Атырау, 27 желтоқсан 04:36
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Экстремизм мен мектеп формасы туралы

Сурет
5 752 просмотра

17-19 сәуір аралығында облыстық әкімдік жанынан құрылған ақпараттық топ облыс әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ пен облыс прокуроры Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВТЫҢ бастауымен Жылыой ауданына іссапармен шығып келді. Топ (оның құрамында құқыққорғау органдарының, жұмыспен қамту басқармасының және басқа мемлекеттік органдардың өкілдері бар) үш күндік іссапардың басты міндеттерінің бірі -діни экстеремизмнің алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізу болатын.

Құлсарыдағы аудандық білім бөлімі мамандары, ұстаздар және ата-аналардың қатысуымен өткен кездесуде мектеп формасы туралы мәселе қызу талқыланды. Мәселен, жергілікті тұрғын Мұрат МОЛДАҒАЛИЕВ:



- Неліктен сақалдылар мен хиджаб кигендерден қорқады? Оларға еркіндік беру керек. Сіздер барлық жерде сөйлеп жатырсыздар, бірақ бізді тыңдауды қойдыңыздар. Енді біз сөйлейік. Орамал тартқандарға көзқарас басқа. Мәселен, менің қызым жоғары сыныпта оқиды, ол орамал тартады. Қара емес, ақ. Орамалда тұрған ештеңе жоқ, хиджаб кигеннен ешкім зиян көрмейді. Тынштық бәрімізге керек, - деп бір-ақ кесті.

- Неге «біз» деп бөлектеніп отырсыз? Осы жерде отырғанның бәрі мұсылман. Бұл жерде мектеп формасын сақтау жайы талқыланып жатыр. Менің қызым нөлінші сыныпта оқиды. Сыныбында орамал тартқан кішкентай қыздарға жаным ашиды, - деді облыстық дін істер басқармасының «Ақпараттық талдау орталығы» КММ-нің басшысы Айбек АТАШЕВ.


Жанданған дау мектеп формасы тақырыбынан ойысып кетті.

- Олар әке-шешесінен бөлек тамақ ішеді, бірге отырмайды, көршімен араласпайды. Неге қоғамнан бөлінеді? Мектеп заңдылығына бағыну керек. Бұл орайда бар міндетті мұғалімдерге итеріп салуға болмайды, қоғам болып атсалысуымыз қажет. Шындығында қара киім ирандардың киетіні, ақ киім арабтардың киетіні, - деп пікірін ортаға қосты жасы 70-тен асқан ақсақал Төлеу НАУРЫЗБАЙ.


Бұдан кейін сөйлеген облыстық прокуратураның бөлім бастығы Аслан НҰРҒАЛИЕВ қалай болғанда да мектеп формасының сақталуы қажеттігін баса айтты. Жылыойдан басталған түсіндіру жұмысы енді басқа аудандарда да жалғасатын болады.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

19 сәуір 2017, 20:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.