Атырау, 25 сәуір 12:24
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Өзі өлсе де, өзгенің өмірін сақтап қалады

3 663 просмотра

Бүгінде 3,5 мыңдай қазақстандық өз өмірлерін аман алып қалатын донор ағзаларын күту кезегінде тұр. Кейбіреулер жылдап күтеді, біреулер оған жетпей көз жұмады...

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда өзі көз жұмған жағдайда ағзасын ауыстырып салуға көзі тірісінде келісім беру мүмкіндігін қарастыратын норма қолданысқа енгізілді. 

Атырау облыстық ауруханасының нейрохирург дәрігері Еркін ЕРБӨЛЕКОВ Астанадағы Ұлттық ғылыми медицина орталығы жанындағы Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының жұмыс тобына кірді. Ол «АЖ»-ға біздің медицинадағы осы жаңа өзгешеліктер туралы әңгімеледі.

АСТАНА, АЛМАТЫ, ШЫМКЕНТ, АҚТӨБЕ

- Қазір Қазақстанда трансплантология қай деңгейде? Біздің емханалар қандай операциялар жасауда?

- Бүгінде Қазақстанда Астанадағы Ұлттық кардиохирургия орталығы мен Онкология және трансплантология ғылыми орталығы, Алматыдағы Сызғанов атындағы ғылыми хирургия орталығы мен қалалық №7 емханалық аурухана, Шымкенттегі қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы мен Ақтөбедегі облыстық аурухана медицина мекемелері ағзаларды ауыстырып салу оталарын жасайды. Біздің дәрігерлер бүгінде жүректі, бүйректі, бауырды, асқазанасты безін, сүйек кемігін ойдағыдай ауыстырып салады. Бұрын пациенттерді шетелдерге жіберуге тура келетін. Жыл сайын мұндай операциялар саны өсуде. Тек соңғы төрт жылда елімізде ағза ауыстыру бойынша 1 мыңнан астам операция жасалды. 
Ал ағзаларды ауыстыру бойынша алғашқы операцияларды Қазақстанда 1979 жылы жасай бастады. Сол кезде Клиникалық және эксперименттік хирургия институтында қайтыс болған адамдардың ағзаларынан алынған бүйректі ауыстырып салу операцияларын жасады. Айта кету керек, сол кезде донордан оның жүрегі тоқтап, тыныс алуы біткен кезде ғана ағзаларды ауыстыруға рұқсат берілді. Бүгінгі жағдай басқаша. Егер қайтыс болған адамның донорлығы туралы айтар болсақ, онда биологиялық өлімі, сондай-ақ, басқа ағзалары тірі болып, мидың қайтарымыз тоқтап өлгені белгілі болған жағдайда донордан ағза алуға рұқсат етіледі. 

ОЙЛАНУҒА АЛТЫ САҒАТ

Қазіргі кезде Қазақстанда тірі донордан ағза ауыстырып салу операцияларына рұқсат берілген. Бұл жерде туыстары да донор бола алады. Бұл негізінен бүйрек пен бауыр ауыстыру операцияларына қатысты. Мұндай жағдайда донор ағзасының бітісіп кетуі де жоғары болады. Егер донор мен реципиент бір-біріне туыс болмаса, донордың коммерциялық мүддесін толықтай жою керек. Өйткені, Қазақстанда коммерциялық тұрғыда донор болуға тыйым салынған. Сонымен қатар, қайтыс болған адамның донор болуына рұқсат берілген. Бүгінгі күнге дейін дәрігерлерге донорлық мақсатта қайтыс болған пациенттің ағзасын пайдалануға келісім алу қажет. 

- Бұл қалай жасалады?

- Айталық, дәрігерлер пациенттің мидың қайтарымсыз тоқтап өлгенін белгіледі. Ағзаның өмірі тек аппараттардан қуат алады. Шамалы уақыттан соң пациенттің қайтыс болатындығы анық. Сол кезде пациенттің туыстары шақырылады да мүдделі тұлға олармен ағзаны ауыстырып салу туралы әңгімелеседі. Оларда ойлануға 6 сағат уақыт бар. Осы уақыт аралығында олар жазбаша түрде емдеу мекемесіне келісім бергендерін немесе бас тартқандарын жазбаша түрде ұсынуы тиіс. 
Көптеген елдерде келісім презумпциясы қолданылып жүр. Егер ойлануға берілген уақыт өткеннен кейін пациенттің туыстары келісім де, бас тарту да ұсынбаса, дәрігерлер пациент қайтыс болғаннан кейін оның ағзаларын донорлық мақсатта пайдалануға құқылы. Бізде мұндай тәжірибе жоқ. Қайтыс болған пациенттің ағзалары әрі қарай ауыстырып салу үшін оның туыстарының рұқсатымен ғана алынады. 

- Атырау облысында азаматтардың донорлық үшін қайтыс болған туысының ағзаларын пайдалануға келісім берген жағдайлары болды ма?

- Әзірге болған жоқ. Бірақ, бірнеше рет кездескен басқа жайттар болды: адамдар тірі кезде донор болғысы келетін, бауырын немесе бүйрегін тегін беру ниетімен келді. Мәселен, бір қыз келіп, донорлық ағзаларға мұқтаж жандардың азабы туралы хабарды көргеннен кейін әсерленгені сондай, өзінің кез келген ағзасын беруге әзір екенін айтты. Біз бас тартып, әңгіме жүргіздік. Бұл ізгі әрекет, алайда, эмоцияның әсерімен маңызды шешім қабылдамаған жөн.

Жалпы, біздің адамдардың, егер жағымсыз көзқараста болмаса, донорлық мақсатта қайтыс болған туысының ағзасын пайдалану мәселесіне түсіністікпен қарайтынын атап өткім келеді. Мәселен, Қазақстанның солтүстігінде бұған анағұрлым оң көзқараспен қарайды және осындай мәселе туындаған жағдайда келісім береді.

Атырау облыстық ауруханасының нейрохирургі Еркін ЕРБӨЛЕКОВ
«БҰЛ БЛАНКІДЕН ҚОРҚУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

- Тірі кезінде ерікті түрде тіндері мен ағзасын қайтыс болғаннан кейін ауыстырып салуға рұқсат беру ережесі қалай жұмыс істейді?

- Бұл ереже азаматқа тірі кезінде өз ағзаларын донорлық мақсатта қайтыс болғаннан кейін пайдалануға келісім беру құқығын ұсынады. Медициналық мекемеге жүгінгеннен кейін оған бланк-өтінішті толтыру ұсынылады. Оған келісім беру немесе бермеу – әр адамның жеке шаруасы. Адамның өзі бәрін өлшеп, шешім қабылдауы тиіс. Ең бастысы, адамдар хабардар болып, емханаға жүгінген жағдайда осындай ұсыныс алған кезде шошынбауы керек.

Егер адам қайтыс болғаннан кейін басқаларды құтқару үшін өз ағзаларын беруге ниет білдірсе, дәрігерлер амбулаториялық картаның, сырқат тарихының мәліметтеріне сүйеніп, оның денсаулығына баға береді. Егер денсаулығы мүмкіндік берсе, оған ықтимал донор болып табылады деген арнайы анықтама беріледі. Ағза донорлығына қарсы көрсетілімдер - ВИЧ/СПИД, туберкулез, онкологиялық сырқаттар, бірқатар вирустық сырқаттар және т.б.

Ықтимал донор туралы мәліметтер арнайы тізілімге енгізіледі. Қазір ақпарат жылыстамайтын осы дерекқорды қорғау механизмі жасақталуда. 

- Ықтимал донорға әлдебір арнайы анализдер тапсырып, тексеруден өту керек пе?

-  Жоқ, керек емес. Бұл мәселе тек ықтимал донор өзекті деген мәртебеге ие болған кезде қойылады. Егер қарапайым тілмен айтсақ, тәртібі мынадай: айталық, біздің аурухананың жансақтау бөлімінде миы өлді деген диагноз қойылған пациент бар. Мамандар оның ықтимал донорлар дерекқорында бар-жоғын тексереді. Егер бар болса, оған өзекті донор мәртебесі беріледі. Бірқатар тексерулер жүргізіліп, ағза ауыстырылып салынатын адаммен сәйкестігі тексеріледі. Егер қарсы көрсетілімдер болмаса, ағза ауыстыруға әзірлік басталады. Бұл өте күрделі процесс. Өзекті донор ағзасы трансплантологтар бригадасы келгенше тіршілікпен қамтамасыз ететін аппараттың көмегімен өмір сүреді. Сол уақытта реципиенті де операцияға дайындайды. 

МИНУТТАР ШЕШЕТІН СӘТ

- Бүгінде Атырауда ағзаларды ауыстыру операциялары жасалып жүр. Өңір тұрғындары қайтыс болған жағдайда донор болу үшін өз ағзаларын беру құқығын пайдалана ала ма?

- Иә. Атырау облыстық ауруханасы қайтыс болғаннан кейін трансплантациялау мақсатында ағзаны алуға болатын медициналық мекемелердің тізіміне кіреді. Егер Атырауда өзекті донор пайда болса, онда арнайы әуе рейсімен барлық қажетті жабдықтарын алып, трансплантологтар бригадасы келеді. Мұндай сәттерде әрбір минут қымбат (мәселен, донор бүйрегінің  өміршеңдігі 24 сағатты құрайды, алайда, 12 сағат ішінде ауыстырып салған жөн), жол-патрульдік қызметтің қызметкерлері донор болатын ауруханаға дейін жолдың ашық болуын қамтамасыз етеді. Ағзаны алғаннан кейін бригада операция жасауға әзірленіп отырған медицина мекемесіне шұғыл аттанады. Бұл механизмдердің барлығы қазір талқылануда. осы жүйенің қашан іске қосылатынын айту қиын. Бірақ, биылғы жылдың мамырына қарай деп ойлаймын. Осы уақыт ішінде адамдардың қажетті ақпаратпен танысуға және таразыға салып, саналы түрде шешім қабылдауға мүмкіндігі бар.

Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор


16 ақпан 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.