Атырау, 28 қараша 02:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Әкімдік «Универдегі» студентке жауап берді

2 866 просмотра

Осы демалыс күндері әлеуметтік желілерге тарап кеткен ресейлік актердің Астрахан-Атырау автотрассасын сынаған бейнежазбасына Атырау облысының әкімдігі түсінік беріп өтті.

Роликте бұрынғы КВН ойыншысы және қазіргі танымал «Универ» сериалының жұлдызы Станислав ЯРУШИН күй-жайы бәріне белгілі трассаның үстімен келе жатып, оның жағдайына бас шайқай отырып, осыған жауапты адамдарды жолды жөндеуге шақырады.

Бейнежазба Атырауға келе жатқан жолда жазылған болуы керек (Ярушинді және оның сериал бойынша әріптесі Арарат КЕЩЯНДЫ шенеуніктердің бірі қызының тойына жүргізуші ретінде шақырған болатын - "Лолита Атырауда өткен тойда ән шырқап, екі кілем сатып алды" мақаласын қараңыз).

Әлеуметтік желілер мен интернетте кеңінен таралған бейнежазбаға Атырау облысы әкімдігінің жолаушыларды тасымалдау және автокөлік жолдары басқармасы түсінік беріп өтті.

Басқармадан хабарлағандай, «Ақтөбе-Атырау-Ресей федерациясының мемлекеттік шекарасы» автокөлік жолы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыты болып саналады. Жолды қайта салу үшін жобалау және іздестіру жұмыстары 2015 жылы басталған. Қазіргі уақытта бағдарлама әкімшісі – «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ облыстық филиалы жалпы ұзындығы 155 шақырым болатын Сағыз, Мақат және Доссор арасындағы учаскелелерді және РФ мемлекеттік шекарасы бағытындағы ұзындығы 277 шақырым болатын учаскелерді (616-шы шақырымнан 893-ші шақырымға дейінгі учаске) жобалау жұмыстарын жүргізуде.

Басқарма басшысы Аманжан ТАКЕШЕВ сондай-ақ, 330-ші шақырымнан 468-ші шақырымға дейінгі жол учаскесінің жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталғанын атап өтті. Жол учаскелерінің жалпы құны:

- 330 шақырымнан 370 шақырымға дейін – 14,001 млрд теңге;

- 370 шақырымнан 418 шақырымға дейін – 12,865 млрд теңге;

- 418 шақырымнан 458 шақырымға дейін – 11,332 млрд теңге;

- 458 шақырымнан 468 шақырымға дейін – 2,186 млрд теңге.

Олардың ішінде ұзындығы 10 шақырым болатын учаскені (458 шақырымнан 468 шақырымға дейін) қайта салу 2015 жылы басталған, жұмыстарды бас мердігер «Атырауинжстрой» ЖШС жүргізуде. 2015 жылы республикалық бюджет есебінен 279,1 млн теңге игерілген. 2016 жылы 872,2 млн теңге бөлінген, биылғы жылдың 1 тамыздағы жағдайы бойынша 438 млн теңге игерілген. Қазіргі уақытта мердігер мекеме жолдың 9,6-шы шақырымында жол «киімінің» төменгі қабатын (қиыршық тастар мен құм араласқан қоспадан) төсеген. Құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Одан бөлек, Мақат-Доссор автокөлігі учаскесінің жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. 616-шы шақырымнан 893-ші шақырымына дейінгі жол учаскесінің жобалау және іздестіру жұмыстары жалғасуда. Олардың ішінде 616-шы шақырымнан 693-ші шақырымына дейінгі учаске және 753-ші шақырымнан 893-ші шақырымына дейінгі учаске жобалау кезеңінде. 693-ші шақырымнан 753-ші шақырымына дейінгі учаскенің жобалау-сметалық құжаттамасы аяқталып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Жобалау жұмыстарын «ҚостанайДорПроект» ЖШС, «АқтөбеДорПроект» ЖШС, «Жаңа Жол» ЖШС, «Меридиан» ЖШС, «Арнай» ЖШС, «СК Инжиниринг» ЖШС атқаруда, деп хабарлады А. Такешев.

Барлығы 2014-2016 жылдарға арналған жобалау және іздестіру жұмыстарына шамамен 609 млн теңге бөлінді, олардың ішінде қазіргі уақытта шамамен 571 млн теңгесі игерілген.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

31 тамыз 2016, 18:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.