Балаға қаңғыбас иттер шабуыл жасағаннан кейін екі күн ішінде Еркінқалада 154 ит жойылды, бұл қала маңындағы бір поселкеде ғана.
Бұл – тапа тал түсте халық тығыз орналасқан елді мекенде 7 жастағы баланы қаңғыбас иттер талап тастаған жантүршігерлік жағдайға жергілікті биліктің реакциясы еді.
Ол жұма күні орын алды – сенбі күні шұғыл ит ату жұмыстары басталды. Менің мессенджерім рухани дені сау адамның өзін есеңгірететін қанды бейне және фотокадрларға толы еді.
Иттерді күндіз көптеген куәгерлердің көзінше атты. Whatsapp-та таралған жазбаларды көргендер тек қаңғыбас қана емес, асыранды иттердің де оққа ұшқанын растайды. Бейнежазбада қарғыбау тағылған асыл тұқымды иттердің де өлекселері бар.
Бұл осы жағдайға дейін айбынды аңшылар мен оларды жалдағандар қайда болған деген бірнеше маңызды сұрақтарды туындатады. Неліктен иесіз иттердің санын тиісті қызметтер реттемейді? Біз Атырауда иттердің қаптап кеткені туралы әлденеше рет жазған едік. Бұл туралы соңғы жарияланым қазан айында жарияланды. Бірақ реакция болмады, үрейленген тұрғындар мұнымен айналысуға міндетті адамдарға емес, бізге қоңырау соғуды жалғастыра берді.
Статистика бойынша облыс орталығында күн сайын иттердің тек балаларға шабуылдаған 1-2 жағдайы тіркеледі. Өткен жылы бір жарым мың зардап шегушілердің 90 пайызы – қаңғыбас иттердің құрбаны. Қалалық бюджеттен қаңғыбас жануарларды атуға өткен жылы 27,6 млн теңге (бас бойынша есеп жүргізіледі – бір бас бойынша 1 200 теңге) бөлінді, 9 382 ит ауланып, жойылды деп хабарланады.
2017 жылы шамамен осындай сома бекітілген.
Ештен кеш жақсы дегендей, орын алған оқиғадан кейін өткізілген шара аясында қалалық билік әр асыранды иттің ектіріліп, ветеринарлық емханаға тіркелуге тиіс екенін еске салады. Олай болмаған жағдайда, қожайынға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша («Иттер мен мысықтарды асырау қағидаларын бұзу») 3 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл қаупі төнеді. 2016 жылы осы бап бойынша жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері 311 хаттама жасақтады – 282 қожайын ескерту алып, 29-ына жалпы сомасы 374 356 теңгеге айыппұл салынды деп хабарланады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА