Атырау, 23 желтоқсан 19:52
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Талғат Аянның абақтыдан жазған хаты

8 026 просмотра

Жұртшылыққа хат

Армысыздар, достар!

Мен – Талғат Аян, билікті басып алуға және елдің конституция құрылымын құлатуға әрекеттенді деп айыпталдым. Бірнеше күннен кейін ҚР ҚК-нің 179-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық істің қозғалғанына 2 ай толады.

Біріншіден, менде бәрі жақсы, денім сау екенін айтқым келеді. Өзімнің кінәсіз екенімді айқын сезіне отырып, тергеу барысы туралы ойларыммен бөліссем деймін.

Бұл хатты жұртшылыққа бізге қарсы қойылып отырған айыптаудың дәлелсіз әрі есуастық екенін көрсету мақсатында жіберіп отырмын.

Он тергеушіден тұратын тергеу тобы екі айдан бері әлденені іздестіруде, бірақ ештеңе таба алмады. Мен өз құқығымды пайдаланып, қандай да болмасын түсінік беруден бас тарттым.

Сөйтсем, ҰҚК жедел қызметкерлері біз 2016 жылдың 24 сәуірінде митингке шығуға өтініш берген кезден бастап бізге бақылау жасалып, сөйлеген сөздеріміз тыңдалып жүрген екен. 20-21 мамырда үйлерімізге, көліктерімізге тінту жүргізіліп, ұялы телефондарымызды, компьютерлерімізді, электронды тасымалдау құралдарымызды тәркілеп алды, әлеуметтік желілердегі жазған хаттарымызды ашып тастады.

Сонда олар не тапты? Ештеңе!

Билікті басып алу, конституция құрылысын құлату, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға әрекет ету туралы алшақтан болса да ұқсайтындай ештеңені таппады. Қарулардың құпия қоймасын да, Молотов коктейлін де, жоспарларды да, «уақытша үкімет» тізімін де! Елу шақты куәгерлерден (сәуір митингісіне қатысушылар) жауап алынды, бұл да тергеу ісіне ештеңе бере алмады. Өйткені басқаша болуы да мүмкін емес еді.

Енді 26 маусымда психологиялық-филологиялық кешенді сараптама тағайындау туралы 50 шақты қаулыны жолдады. Әрбір қаулы әлеуметтік желілердегі алдын ала скриншоттар жасалған (соның ішінде менің) парақтарды тексеру үшін тағайындалған. Әрбір қаулы бойынша сарапшылар алдына бірдей (10 шақты) сұрақтар қойылады. Оның мәнісі: нақты бір посттар емес, жалпы парақтар, онда не жарияланғаны мерзімі көрсетілместен тексеріледі.

Жарайды, қалағандарыңызша тексере беріңіздер, тек сарапшылар алдына өте күмәнді сұрақтар қойылып отыр. Бұл тергеу жүргізуші қызметкерлердің біліксіздігін айқын көрсетеді.

Енді сарапшылар алдына қойылып отырған сұрақтарға тоқталайық. Өйткені, қаулылар қазақ тілінде жазылған, оларды түпнұсқамен беріп отырмын.

1) «Талғат Аян» жеке парақшасында табылған графикалық бейнелер және беине материалдарда жасырын мағына бар ма және жарияланымдардың текстік ақпарат ретінде (соның ішінде түсініктемелерде) ортақ мазмұндарының бағыты қандай?

2) Адамның (адамдардың) жаппай мінез құлықтарына, пайымдауына, пікіріне, жағдайына, санасына, қандай психологиялық ықпал тигізуде

3) Ұлттық, әлеуметтік, діни ж/е т.б араздық тудыру, қоздыру бар ма? (қысқаша)

4) Зерттеуге ұсынылған материалдарда түрткі болатын айтулар немесе заңсыз митинг немесе өзгеде заңсыз жария іс шара ұйымдастыру, не оларға қатысуға шақыру белгілері барма?

5) Зерттеуге ұсынылған материалдарда түрткі болатын айтулар немесе жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру, не оларға қатысуға шақыру белгілері барма?

6) Зерттеуге ұсынылған материалдарда түрткі болатын айтулар немесе билікті күшпен басып алуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұсқан келтіруді, не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуді, мемлекетті ыдыратуға шақыратын белгілер бар ма?

7) Зерттеуге ұсынылған материалда түрткі болатын айтуларда көрінеу жалған ақпарат мәліметтер белгісі бар ма?

Осы сұрақтардың барлығы сарапшылар алдына қойылған. Тұлғаның кінәлі немесе кінәсіз екенін сарапшы алдын ала шеше алмайды деген ҚР Қылмыстық іс жүргізу нормаларының бұзылып отырғаны айдан анық. Қазақ тіліндегі мәтін дұрыс құрылмаған, сұрақтардың көпшілігінің бізге тағылып отырған баптарға еш қатысы жоқ (мәселен, әлеуметтік араздық туралы).

Менің Фейсбуктегі посттарым әрдайым жария түрінде болды, онда заңға қайшы немесе бұрмалаушы фактілер болған жоқ – бәрі конституциялық «сөз еркіндігі» принципінің аясында болды. Мен посттар мен комментарийлерде, керісінше, сын айтуда ұстамды болдым, дегенмен билік сын айтуға үнемі негіз беретін. Оның үстіне, билікті құлатуға шақырған ешқандай үндеу болған жоқ. Менің парақшаларымды қарасаңыздар, бұған өздеріңіз көз жеткізесіздер.

Сарапшы-саясаттанушыларға қойылатын қалған сұрақтарды адвокаттарға қалдырамын. Тек ҰҚК-нің сараптамаға жолданатын материалдардың бірде-біреуімен бізді таныстырмағанын, бізге бермегендігін айтқым келеді (посттар мен бейнероликтер туралы сөз болып отыр). Міне, олардың бізден жасырған құпиясы осы.

Сәуірдегі митингте сөйлеген сөзім бойынша да сарапшылар алдына осыған ұқсас сұрақтар қойылған. Мұнда менің «Егер біз мұны қазір тоқтатпасақ, онда біздің үкіметіміз Қытаймен бірге бізді жойып жібереді» деген сөзім жалпы мәтіннен үзіп алынған. Ал егер сөздің бүкіл мәтініне қараса, мен билікті алып тастауды емес, биліктен жерді сатуды, жалға беруді жоюды талап етуді ұсындым.

Енді, әрі қарай жүрейік. Бізге, онда да тек маған немесе Макске сәуірдегі митингті ұйымдастырды деп аудара салуға бола ма, өйткені, митинг жасау идеясы бұған дейін екі апта бұрын ойыма келіп, өтінішті бірге апарып бердік (және Бас прокуратурадағылар дәлелсіз айтып отырған әлдебір олигарх Төлешовтің бұл жерде ешқандай қатысы жоқ). Ал 24 сәуірді жақын арадағы жексенбі болғандықтан таңдадық. 21 мамырда митинг өткізуге ешкімге мүмкіндік бермейтіндігін айқын білгендіктен, осы идея ойыма келді. Уақыт менің айтқанымның дұрыс болып шыққанын көрсетті. Егер сәуірдегі алғашқы митинг болмағанда, басқа қалалар да болмаған болар еді. Тиісінше, «жер комиссиясының» мораторийі де болмас еді.

Біз митингке ашық дайындалдық, ешқандай да қоғамдық тәртіпті бұзуға шақырмадық. Адамдар бейбіт түрде шығып, өздеріне құлақ асуды талап етті. Ноғаевтың жалған кепілдігін қабылдап, бейбіт тарасып кетті. Макс айтқандай, бірде бір шам сынған жоқ!

Біз біреудің, ең болмаса, әлдебір министрдің отставкаға кетуін талап еттік пе?

Мыңдаған қатысушылар қол қойған жер митингісі хаттамасының барлық 4 талабы жер мәселелеріне нақты қатысты болды: Жер кодексіндегі өзгерістерді жою, жеріміздегі шетелдік әскери полигондарды жабу, кезекте тұрған 69 000 атыраулыққа олардың заңды 10 сотық жерлерін беру, отандық аграрийлерді нақты қолдау.

Бір қызығы, Қылмыстық кодекс митингті ұйымдастырғаны үшін жауапкершілікті қарастырмайды. Әкімшілік жауапкершілікке келер болсақ, онда біз өзіміздің 15 тәулігімізді отырып шықтық.

Енді менің іс-әрекетімді саралау туралы ҰҚК қаулысына тоқталайын. Ол тергеушілердің жаухарын емес, арзан сары басылымды немесе Желідегі дүмше-тролльдерді еске салды.

Міне, бізді осы қаулыда «жер комиссиясына» қатысудан бас тартты деп айыптап отыр. «Жер комиссиясына» қатысу заң талаптарынан шыққан әлдебір міндет секілді. Қаласақ қатысамыз, қаламасақ қатыспаймыз, бұл біздің құқығымыз ғой!

Қаулыда бізді, сондай-ақ, қоғамдық пікірді алдап-арбап, үкімет Қытайға жер сатуда деген ойға халықты сендіріп отыр (біз гипнозшы секілді) деп айыптайды. Ресурстары, қаржысы, байланысы жоқ 8 адам ел туралы айтпағанның өзінде, тұтас бір қаланы қалайша алдап-арбай алады! Тергеу жорамалы бойынша, 8 адам бүкіл елге дүрбелең туғызып, ал бәленбай миллиардтаған БАҚ корпорациялары оларға қарсы ештеңе қоя алмаған болып отыр. Сонда тергеу ісі өз азаматтарын ақымақ көргені ме? Ендеше неліктен жер комиссиясын құрды, бірнеше министрді отставкаға жіберіп, Жер кодексіндегі өзгерістерге мораторий жариялады? Анықтаңыздар, тергеуші мырзалар.

Тергеу ісі, сонымен қатар, 8 мамырда Алматыға барған демалысымды Алматыда митинг ұйымдастыруға әрекет етті деп айыптап отыр. Мен Алматыға барғанымды құпия қылмай көпшілікке жария етіп, әлеуметтік желілерде бұл туралы пост шығарып, Алматыдағы достарыммен түскен фотосуреттерімді жарияладым. Оның үстіне, Алматыға барған кезден бастап 10 автокөлік тәулік бойына менің ізіме түсті. Олардың нөмірлерінің барлығын өзімнің ФБ парақшама жария еттім. Тіпті, бет-әлпеттерінің фотосуреттері бар. Яғни, Алматыдағы менің басқан әрбір қадамым белгілі болды, әрбір кездесуім, таңға дейінгі әрбір сауық-сайраным жедел топ қызметкерлерінің назарында болды. Енді мынадай сұрағым бар: тергеу ісінің мен Алматыда әлденені ұйымдастырды деп ұйғарғаны қай сасқаны?

Ақтөбедегі қайғылы оқиғалар тұрғысынан алып қарасақ, арнайы қызметтің орасан зор күшінің менің ізімнен қалмай, мені таңғы сағат 6-ға дейін кафенің, саунаның жанында күтіп тұратын бұл әрекеттері өте сұмдық көрінеді. Ал нағыз қылмыскерлер бір жерлерде өз істерін дайындап, жүзеге асырып жатады. Тыңшылармен, лаңкестермен күресуі тиіс арнайы қызметтің шынайы болмысы үшін бұл өте ұят, лайықсыз әрекеттер.

Қаулыдағы қылмысты саралау туралы тағы бір тармақ мүлдем ақылға қонбайды және бізбен таныс емес жандардың кейбірін жаңылыстырған шығар! Бұл біз жаппай тәртіпсіздіктерді, әкімшілік ғимараттарды басып алуды, органдарға қарулы қарсылық көрсетуді, уақытша үкіметті жариялауды және билікті халықтан шыққан жергілікті өкілдерге табыстауды жоспарлады деген жорамал. Не күлерімді, не жыларымды білмеймін! Осынау ешқандай негізсіз ақымақтық болжамдарға қатысты сезімдерім түсініксіз болып отыр. Бұл әлдебір психикалық дімкәс ақыл-ойдың немесе алдын ойламайтын және елдің 8 патриотын отырғызғаны үшін генерал погонын тезірек алуды ойлаған ҰҚК-нің провинциалды басшыларының әрекетінің нәтижесі болар. 21 мамыр алдында және кез-келген митингтердің алдында халықтың үрейін ұшыру секілді басқа да жорамалдар болуы мүмкін.

Егер осы жорамалдардың кез-келгені рас болса, онда көп тұрғыда бізге қарсы тағылып отырған ішкі және халықаралық айыптаулардың қателігін, зияндығын ұғынатын сәт туды. Бізді билікті басып алушылар деп есептеуге бірде бір құқықтық негіз жоқ.

Әлдебір тұлғалармен жеке хат алмасуларда билікке айтылған сындар болған шығар. Бірақ мұның бәрі конституциялық норма шеңберінде елдегі саяси ахуалды қылмыс құрамынсыз жеке талқылау болып табылады. Бұдан да өткір пікірталастар күн сайын асүйлерде ғана емес, ресми түрде БАҚ беттерінде де жарияланып жатады. Жалпы, сын айту қылмыс болып табылмайтын қалыпты құбылыс.

Менің бұл хатымды бас прокуратураға, ҰҚК басшылығына жазған хатым деп есептеуді өтінемін. Біздің ісімізбен, іс материалдарымен жеке танысып, құқықтық баға беріп, қылмыстық істі тоқтатуларыңызды сұраймын. Кез-келген заңгер айыптаудың дәлелсіз екенін бірден түсінеді. Кезекті сырғытпа жауапты бермей, нақты шаралар алсаңыздар!

Ең бастысы, бізді қолдаушыларға, уайымдап, көмектескен жандарға алғысымды білдіргім келеді! Сіздерге рахмет, отбасыларыңыз аман болсын!

Біз үшін аштық жариялаған Рамазан Есіргеповке жеке алғыс айтамын. Егер нәтиже болмаса, кешікпей мен де сізге қосыламын. Сізге рахмет, өзіңізді күтіңіз! Рамазан аға, егер маңдайымызға заңсыз жаза мерзімін алу жазылса, жерімізді қорғау жолында ардақты, қасиетті іс үшін отырдық деп, көңілімізге медеу етеміз. Біздің әкелеріміз отан үшін жандарын қиды! Қандай қауіп-қатер болмасын, менің жүрегім де дір етпейді.

Мұны осы хат жарияланғаннан кейін тергеу әрекетін әшкерелейтін басқа хаттардың болуынан қауіптеніп, бізді кіммен болса да байланыстан мүлдем оқшаулауы мүмкін болғандықтан жазып отырмын.

Тергеу изоляторына сәлем-сауқат беруге келетін, бізді қорғау үшін флешмобтар, қозғалыстар ұйымдастырып, біздің бостандыққа шығуымызға қол жеткізуге тырысып жүрген Атыраудың ұл-қыздарына алғыс білдіремін. Баршаңызға қолдау сөздер жазылған жеделхаттар үшін рахмет! Оларға ҰҚК қызметкерлері қысым көрсеткеніне қарамастан. Бүкіл құқыққорғаушыларға, саясаткерлерге және азаматтарға біздің тауқіметімізді жарыққа шығарудағы белсенді позициялары үшін алғыс айтамын. «Араша комитетіне» және Гүлжан Хамитқызына, Рысбек Сәрсенбайұлына, Жанболат Мамайға және басқаларға жеке рахмет айтамын!

Проблема туындамас үшін, бұл хатты мен тергеу изоляторынан босап шыққан адам арқылы беріп жібергенімді хабарлаймын. Шынайылығын растай алуы үшін мәтінді алдын ала адвокатыма көрсеттім. Өкініш білдіру туралы түрлі таластар жөнінде айтарым – мұндай мүлде ойымда да жоқ, бұған үміттенудің де керегі жоқ.

Кешікпей көрісеміз деп үміттенемін

Талғат Аян

11.07.2016

13 шілде 2016, 18:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.