Атырау, 28 қараша 16:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Құлсарылық «атқыш» 19 жылға сотталды

4 755 просмотра

Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өткен жылы 28 тамызда Құлсары қаласында орын алған атысқа ұласқан жаппай төбелес ісі бойынша үкім шығарды.

Жанжал Достық ықшамауданындағы футбол ойынынан кейін басталған: бірнеше жігіт сөзге келіп қалып, 2-ші және 3-ші ықшамаудандар аралығындағы көпір түбінде кездесуге келіседі. Екі тарап та қосымша күш шақыртпақшы болған.

Іс материалдарына сүйенсек, айыпталушы Н.Б. мұқият дайындалған – ол Достық ықшамауданындағы №72 үйдің жанындағы құпия орыннан оқ-дәрілері бар екі қосауыз бен екі шолақ мылтықты алады. Үш қаруды достарына беріп, бір қаруды өзіне қалдырады. Түнгі сағат екіде оларға таяқтармен, тастармен және кесек темірлермен қаруланған белгісіз тұлғалар тобы қосылып, бәрі көпір жаққа қарай қозғалады. Ол жерде бұларды күтіп тұрған еді. Н.Б. бірнеше рет оқ атып, қарсыластарының бірін өлімші етіп жаралап (ол есін жимастан аудандық ауруханада көз жұмды), екіншісін де ауыр жаралайды. Төбелесті сол жерге келген полиция тоқтатады.

Сот үкімімен Құлсары қаласының тұрғыны Н.Б. ҚК-нің 287-бабының 2-тармағында («Қысқа ұңғылы тегiс ұңғылы атыс қаруын заңсыз иемдену, сақтау немесе алып жүру»), 99-бабының 2-тармағының 6, 9-тармақшаларында («Бұзақылық ниетпен басқа адамдардың өмiрiне қауiптi тәсiлмен адам өлтiру») қарастырылған қылмысты жасауда кінәлі деп танылып, 19 жылға қатаң режимдегі колонияда бас бостандығынан айырылу жазасын алды.

Сотталушы Ж. ҚР ҚК-нің 434-бабында («Қылмыс туралы хабарламау») қарастырылған қылмысты жасауда кінәлі деп танылып, жалпы режимдегі колонияда 4 жылға бас бостандығынан айырылу жазасына кесілді. Сотта сол түні оның оқ атқан Н.Б.-ның жанында болғаны және өкілетті органдарға аса ауыр қылмыс турады хабарламағандығы анықталды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА
6 мамыр 2016, 10:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.