«Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу» ММ қалалық әкімдіктен материалдық көмек алған, бірақ өткен жылдың аяғына дейін жаңа үй салып үлгермеген бірнеше қала тұрғынын сотқа берді.
МАТЕРИАЛДЫҚ КӨМЕК «БІРЕУДІҢ АҚШАСЫНА» АЙНАЛДЫ
Естеріңізге салсақ, қалалық мәслихат үйлері қатты нөсер жауыннан және еріген қар суынан зардап шеккен Атырау тұрғындарына материалдық көмек бөлу туралы шешім қабылдады. Осындай зардап шегушілердің бірі Зарина есімді қала тұрғыны. Әңгіме мемлекеттен үй салу үшін бөлінген 2 млн теңге туралы болып отыр. Қалған 1 млн 181 мың теңгені (билік материалдық көмек ретінде 1 500 АЕК, яғни, 3 181 500 теңге көлемінде ақшалай қаржы тағайындаған) әйел алмаған және олардың қайда кеткенінен хабары да жоқ.
Оның адвокаты Татьяна МОХНАЧЁВАНЫҢ пікірінше, талап-арыз негізсіз берілген және іс жүзіндегі жағдайға сәйкес келмейді.
Біріншіден, қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 2 млн теңге көлеміндегі ақшалай соманы өндіріп алуды талап етіп отыр. Алайда, алушы оны мемлекеттен әлдебір шартпен айырбастап немесе міндеттеме алып қарызға алған жоқ. Ол қалалық мәслихаттың 03.02.2014 жылғы №174 шешімінің негізінде материалдық көмек алды. Оған ешкім де қаржының «Қазпошта» АҚ-дағы есепшотына түскендігін хабарламаған. Ол бұл туралы 2016 жылдың 7 қыркүйегінде кездейсоқ біліп, ақшасын сол күні алған. Бұған сақтандыру кітапшасындағы жазба дәлел болады. Қыркүйек-қазан айларында бұл ақшаға ол жер телімінің аумағын қоқыстан тазартып, 65 КамАЗ құм әкеліп түсірген. Өйткені, су баспас үшін үйді биік жерге салу керек. Бұған 1 млн теңгедей кетеді. Тұрғын үйдің іргетасын құймас бұрын жердің отырғанын күту керектігі белгілі. Бұл уақыт алды, одан соң қыс түсті. Ал кейінірек құрылыс материалдарын әкелуге қатысты проблемалар туындады. Өйткені, Заринаның учаскесі көлік жолы мен жаяужол плитасы төселген жаяу жүргінші жолының қасында орналасқан, үйдің алдында электр бағанасы тұр. Сондықтан, құрылыс материалдарын ол тек артқы аула арқылы ғана кіргізе алады. Бұрын бұл жерде өту үшін ашық алаң болатын, бірақ осы жердің қожайыны аяқ астынан жиһаз дүкенін салуды ұйғарып, өтетін жерді жауып тастаған.
- ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 72-бабына сәйкес, әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс. Ал талап-арызда қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің талабы неге негізделгені көрсетілмеген. Талап-арыз беруші мен жауапкер арасында тараптардың міндеттемелері, атап айтқанда, талап-арыз берушінің ақша бөлу міндеттемесі, ал жауапкердің белгілі бір мерзімде үй салу міндеттемесі көрсетілген келісімшартқа негізделген азаматтық-құқықтық қатынас жоқ. Сондықтан менің қорғалушымнан материалдық көмекті неліктен бюджетке қайтаруды талап етіп отырғаны түсініксіз, - дейді Т.Мохначева. – Бұдан басқа, үйді салу үшін өкілетті органдардан рұқсат керектігін, сызба жобасын құру керектігі және оны мақұлдату керектігін ескеру қажет. Бұған да уақыт кетеді.
Қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ҚР Азаматтық кодексінің 353-бабының 1-тармағына сілтейді: «Ақша мiндеттемесiн орындамау салдарынан бiреудiң ақшасын заңсыз пайдаланғаны не оларды төлеу мерзiмiн өткiзiп жiбергенi, не оларды негiзсiз алғаны немесе басқа адамның есебiне сақтағаны үшiн тұрақсыздық айыпақы төленуге тиiс». Бұл сілтеме заңгердің наразылығын тудырды. Талап-арыз берушінің өзі ақшаның жауапкерге мәслихаттың аталмыш шешімінің, оның арызының және әлеуметтік-тұрмыстық тексеру комиссиясының шешімі негізінде бөлінгенін растайды. Демек, мақсат бойынша бөлінген. Ендеше, «біреудің ақшасы» деген сөзді қалай түсінуге болады? Өйткені, талап-арызда бұл жауапкерге көрсетілген «материалдық көмек» деп жазылған ғой.
Үшіншіден, қала әкімінің орынбасары Г.Шәкірованың 07.10.2016 жылғы хабарламасына сәйкес, әйелге 3 181 500 теңге бөлінді деп көрсетілген. Ал әйелге 2 000 000 теңге жіберілген. Қалған 1 181 500 теңге қайда?
Тағы бір жайт, әйел өзінің бүкіл проблемасы қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұсынған мердігермен жұмыс жасаудан бас тартқаннан кейін басталғанын растап отыр.
ҚАЛАҒАНДАЙ ҮЙ БОЛМАДЫ
Дегенмен, тіпті, қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұсынған мердігерді жалдап қана қоймай, оған материалдық көмек сомасын алу құқығын беруге келісім беру де, сайып келгенде, адамның сапалы үй алатындығына кепілдік болмайды.
Владислав ПАСТУХОВТЫҢ хикаясына келейік. 63 жастағы мүгедек (ол нашар көреді, балдақпен жүреді) көп жылдан бері Жарбосынов, 33 мекенжайындағы ескі үйде көптен бері тұрады. Бұл жердегі аудан жақсы, уақыт өте келе Владиславтың үйінің айналасында жерді биіктетіп салынған үйлер көбейді. Айналғанда қарияның үйі аласа жерде қалды. Енді учаскедегі бүкіл су оның ауласына құйылады. Нөсер жауын мен қар еріген кезде Пастуховтың баспанасы тізеге дейін суға толады. Жалғызбасты қарияның көмектесетін ешкімі жоқ. Ұзақ ойланғаннан кейін әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұсынысымен келісіп, үй салуға қатысты бүкіл бастаманы кәсіпкер Венера ҒАЗИЗОВАҒА беруге келіседі. Құрылысшылар қазанның басында жұмысқа кірісіп, қарашаның ортасында аяқтайды. Алайда, Пастухов ол үйге қоныстана алмады. Ішінде едені, төбесі, газ плитасы, ваннасы, сантехникасы жоқ, қабырғалар сыланбаған.
- Әлеуметтік бөлім қазіргі үйіме қарағанда шағындау, коммуникациялары бар, таза әрленген үй салуды ұсынды. Мен келістім. Маған құрылыс бригадасының басшысы Венера Ғазизова келді. Бәрін жасауға, егер ақша қалса, учаскедегі топырақты көтеруге уәде берді. Алдымен әңгіме 5 те 13 метрлік үй туралы болды, содан кейін жобаны 5 те 10-ға қысқартты. Содан кейін ваннаны өзің сатып аласың, еденді өзің жасап бітіресің, су мен газды өткізуге өкілеттік жоқ деді, - дейді В.Пастухов. – Ал үйді қалай тұрғызғаны бөлек әңгіме. Цементті топырақпен араластырып, қабырғаны жарты кірпіштен қалады. Терезе өте жұқа, жер-жерден гулеп тұр. Венера мені келісімшарт жасаудан бас тартуға көндіріп, әйтпесе ол үшін нотариусқа 25 мың теңге төлеуге тура келетінімді айтты. Оның орнына оған менің ақшамды түсіріп алуға рұқсат беретінім туралы кепілдік хат жазуды ұсынды. Мәслихаттағыдар жылжымайтын мүлікті кемітуге болмайтынын, ескі үйден 5 те 17 метрден кішкентай болмайтын алаң болуы тиіс екенін айтты. Ал маған шап-шағын 5 те 10 метр үй салып берді. Олар бүкіл қарияларға осылай, сусыз, жарықсыз салып береді. Мен мәслихатқа жолдаған өзімнің шағымымда бәрін егжей-тегжей суреттедім. Шағым қалалық прокуратураға жолданды. Ол жердегілер үй салушының әрекетінде күмәнді ештеңе жоқ, қаласаңыз сотқа жүгініңіз деп жауап берді.
«КӨКТЕМДЕ САЛЫП БІТІРЕМІЗ»
Біз Венера Ғазизовамен сөйлестік. Оның айтуынша, суға кеткен үйлерді қолдау бағдарламасының аясында оның бригадасы 83 үй салған. Олардың кейбірі әлі салынуда. Алғашқы нұсқадағы үй көлемі 8 де 10 метр, таза күйде 5 те 10 метр. «Алғашқы» нұсқаға едендерді тегістеп құйып, сылақ жүргізу кіреді. «Таза» нұсқаға – ақтау, коммуникациялар жүргізу, жуынатын бөлмеге сантехника және асүйге плита орнату кіреді. Осы екі нұсқа жергілікті билік бөлген сомаға байланысты таңдалды.
- Кей жағдайларда үй салу күздің аяғында басталды. Сондықтан оларды көктемде пайдалануға береміз. Пастуховтың үйін де біз өте кеш бастадық. Оның өзі ұзақ уақыт бойына келісім бермеді, содан кейін құрылыс салатын жер телімін де тазарту керек болды. Сіздің көргеніңіз біздің жұмысымыздың 60 пайызы ғана. Қалғандарын үйді құрғатқан соң ғана жасаймыз. Оның ешқашан газы мен суы болмаған. Оған газ жүргіздік, бірақ «Қазтрансгазаймақ» қызметкерлері оның үйін кезінде көршілері өз қаржысына жүргізген тұрбаға қосып қойды. Сондықтан енді олар газды пайдалануына рұқсат бермей отыр. Газ берушілердің осы қателігіне біздің еш қатысымыз жоқ. Бірақ, қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің деңгейінде бұл мәселені шешуге тырысамыз.
- Сіздің клиентіңіз бригада өз қызметі үшін бір миллионнан астам теңге алады деді және құрылыс материалдарының сапасына шағымданып отыр.
- Жоқ, 3-4 адамнан тұратын бригада өз қызметі үшін 600 мың теңге алады. Қалған ақшалар құрылыс материалдарына, сантехникаға, коммуникация жүргізуге кетеді.
ӘКІМДІККЕ СҰРАҚТАР
Биліктің ресми баяндамаларында зардап шегушілердің жалпы сомасы 65 млн теңге материалдық көмек алғаны әлденеше рет айтылып жүр. Бірақ, оны төлеу механизмі еш жерде айтылмады. Осыған байланысты біз қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөліміне бірнеше сауал жолдадық. Мәселен, қалалық әкімдік зардап шегушілерге материалдық көмек ретінде 1 500 АЕК, яғни, 3 181 500 теңге көлемінде ақшалай қаржы тағайындады. Іс жүзінде олар 2 миллион теңгеден алды. Материалдық көмек алушылар: қалалық әлеуметтік бағдарлама бөліміндегілер ақшаның қалған бөлігін үй тұрғызылғаннан кейін ғана ала алатындарын айтып түсіндіргенін айтады. Солай ма еді? Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі мен В.Ғазизова арасында қандай келісімшарттық қатынас бар? Қандай заңнама актілерінің негізінде бөлім 2016 жылы 2 млн теңге алған, бірақ түрлі себептер бойынша қысқа уақыт ішінде үй салып үлгермеген Атырау тұрғындарының үстінен талап-арыз беріп отыр?
«БАҚ туралы» ҚР Заңының 2, 18 және 20-баптарына сәйкес жауаптар 3 күн ішінде берілуі тиіс.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН