Атырау, 16 сәуір 16:22
 ашықВ Атырау +16
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

Фура қалай өтіп кеткен?

Сурет Бейнежазба
4 575 просмотра


Құрманғазы қосыны КамАЗ
-ды шолып тексерген кезде ешқандай күдік тудырмағандықтан, 4 тонна қызыл балық тиелген фураны өткізіп жіберген. Ал «мұқият тексеруге» шекарашыларда негіз болмаған. «Бекiре-2017» штабының кезекті отырысында Қараөзек қосынында ресейлік әріптестерінің браконьерлік фураны ұстаған жанжалды фактісі туралы осындай комментарий берілді.  

Бұл факті тұрғысында бастапқыда әдеттегідей штаб жариялаған цифрлар ұтымды көрінбеді: бүгінгі күні 457 табиғат қорғау заңын бұзушылық анықталды. 56 тонна балық тәркіленді, соның ішінде, 1400 келі бекіре тұқымдастар, 10 келі қара уылдырық бар. 4,1 млн теңгеге айыппұл салынып, 66 қылмыстық іс қозғалды.  

Отырыста 25 сәуірде Жайық өзенінде кәсіпшілікпен балық аулаудың аяқталғаны айтылды. Каспий теңізінде балық аулау 9 мамырға дейін, Қиғаш өзенінде 24 мамырға дейін жалғасады. Жайықта жылдық лимитті игеру 37%-ды құрады, қалғанын балықшылар күзде игеруге үміттеніп отыр.  

Екі бекіре өсіру зауыты үшін 160 балық, соның ішінде бір аналық пен екі аталық қортпа, бір аналық пен 37 аталық бекіре, 32 аналық пен 79 аталық шоқыр және 8 аталық сүйрік ауланды. Олардың барлығы осы зауыттарды ұрпақ өрбітуге қатысатын болады.

Алайда журналистерді бірінші кезекте бекіре тиелген фураның жайы қызықтырды. Бұл жерде әңгіме тек шекарашыларда ғана еместігін түсіну керек: бұл 4 тонна бір күнде ауланған жоқ, олар бір жерлерде сақталған...


ҰҚК Шекаралық қызметінің №2016 әскери бөлімінің командирі Мұхтар ҚАНАБЕКОВ

Алдымен ҰҚК Шекаралық қызметінің №2016 әскери бөлімінің командирі Мұхтар ҚАНАБЕКОВ сөз алды:

- Балық тасымалданған машинаның лайықты тексерілгенін атап өткім келеді. Жүргізуші тексеріліп, оның ҚР аумағынан шығуына ешқандай шектеу болмады. Машинаны шолып тексерген кезде ешқандай күдік тумады. Тыйым салынған жүктерді алып өту туралы нақты жедел ақпарат алған кезде ішкі қаптамаларын ашып қарап, мұқият тексеріледі. Бізде мұндай ақпарат болған жоқ. Тиісінше, мұқият тексеру жүргізілмеді. Сондықтан машинаға шекарадан өтуге рұқсат етілді.

- Иә, жалпы тексеру және мұқият тексеру деген түсініктер бар, - деді Батыс өңірінің әскери прокуроры Жанболат АЕКЕНОВ. – Бізде көлік құралдарына жалпы тексеру жүргізетін және есірткілер мен жарылғыш құрылғыларды анықтауға үйретілген төбеттеріміз бар. Мұқият тексеру екі негіз болған жағдайда жүргізіледі - құпия жерде шекара бұзушы жасырынса немесе тыйым салынған жүк алып өткен жағдайда. Бізде мұндай ақпарат болған жоқ. Осы жүкті Астрахань облысынан ұстаған кезде Дағыстан Республикасының шекаралық басқармасы қатысты. Яғни, бұл азамат, осы жүк көлігінің жүргізушісі олардың жедел өңдеуінде болған. Олар осы канал бойынша қажетті ақпаратқа ие болған... Бүгінгі күні бұл көліктің Атырау облысының аумағына тақтайлармен келгені, жалпы көлемі 16,5 тонна ағаш әкелгені белгілі. Ал кері қарай жүксіз бос кетіп бара жатқан. Қазіргі кезде осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 445-бабы (ҚР Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі қағидасын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тергеу жұмысымен ҰҚК әскери полициясының жетінші бөлімі айналысуда. Қадағалауды Батыс өңірінің әскери прокуратурасы жүзеге асырады.

Батыс өңірінің әскери прокуроры Жанболат АЕКЕНОВ
- Әрине, әлдебір құрылымда сатқындар болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды, - деді Аекенов журналистердің осы фураға жергілікті құқыққорғау органдарының қамқорлық ету мүмкіндігі туралы сұрақтарына жауап бере отырып. – Осы бағытта жұмыстар жүргізілуде, бірақ қазіргі кезде бізде бұл жерде қандай да болмасын өкілетті органдар мүдделі болды деген мәліметтер жоқ.

Әскери прокурордың айтуынша, осы жағдайдан кейін тексеру жүргізетін мамандарға анағұрлым мұқият нұсқама жүргізіледі. Ал таяу уақытта шекара қосынында рентген жабдығы орнатылатын болады.


Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН

29 сәуір 2017, 20:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.