Индер аудандық соты кәмелеттік жасқа толмаған қызды жыныстық қатынасқа итермелегені үшін 31 жастағы жігітке үкім шығарды.
Сот материалынан мәлім болғандай, жігіт қызбен телефон арқылы танысқан. Ол қыздың жасы небары 15-те екенін біле тұра онымен кездесіп жүрген. Кейін қыз жүкті болып қалады. Дәрігерлерге қаралып жүрген қыздың жасы белгілі болған кезде полиция қылмыстық іс қозғайды.
- Сотта жәбірленуші тараптан түскен қылмыстық істі қысқарту туралы өтініш қанағаттандырылмады. Өйткені, ол ҚР ҚК-нің 68-бабы («Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату») бойынша кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыс жасағандар татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды, - дейді Индер ауданы прокуратурасының аға прокуроры Баубек ӘДІЛҒАЛИЕВ. - Сотталушыны ҚР ҚК-нің 122 бабы («Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау») бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА