Атырау, 27 қараша 21:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

​Әкім кінәсін мойындады

4 972 просмотра

Исатай аудандық соты Исатай ауданының бұрынғы әкімі мен аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысына қатысты ҚР ҚК-нің 367-бабы 2-тармағының («Айтарлықтай мөлшерде пара беру») және 189-бабы 3-тармағының 2-тармақшасы («Өзінің қызмет бабын пайдалана отырып сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салу») бойынша қозғалған қылмыстық істі қайта қарады.  

Сот тергеуі бойынша 2016 жылы қыркүйекте Астана қаласында Атырау облысының ауылшаруашылық өнімдері тауарларының жәрмеңкесі өткендігі анықталды. Сол көрмеде Исатай ауданы атынан ауылшаруашылық бөлімінің басшысы К.Е. өкіл болды. Сол кездегі аудан әкімі Тұрарбек СҰЛТАНБЕКОВ одан жәрмеңкеде 22 сазанды іздеп тауып, әкімнің астаналық туысқанына апарып беруді өтінді. К.Е. балықты сол көрмеге өнімін апарған «Амангелді» өндірістік кооперативінен 50 мың теңгеге қарызға алды. Атырауға оралған соң ол Сұлтанбековке балықшыларға ақшасын беру керектігін есіне салады. Ал ол қарызын өз қалтасынан төлегісі келмей, ақшаны берудің басқаша жолын тапты: К.Е.-ге 83 мың теңге көлемінде сыйақы жазып, оның 50 мың теңгесін «Амангелді» кооперативіне  беруді, ал қалған ақшаға семіз қой алып, әкімнің танысына беруді тапсырған. К.Е. тапсырманы айтылғандай етіп орындайды.

Сотта қаралған екінші бір эпизод бұл мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты. Бағдарламаның шарттары бойынша ауданда жұмыс істеуге ниетті жас мамандарға жергілікті билік  тұрғын үй беруге тиісті. 

Сондай бір маман Исатай ауданына жұмыс істеуге келеді, оны бір үйге орналастырады, ал қожайынға жалға алу ақысы бюджет есебінен төленеді.  Ал сол қожайын аудан әкімінің туысқаны болып шығады. Бұл факті Атырау облысы бойынша ҚР қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ауданда жүргізген тексеруі барысында анықталады. Ведомство қызметкері анықталған заң бұзушылықты қорытынды анықтамаға енгіземін деп қорқытып Астанаға аттанып кетеді.

Мұның жарияланып кетуінен қорыққан Сұлтанбеков Исатай аудандық экономика  және қаржы бөлімінің басшысы Райхан ҚАДЫРЖАНОВАНЫ аудиторға 150 мың теңге көлемінде пара беруді тапсырып, Астанаға тексерушінің артынан іле-шала аттандырады. 

Ал параны бөлім басшысы өз қалтасынан беретін болады, ал ол соманы әкім кейін тағы да сыйақы беру арқылы өтеуге уәде етеді. Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Т.Сұлтанбеков өз кінәсін мойындағаны туралы мәмілеге келу бойынша процессуалды келісімге келді және қылмыстық жолмен алынған мүлкінің тәркіленуімен бірге 4 560 150 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге және өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды қызметпен айналысуға тыйым салынған жаза белгіленді.

Р.Қадыржанова да кінәлі деп танылып, оған 4 500 000 теңге көлемінде айыппұл тағылды. Алайда, рақымшылық актісінің қолданылуына байланысты жазадан босатылды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

9 наурыз 2017, 18:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.