Атырау, 9 мамыр 00:13
 ашықВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Өнерге ғашық ғұмыр

4 972 просмотра

28 қаңтар күні Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрында белгілі актер Төлеген ЖАНГЕЛДИЕВТІҢ шығармашылық кеші өтті.

Дәл сол күні жазушы-драматург Юджин О‘Нилдің «Шырмауық алдындағы шырғалаң» атты қойылымының премьерасында басты рөлді Төлеген  ойнады. Қойылым режиссері -Асылбек ЫХСАН.

Биыл Төлеген Жангелдиев  алпысқа толды. Ол Атырау театрына 1978 жылы келген. Ең алғашқы рөлі Қозы Көрпеш болатын. Одан кейін Исатай, Сталин секілді көрнекті тұлғалардың образын сомдады. Трагедиялық па, комедиялық  па бәрін ойнап келеді.  Бүгінгі күнге дейін бас-аяғы алпыстан астам рөлдерді сахнаға алып шыққан.

Осы жолғы премьераға келсек, бұл атынан да айтылып тұрғандай, шырғалаңға толы спектакль. Дүние-мүлікті қызғанған жандар, ынтызарлық сезімге құштар екі ғашық, әке мен ұлдың, ұлы мен әкесінің жас әйелінің арасындағы текетірес, сол жас әйелдің ферманы иемденсем деген қулығы-сұмдығы... көрсеқызарлық қойылым кейіпкерлерін тығырыққа тірейді, трагедияға әкеп соқтырады. Құмарлықтың жақсылыққа апармайтынын ұқтырды. Әсіресе, оны Ибен есімді фермер шалдың ұлы әкесінің жас келіншегіне айтатын «Құмарлық хайуанда да болады, мен хайуан емеспін» деген сөзінен анық аңғаруға да болады. Спектакльді тамашалаған көрермендер залға толмағанымен, ішін жаппай үнсіздік торлады.

Бүгінде Төлеген Жангелдиев театрда ғана жұмыс істеп қоймай, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Н.Тілендиев атындағы кіші өнер Академиясында шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық қызмет атқарып келеді. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет қайраткері, Қазақстан театрлар фестивалінің жүлдегері, Қуат Төлеков атындағы сыйлықтың иегері ғана емес, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздік қызметкері де. Оның тәрбиелеп жатқан шәкірттері түрлі байқаулардан жүлделі орындарға ие болып жүр.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Е.Алтыбаев

2 ақпан 2012, 15:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.