Атырау, 19 сәуір 20:32
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Ашкөздік прокурордың түбіне жетті

5 821 просмотра


Атырау қалалық №2 сотында судья Гүлжиян МҮТИЕВАНЫҢ төрағалық етуімен қалалық прокуратура қызметкері Азамат ҚОҚАМАНОВТЫ ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыптау бойынша қылмыстық процесс өтуде.

ПАЙДАСЫНАН ЗИЯНЫ

17 сәуірде өткен отырыста прокурор Нұржан ӘБІЛОВ айыптау актісін оқып шықты:

- Азамат Кенжетайұлы Қоқаманов 1983 жылы дүниеге келген, Ақтөбе облысы Шалқар ауданының тумасы. 2016 жылғы 5 ақпандағы облыс прокуроры Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВТЫҢ бұйрығымен сот актілерінің заңдылығын қадағалау және мемлекет мүддесіне өкілдік ету бөліміне прокурордың міндетін атқарушы болып тағайындалды. Төмендегі жағдайлар бойынша меншікке қарсы қылмыстық құқықбұзушылықтар жасады.

2015 жылдың 10 қазанында 5-ші шақырымда орналасқан «ҮМІТ АИС» ЖШС-нің асфальтбетон зауытының аумағында қайғылы оқиға орын алып, жүк тиеу кезінде тиегіш көлік жүргізушісін басып қалған еді («Базадағы өлім»). ҚІІБ тиеу үшін жауапты аға механик Қайрат МЕҢДІҒАЛИЕВҚА қатысты ҚР ҚК-нің 156-бабының 3-тармағы («Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғап, өткен жылдың шілдесінде тергеу ісін аяқтап, оны №2 қалалық сотқа қарауға жолдаған. Сотқа қатысу прокурор Г. ҚҰСАҒАЛИЕВҚА тапсырылған.

Шамамен осы уақытта Меңдіғалиевтың туысы Қабдыжан СӘБЕНОВКЕ осы қылмыстық іс туралы белгілі болады. Тамыздың басында Атырау ықшамауданындағы Сәбеновтің үйінде ол жұбайы жағынан Сәбеновтің туысы болып келетін прокурор А.Қоқамановпен әңгіме кезінде Меңдіғалиевқа қатысты қылмыстық іс туралы әңгімелеп, ол үшін жазаны жеңілдету мүмкіндігі жөнінде сұрастырады.

Тергеу болжамы бойынша Қоқаманов сот шешіміне ықпал етуге мүмкіндігі жоқ екенін біле тұрып, Меңдіғалиевтің мүлкіне ие болуды ойластырып, Сәбеновке онымен кездесу ұйымдастыруды ұсынады. 2 тамызда Сәбенов Меңдіғалиевқа қоңырау шалып, прокуратура қызметкерінің өз үйінде отырғанын айтып, тұтқаны береді. Прокурор оған кел дейді.

ПАРА ҮШІН НЕСИЕ АЛДЫ

Қоқаманов кездесуге келген Меңдіғалиевқа оны соттайтындығын, түрмеге отырғызатындығын айтып, иландыра бастайды. Қайрат бостандығы үшін қорқып көмек сұрайды. Қоқаманов Меңдіғалиевтан үш күн ішінде өзіне 2 млн теңге әкеп беруді талап етеді. Олай болмаған жағдайда 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылу мерзімі күтіп тұр деп қоқан-лоққы жасайды. Меңдіғалиев ақша табуға келісіп, олар бір-бірінің ұялы телефон нөмірлерін жазып алады.

4 тамызда Қайрат «Каспий банктен» 490 мың теңге сомасында несие алады. Миллион теңгені бауыры Қасен қосады. 5 тамызда Қоқаманов Меңдіғалиевқа қоңырау шалып, бір жарым миллион теңге жинап қойғанын айтады. Түскі уақытта Қайрат Сәбеновке келіп (тергеу жорамалы бойынша, прокурордың қылмыстық пиғылы туралы оның еш күмәні болмаған), оның қатысуымен сот оң шешім қабылдау үшін Қоқамановқа бір жарым миллион теңгені береді.

Өзінің жазасыз болатындығын сезінген Қоқаманов қалған соманы жақын күндерде жеткізуді талап етеді. 5 тамызда Меңдіғалиев жұмыстағы әріптесі Есенжан БАЙЗАҚОВТАН жарты миллион теңге қарызға алып, оны Қоқамановқа береді.

15 тамызда Қоқаманов Меңдіғалиевқа қоңырау шалып, тағы да Сәбеновтің үйінде кездесу керектігін хабарлайды. Прокурор оған шартты жаза тағайындатуға қол жеткізе алатындығына механикті сендіріп, тағы 2,5 миллион теңге әкелуді талап етеді. Меңдіғалиев оған өзінде басқа ақша жоқ екенін айтады. Сол кезде Қоқаманов оған мүліктерін – алдымен «Лада-Гранта» көлігін сатуды ұсынады.  Көліктің банкте кепілдікте тұрғаны анықталған соң, Память Ильича ауылындағы үйін сатуды ұсынады.

Шарасыз қалған Меңдіғалиев бұл туралы азаматтық зайыбы Әлия КЕНЖЕБЕКОВАҒА әңгімелеп береді. Ол күйеуінің басына келген қиын жағдайдан бейхабар екен. Зайыбы үйді сату ниетінен қайтарады.

Ал базадағы қайғылы оқиға туралы қылмыстық іс бойынша сот барысында сотталушы Меңдіғалиев кінәсін мойындау туралы іс жүргізу келісімін жасап, 1 жылға бас бостандығын шектеу түрінде жаза алады. Алайда Қоқаманов шығарылған сот үкімі туралы белгілі болғандығына қарамастан Меңдіғалиевтан 2,5 млн теңге талап етуді жалғастыра береді. Еңбек демалысында болса да Қоқаманов қоңырау шалып, одан ақша талап етуін жалғастыра береді.

Тергеу ісі 19 қазанда Қоқамановтың еңбек демалысынан келген соң Меңдіғалиевтің үйіне барғанын, Меңдіғалиевқа қатысты үкімге еш қатысы жоқ екендігіне қарамастан моралдық қысым көрсету арқылы одан тағы да 2,5 млн теңге талап еткенін анықтады.

КӨЛІКЖАЙДАҒЫ ДАР АРҚАНЫ

10 қарашада ақша табуға мүмкіндігі болмаған Меңдіғалиев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департаментіне жүгінеді. Ағымдағы жылдың ақпанында Азамат Қоқаманов қамауға алынады.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша Азамат Қоқаманов ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-тармағының 1, 2-тармақшалары («Аса ірі мөлшердегі мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттi лауазымды адамның өзінің қызмет бабын пайдаланумен ұштастырып жасаған алаяқтығы») және 24-бабы 3-тармағы – 190-бабы 3-тармағының 1, 2-тармақшалары («Адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген аса ірі мөлшердегі мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттi лауазымды адамның өзінің қызмет бабын пайдаланумен ұштастырып алаяқтық жасауға оқталуы») бойынша қылмыс жасаған.

Бұдан басқа, Меңдіғалиев Қоқамановқа оған берілген 2 млн теңге мөлшеріндегі зиянды өтеу туралы азаматтық талап арыз берген. Қоқаманов сотта бүкіл айыптауларды жалған деп атап, кінәсін мойындау туралы іс жүргізу келісімін жасаудан бас тартты және Меңдіғалиевтің азаматтық талап арызын да мойындамады.

Сотта зардап шегуші Қайрат Меңдіғалиевтан жауап алу кезінде ол былай деп мәлімдеді:

- Біз Қоқамановпен Сәбеновтің үйінде кездестік. Прокурор формасын киген ол (Қоқаманов) маған: мен сенің қылмыстық ісіңмен таныспын. Егер екі миллион теңге әкелмесең, түрмеге отырғызады, 4 жылға сотталасың, ол жерде Гошаның әйелі боласың деді. Мен қорқып кеттім.

Меңдіғалиев, сондай-ақ, қараша айында өз-өзіне қол салмақ болыпты. Ол жүгінген қаржы полициясы оған Сержан есімді қызметкерді күзет ретінде қойған. Сержан көлікжайдан Қайрат әзірлеген дар арқанын көріп, оны шешіп алыпты.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН

18 сәуір 2017, 15:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.