Атырау, 29 наурыз 10:37
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Атырауға кадрлар қайдан алынады?

6 146 просмотра

Қалада аумақтық лобби орнады. Орал қаласы Атырау үшін мемлекеттік және басқа да кадрлардың нағыз ұстаханасына айналған.

Сөйтсек, Батыс Қазақстан облысынан келген экспансия тек менің әріптестеріме ғана елестемейді екен. Тіпті, табиғаттағы шенеуніктер айналымы көрші қалаға тікелей әуе маршрутының ашылуына әкелді деп растайтын қызуқандылар да табылды. Желтоқсан басталғанда өңірлік лоукостер-әуе компаниясының Атырау-Орал бағытындағы ұшу кестесі өте қолайлы – жұмада және жексенбіде ұшатын рейсті іске қосқандығы белгілі. Жаңа әуе бағыты – айтарлықтай қадам, егер сұраныс болмаса, бұл коммерциялық ұсыныс тұтынушыға жасалмаған болар еді.

Жаңа сыпырғыш жаңаша сыпырады деген сөз бар. Біздің бәріміз басшылық ауысса, қарамағындағылардың да ауысатындығына үйреніп кеткенбіз. 2012 жылдың тамызында облысымызға Парламенттен Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ келген кезде, қашқын Бергей Рысқалиевтың ұйымдасқан қылмыстық тобы бойынша тергеу аясында оның үш орынбасарының орны бос қалған еді. Олардың орнына Ізмұхамбетов Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрған кезде (2008 жылдың тамызы – 2012 жылдың қаңтары) сыннан өткен бірінші орынбасар Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ пен оның орынбасары Тимуржан ШӘКІМОВ жайғасты. Оның айқын қамқорлығындағы тағы бір адам – Шыңғыс МҰҚАН Атырауда облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Осындай лауазымды атқарған республикадағы ең жас адамның мансабы қарқынды болды деуге болады. Қазір ол АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасы бойынша өзінің саяси біліктілігін арттыруда.

Ізмұхамбетовтің тұсында Атырауда тіпті облыстық ІІД бастығы да ауысты. Сол атаулы 2012 жылдың тамызында бұл орынға Оралдан осы лауазымды атқарған Арман ЖАЛМҰХАМБЕТОВ ауысты. Өткен жылдың тамызында ол ІІМ-нің кадрлық резервіне ауыстырылды.

Жаңа әкіммен бірге сол кезде облысқа ҰҚКД-нің жаңа бастығы – Ақдарбек КЕНЖЕБЕКОВ те келді. Ол бұған дейін Батыс Қазақстан облысының ҰҚКД-не басшылық еткен болатын. Биылғы жылдың наурызында ол Ізмұхамбетовтен кейін Атыраудан кетіп қалды. Ашық дереккөздерде оның жаңа жұмыс орны туралы мәліметтер жоқ. Оның орнына Талғат ӘЛІМЖАНОВ тағайындалды.

Ізмұхамбетов Мәжіліс депутаты болып сайланып, Астанаға кетті, оның орнына көрші облыста тәрбиеленген тағы бір кадр – Нұрлан НОҒАЕВ жайғасты. Ол Ізмұхамбетов Батыс Қазақстан облысына әкім болып тұрған кезде 5 жыл бойына оның орынбасары лауазымын атқарған болатын (патронын алдымен парламентке және одан кейін Атырауға ауыстырған кезде, оның өзі Батыс Қазақстан облысының әкімі болды).

Нұрлан Асқарұлы біздің облысымызға әкім болған алғашқы күндерден бастап кадрлардың тапшылығына шағымданған болатын, алайда мұраға қалған орынбасарларды ауыстырмады. Тек мамырда ол жергілікті дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығын көрші облыстағы осындай лауазымды атқарған Азамат БЕКЕТКЕ ауыстырды. Ал ол шамасы жергілікті кадрлардың оралдық кадрлармен ауыс-түйіс мәселесін өзі жүргізген шығар. Мәселен, «Атырау» ФК мен орталық бассейн басшылығын.

Шілдеде Ноғаев Атыраудың жаңа әкімін тағайындады. Серік ШАПКЕНОВ бізге формальды түрде Астанадан келіп, Президент әкімшілігіндегі бөлімдердің бірінде жұмыс жасап үлгерген, ал іс жүзінде сол Орал қаласында шенеунік болып қалыптасқан. Айтпақшы, Серік Жамбылұлы, бізге белгісіз себептермен, БАҚ-тардың бар екендігін елемейтін басшылардың сирек түріне жатады. Ол 4 айдан бері журналистермен кездесуден қашқақтап келеді. Тіпті, осы күнге дейін жергілікті атқарушы органдардың басшылары үшін дәстүрлі болып келген «әкімнің 100 күні» аясында есеп берген де жоқ. Оған дейін біздің өңіріміздің тарихында баспасөзге деген осындай қарым-қатынаспен тек естен кетпес Аслан МУСИН ғана ерекшеленген болатын.

Жақында ғана М.Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрына Оралдың драма өнерінің майданында шыңдалған жаңа режиссердің тағайындалуы да осы тақырыпқа тұздық болды.

Бұлар бірер жыл үндесіп, кешікпей басшылық ету үшін басқармалар мен бөлімдерге сіңіп кететін пысық көмекшілерді қоспағанда, менің есіме түскен таяудағы «экспаттар».

Бәлкім, экспансия – бұл құбылыс үшін әзірге тым қатты айтылған сөз шығар. Дәлірек айтқанда, былай – Оралдан Атырауға жіберілген шағын аппаратшылар партиясының экспорты.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

7 желтоқсан 2016, 17:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.