Атырау, 24 сәуір 18:25
 ашықВ Атырау +13
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

6 мамырда марафон мен концерт өтеді

3 300 просмотра

6 мамырда мұнай астанасында алғашқы «Atyrau Marathon 2017» жеңіл атлетикалық жаппай жүгіру марафоны өтеді. Энтузиастар тобы спорт мерекесін облыстық және қалалық әкімдіктердің қолдауымен жоспарлаған.

Шараны ұйымдастыру комитеті хабарлағандай, жүгіріс 10 және 21 километр қашықтықта өтеді. 6 мамырда желаяқтар сағат 10-да екі нүктеден – халықаралық әуежайдан (10 км-ге) және «Мұнайшы» спорт кешенінен (21 км-ге жартылай марафон) жүгіруді бастайды. Қаланың орталық көшелеріндегі автокөлік қозғалысы шамамен үш сағатқа шектелетін болады.

Бағыттар мынадай. 10 км-де: әуежай – Сәтпаев даңғылы – орталық көпір – сол жақ жағалауға шығу – «Мұнайшы» спорт кешені.

21 км-де: «Мұнайшы» (артқы қақпа) – Шәріпов көшесі – «Шалқыма» дүкенінің жанынан Азаттық даңғылына шығу – орталық көпір – Сәтпаев даңғылы - әуежай - әрі қарай 10 км-лік бірінші маршрут қайталанады.

Жүгіруді жалғастыра алмағандарды арнайы автобус мінгізіп алады. Маршруттарда 4 жедел жәрдем бригадасы кезекшілікте болады. Үш нүктеде су беру ұйымдастырылады: Исатай мен Махамбет алаңында, әуежайда және «Мұнайшы» стадионының мәресінде.

Қорытынды 37 жастан төмен және жоғары жастағы ерлер мен әйелдер арасында жүргізіледі. Жүгіріс аяқталған соң қатысушылар үшін «Мұнайшы» стадионында эстрада жұлдыздары Қайрат Нұртас пен Маржан Арапбаева өнер көрсетеді.

Жүгіруге 16 жастан жоғары, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, тіркеуден өткен және қатысу нөмірін алған барлық ниет білдірушілер қатыса алады. «Инфинити» фитнес-клубында (Құрманғазы көшесі, 12, «Армада» ойын-сауық кешенінің жанында) 3 мамырға дейін (осы күнді қоса санағанда) таңертеңгі сағат 10-нан 22.00-ге дейін тіркеу жүргізіледі. Ал 15, 22 және 29 сәуірде сағат 17-ден 20-ға дейін «Мұнайшы» стадионында болашақ қатысушылар үшін жаттығу сабақтары ұйымдастырылады.

Алдағы уақытта Атырауда 3, 5, 10, 21 км және, тіпті, 42 километр қашықтықта жаппай жүгіруді жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

13 сәуір 2017, 10:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.