Жақында Baizaar сауда орталығындағы ондаған банкоматтардың бірі «АЖ» қызметкеріне қарапайым жарыққа көрінбейтін «Пара» деген жазуы бар 2 мың теңгелік купюра шығарып берді. Бұл кассамен есеп-айырысу кезінде сөре қызметкері өз аппаратынан банкноттарға жарық түсірген кезде анықталды. Қызметкер жымиып: «Ештеңе етпейді, мен бұл купюраны қабылдаймын» деді.
Алайда біздің қызметкерге де қызық еді, азық-түліктер үшін ұсақ купюралармен есептесіп, «параны» редакцияға алып келді.
– Мен дүкенге шығар алдында әмиянымда қанша ақша қалғанын есептеген едім. Сондықтан ол жерде 5 мың теңге қызыл купюра мен бір мың теңгеден бес мың теңге, барлығы 10 мың теңге болғанын нақты білемін. Көп зат сатып аламын деп ойламадым, бірнеше мыңды жойып келермін дедім. Бірақ кассада ұсақ сома үшін адамдарды кезекте күттіріп қойып, карточкамен есептеспеу үшін банкоматтан азғана ақша түсіріп алуды ұйғардым, басқаларды ойлап жүретін адаммын ғой (күлді). Банкомат бірден ақша беру лимиті 10 мың екенін көрсетті, содан соң қандай – ірі, ұсақ немесе біркелкі купюрамен алғым келетіні туралы сұрақ шықты. Соңғысын басқан соң, 2 мың теңгеден үш жасыл қағаз бен бір мың теңгеден төрт жаңа ақша түсті. Бұған дейін менің әмиянымда не жатқанын білгендіктен, қателесуім мүмкін емес еді. Екі мыңдық «параны» маған банкомат берді. Оның үстіне, бірден телефоныма қолма-қол ақша түсіргенім туралы хабарлама келді, - деп әңгімеледі әріптесіміз.
Ол аппараты осылайша «әзілдеген» банктің атын атамауды өтінді. Біз түсініктеме алу үшін Ұлттық банктің филиалына жүгіндік.
«Қазақстанның Ұлттық банкі» РМК Атырау филиалының қолма-қол ақшамен және кассалық операциялармен жұмыс жөніндегі экономикалық бөлімінің бас маманы Әйгерім БИСЕНҒАЛИЕВАмұндай банкноттардың ақша айналымында болуға тиіс еместігін бірден атап өтті.
– Ұлттық банк басқармасының қаулысымен бекітілген №477 Ұлттық валюта банкноттары мен монеталарының төлемділігін айқындау қағидалары бар. Ультракүлгін жарық түсірген кезде көрінетін бөгде жазбалары бар банкноттар тозығы жеткен банкноттар деп танылады және айналымнан алынып тастауға тиесілі, - деді ол.
«АЖ» қызметкеріне берілген купюраның бұдан бұрын пара алуды құрықтау үшін операция өткізу кезінде құқыққорғау органдарының пайдаланғаны анық. Пара алушыға осындай операция барысында белгіленген купюралардың берілетіні белгілі. Мұндай купюра айналымға қалай түскен? Міне, сұрақ! Бұл құқыққорғау органдары қызметкерлерінің қателігі. Олар белгіленген купюраларды Ұлттық банкке тапсыруға тиіс еді.
Бұл банкнот банкоматтан алынғандықтан купюраларды кассетаға өткізген екінші деңгейлі банк қызметкерлерінің қателігі туралы да айтуға болады. Жоғарыда аталған ережелерде көрсетілгендей, бүлінген банкноттар екінші деңгейлі банктерден алынып, Ұлттық банктерге берілуі тиіс. Демек, екінші деңгейлі банктің кассирі бұл банкотты өткізіп жіберген. Сол күні банкоматтан осындай банкнот алынған банкке жүгінген жөн еді. Банк бұл арыз бойынша қызметтік тергеу жүргізіп, белгіленген банкоттың айналымға қалай жіберілгенін анықтауға міндетті.
Жалпы, екінші деңгейлі банктер мұндай банкноттарды Ұлттық банк филиалына тапсыруы тиіс. Ол жерде бұл жазуларды «өшіреді» - арнайы аппаратпен купюраларды тесіп, содан соң кассалық операциялар орталығына жіберіп, жояды.
Кез-келген жеке және заңды тұлғалар Ұлттық банк филиалына тозығы жеткен банкноттарды алып бара алады. Олар сол жерде айналымға жарамды банкоттарға ауыстырып береді. Мұндай айырбас үшін ақы алынбайды.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор