Атырау, 8 мамыр 09:03
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +14
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

«Береген қолым алаған»-2

3 185 просмотра

Сот «Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі» ММ-нің қалалық әкімдіктен материалдық көмек алып, бірақ өткен жылдың аяғына дейін жаңа үй салып үлгермеген Атырау тұрғынынан 2 млн теңгені өндіріп алу туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты.

Біз бұл оқиға туралы жазған болатынбыз. Өткен жылы үйі нөсер жауын мен еріген қар суынан қатты зардап шеккен қала тұрғыны өз өкілімен бірге, тіпті, облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ қабылдауында болған. Ол жерде қалалық әлеуметтік қамту бөлімінің өкілдері мен осы мәселеге жауап беретін қала әкімінің орынбасары қатысты. Сот ісінің шешіміне осы ықпал етті ме, әлде жауапкердің үй салуға өз күші мен уақыттың жетпегені туралы уәждері ықпал етті ме, белгісіз, бірақ одан 2 млн теңгені кері алмайтын болды. Рас, 1 млн 181 мың 500 теңге көлеміндегі қалған соманы ол тұрғын да алмайтын болды. Дегенмен, бәрін ретімен баяндайық.

15 ақпанда қала әкімінің есебінде мен Серік ШАПКЕНОВТЕН неліктен материалдық көмек алушыларға барлық сома бірден бөлінбегенін сұрадым. Және соның салдарынан кейбір қала тұрғындарының көмекті толық көлемде ала алмағандығын айттым. Сәл кейінірек әкімдіктен толық жауап келді.

Табиғи сипаттағы төтенше жағдай зардаптарын жою туралы мәлім етілген науқан аясында арнайы комиссия құрылды. Оның міндетіне басқа мәселелермен қатар, 2016 жылдың наурыз-мамыр айларында табиғи жауын-шашындардан зардап шеккендерге әлеуметтік көмектің көлемін белгілеу жүктелді. Төтенше жағдай кезінде комиссияға зардап шегушілерден 1 299 шағым түсті. Үй салуға 150 АЕК көлеміндегі материалдық көмекті 515 отбасы алды. Жалпы төлем сомасы 1 млрд 613 млн 131 мың теңгені құрады. Осындай мүмкіндік алған кейбір қала тұрғындары жаңа үйлерін өздері сала бастады. Өздері бастаған тұрғын үй құрылысын аяқтау үшін 92 отбасы әртүрлі көлемде материалдық көмек алды. Төлем сомасы - 103 млн 740 мың теңгені құрады.

Үй салғылары келмеген 58 отбасы көпқабатты үйлердегі абаттандырылған пәтерлерге көшуге ниет білдірді. Оларға Нұрсаядан баспаналар ұсынылды. Ал олардың үйлері орналасқан жер телімдері мемлекеттік қорға берілді.

Бұл телімдер жеке тұрғын үй салу үшін ешкімге берілмейді. Олар мемлекеттік қорда болады және қажет болған жағдайда пайдаланылады. Әдетте, бұлар шағын жер телімдері – мәселен, оған балабақша салынбайды. Тек балалар алаңы болмаса. Бұдан басқа, оларды аукцион арқылы бизнес-қауымдастыққа сату мүмкіндігі қарастырылған, - деп жауап берді қала әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИ.

Бұдан басқа, үйлері тұруға жарамсыз болып қалған, бірақ азғана жөндеуді қажет ететін, су басқан кезде тұрмыстық техникалары бүлініп, тағы басқалай зардап шеккен аз қамтылған отбасыларға ақша төленді. 56 млн 386 мың теңге көлеміндегі көмекті аз қамтылған 203 отбасы алды. Аз қамтылған санатқа жатпайтын, бірақ төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасылар да көмек сұрады. 119 арыз беруші 65 млн 492 мың теңге алды. 312 арыз қабыл алынбады.

М. Қалауидың айтуынша, барлық қажетті құжаттарды жинауға, арнайы комиссия отырыстарында істерді қарауға және төлемдер жүргізуге белгілі бір уақыт жұмсалған. Табиғи құбылыс секілді, бұл төтенше жағдайды алдын ала болжау мүмкін емес еді. Барлық зардап шегушіге өтемақы төлеуге бюджетте ақша болмады. Сондықтан зардап шегуші тұрғындар өз баспаналарының құрылысын бастап, содан соң біртіндеп сала беруі үшін және жөндеу жүргізулері үшін  комиссия көмекті белгілі бір бөліктермен төлеуге шешім қабылдады. Ақша төлеуші, бағдарламаның операторы - қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі болды.  

Жұмыстардың негізгі бөлігі жазда жүргізілді. Ал қазанда және кейін желтоқсанда қалалық мәслихат сессияларында қосымша қаржыларды бөлу туралы шешім мақұлданды.

Қаржылардың бөлінуін тиісті органдар бақылап, прокуратура тексерді. Нәтижесінде тағайындалған үш миллион теңгенің бір миллион теңгесін тек сегіз адам ала алмады. Бұлар құрылыс жұмыстарын кеш бастағандар және бұрын бөлінген қаржылар бойынша есеп бере алмағандар. Қазіргі уақытта төтенше жағдай режимі жойылды, бағдарлама жабылды және оған енді ақша бөлінбейді, - деп сөзін қорытындылады Мейірім Қалауи.

Рас, ешбір келісімшартта бұл тармақ бекітілмесе де, неліктен көмек алушылар белгілі бір мерзімге үлгеруге және материалдық көмекті қайда жұмсағандары туралы есеп беруі тиіс болды деген сұрақтар басы ашық күйде қалды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

21 ақпан 2017, 11:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.