Атырау, 28 наурыз 19:20
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Атырауда ҚІІБ полицейлерінің ісі бойынша сот процесі басталды

Сурет
4 569 просмотра

№2 Атырау қалалық соты дәлелдерді бұрмалау, билікті асыра пайдалану, сыбайлас жемқорлық, қызметтік жалғандық жасау және басқа да салмақты қылмыстарға айыпталып отырған Атырау қалалық ІІБ-нің тоғыз қызметкеріне қатысты қылмыстық істі қарауды бастады.

«Өкініш білдірген полицей», бүгінгі күні Өзбекстан азаматы Дмитрий КИМДІ өлтіргені үшін сотталған Манарбек ӨТЕУОВТІҢ сенсациялық ашық хатының нәтижесінде бүкіл ҚІІБ қызметкерлер тобы осы істің фигуранттарына айналған еді. Хатта Өтеуов кісі өлтіргенін мойындап, туыстарынан кешірім сұрап, ҚІІБ-дегі өзінің бұрынғы әріптестері мен Атырау полициясының басшылығын тапсырыспен кісі өлтіруді ұйымдастыру, рэкет, рейдерлік, жезөкшелікке қамқорлық жасау, қылмыстық істерді бұрмалауға... қатысты айыптаған болатын. Бір қызығы, жария болғаннан кейін Атырау қалалық ІІБ бұл хатты бірден кек алу үшін ойдан шығарылған деп атады.

Шамасы, кегі қайтқанға ұқсайды – кейінірек осы хат бойынша қатарынан 11 қызметкерге бірқатар қылмыстық істер қозғалды. Оның тоғызы, соның ішінде кісі өлтіргені үшін жаза мерзімін алған хат авторы М.Өтеуов сотталушылар орындығында отыр. Қалалық криминалдық полицияның бұрынғы басшысы Нұрболат ҚАБДЕШЕВ пен ҚІІБ жедел уәкілі Бейбіт ШАЛТЕНОВКЕ қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске бөлінген.

Өтеуовпен бірге сотталушылар орындығында Атырау қалалық ІІБ бұрынғы қызметкерлері Әли ҚАБДЕШЕВ, Аслан ХАЙРУЛЛИН, Әзидолла БАЯНОВ, Ернар ІЗДІБАЕВ, Азамат ДОСТАНОВ, Александр КИМ, Нұржан ОРАЗҒАЛИЕВ, Ильяс СТАМҒАЛИЕВ отыр. Олардың біріктірілген қылмыстық ісі 28 томды құрады, оларға 13 эпизод бойынша айыптар тағылған.

Бірінші отырыста күдіктілердің бірінің адвокаты Айдос ИБРАЙЫМОВ процеске журналистерді қатыстырмай, істі қарауды жабық режимде жалғастыруға өтініш жасады. Бұл күтпеген жайт еді. Басқа заңгерлердің реакциясы одан да тосын болды. Тек бір адвокат, Өтеуовтің мүддесін қорғаушы Балжан ҚҰСПАНОВА үзілді кесілді қарсы болып, процесті ашық қалдыруға шақырды; қалғандары, сонымен қатар сотталушылар да тыйым салу өтінішін қолдады. Судья Дәуренбек ДАУЫМОВ тараптардың пікірін тыңдап, процесті ашық қалдырып, бірақ фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өз шешімін жариялады. Осылайша, журналистер залда қалды.

Әрі қарай прокурор айыптау қорытындысын оқи бастады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

15 қараша 2016, 18:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.