Белгісіз біреулер Қызылқоға ауданы мен Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Аққозы елді мекенінің арасындағы көлік жолына қарай апаратын жолдың 50 метріне дейін қой жүнін төсеп тастаған.
Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот МҰҚАНОВ мұны құмды жолда көліктері батып қалған адамдар асфальтқа дейін жету үшін жасаған болуы мүмкін деп долбарлайды.
- Мүмкін мал жүнін тиеп келе жатып, көлігі құмға батып қалған болар, содан шығу үшін жүндерді жерге төсеуге мәжбүр болған шығар, - дейді М.Мұқанов.
Бұдан соң әкім өңірдегі бұрыннан келе жатқан өзекті мәселенің ұшын шығарды – бұл мал терісі мен жүнін қайта өңдеу кәсіпорындарының қаттығы:
- Қой мен қозының жүні жылына екі рет қырқылады. Одан бөлек, мал сойылған кезде терілері ешкімге керек болмай жатады. Бізге шаруа қожалықтары жекеменшік болғандықтан аудан бойынша мал қырқу науқанында қанша өнім дайындалатыны белгісіз. Мал жүнін әркім әр жерге өткізетінін білемін. Болмаса ауласында қалдырады немесе жерге көмеді.
- Қой жүнінен шуаш иіс шығады. Мен Астанадағы ғалымдарға шуаш иісін кетіретін дәрілік препарат жасап беру туралы ұсыныс білдіргенмін, - дейді «Назгүлім» шаруа қожалығының төрағасы Мәрзия ӘБІШЕВА. - Егер сондай бір дәрі табылса, онда қой жүнін жуып, тазартып, престеп Ресейге апаруға болады.
Ал «ТеңізСтройСервис Групп» ЖШС басшысының орынбасары Бауыржан ИСАКУЛОВ былай дейді:
- Біздің Құрманғазы ауданы Азғыр өңірі мен Қызылқоға ауданы Жасқайрат ауылында «Сүйіндік» ЖШС және «Жасқайрат» ЖШС деген екі шаруа қожалығымыз бар. Шынымен де мұндай проблема бар. Біз қой қырқу кезінде жыл сайын 40 тонна жүн аламыз. Өткен жылы жүннің бір келісін 15-20 теңгеге әртүрлі орындарға тапсырып жүр едік, биыл мүлдем ешкім алмай отыр. Бұрын кеңестік жылдарда болғандай, еділбай және қаракөл қойыларының жүндерін қайта өңдейтін цехтар өте қажет. Ал қазір біз оларды өртеп, көмуге мәжбүрміз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА