Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысының екі ауданы мен екі ауылдық округтеріндегі мүйізді ірі қаралар арасында таралған індет бойынша нақты цифрлар айтылды.
Бүгінде Құрманғазы ауданында тіркелген 57 069 мүйізді ірі қараның 2 267-і нодулярлы дерматитке шалдыққан; 454-і емделді, 123-і өлді, қалғандары емделуде. Исатай ауданында 17 793 мүйізді ірі қара тіркелді. 326-сы сырқат, 64-і сауыққан, 255-і емделуде, 7-уі өлген. Дамбы және Кеңөзек селолық округтерінде тіркелген 4 725 сиырдың 48-і сырқаттанған, 24-і сауығып келеді, 24-іне әлі ем жүргізілуде, өлгендер жоқ.
Аталмыш аудандар мен ауылдық округтерде 4 карантин қосыны ұйымдастырылды.
- Мүйізді ірі қараның нодулярлы дерматиті алғаш рет Қазақстанда тіркелді. Бұл біздің жер үшін экзотикалық сырқат, ол елден тысқары жерден келген, - деді брифингте Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары Слухия БИСЕНОВА. - 2014 жылы сырқат індеті Ресейде – Дағыстан мен Шешенстанда, кейінірек Краснодар өлкесінде орын алды. Сырқат белгілері – температура 40 градусқа дейін көтеріледі, көзден, ауыздан және мұрыннан сілекей ағады, теріде бұлдырмақ ісіктер пайда болады, лимфа түйіндері ұлғаяды. Жануар сылбырланып, тамақтанудан бас тартып, тез арықтайды. Сырқат сиырдың сүті қоюланып, ысытқан кезде бетінде гельге ұқсайтын үлдір пайда болады.
Қазақстанда сырқаттың вакцинасы жоқ. Бірақ ол жануар симптомдық ем алса емделеді. Жәндіктер сырқат тасымалдаушылар болып табылады, сондықтан ветеринарлар жануарларды тұрақты түрде дәрілеп, жәндіктерге қарсы құралдармен өңдеп тұруға, сонымен қатар мал ұстайтын жерді дәрілеуге нұсқау алды.
Карантин режимі соңғы сырқаттанған жануар сауыққаннан кейін 30 күн өткен соң алынады.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, С.Бисенова нодулярлы дерматиттің жануардан адамға берілу жағдайлары медицина тәжірибесінде тіркелмегенін атап өтті. Алайда бұл мүмкін емес деп үзілді-кесілді растауға да болмайды. Өлген малдарды өртеп жібереді.
Өлген мал иелеріне өтемақы төлеуге келер болсақ, бұл мәселе, Бисенованың айтуынша, «әзірге шешілуде».
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор