іздеп табу әзірге мүмкін болмай отыр. Бәлкім, өзі немесе оның ерлігінен хабардар жандар редакциямызға хабарласар деп күтеміз. Ерлік ұмытылмауы тиіс.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

Суретті түсірген автор

15 маусым 2017, 15:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.