Атырау, 4 мамыр 17:37
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Тәжірибе алмасты

2 341 просмотра

Жылыой және Индер аудандарының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылары мен жергілікті кәсіпкерлер Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы ұн және сүт зауыттарының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасып қайтты.

- Біз Бейнеуге ұн мен нан бағасын тұрақтандыру және сүт өнімдерін жергілікті жерден өндіруге қол жеткізу жұмыстарының қалай жүзеге асырылып жатқанын көруге барғанбыз. Себебі, екі ауданда да бұл мәселелер ақсап тұр. Мәселен, сүт өнімдері бізге Ресейден әкелінеді. Бірақ біз сүт өнімдерін өзіміз өндіргіміз келеді, - дейді Жылыой ауданы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерболат ТӨЛЕНДИЕВ.

Бейнеудегі сүт зауытын ашқан кәсіпкерге жергілікті билік коммуналдық меншіктен ғимарат беріп, қажетті инженерлік желілерін жүргізіп берген. Ашылғанына екі ай болса да, тәулігіне 1 тонна сүт пен сүт өнімдерін өндіріп отыр. Бұл жергілікті тұрғындардың сұранысын 76 пайызға қанағаттандырып отыр деген сөз.

- Индерде тұратын бір әйел осындай зауыт ашқысы келіп жүр. Біз сүт зауытының жергілікті жерден ашылуына күш салатын боламыз, - дейді Индер ауданы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Мырзабек ТАСЫБАЕВ.

Бұдан соң атыраулық кәсіпкерлер «Бейнеу астық терминалы» ЖШС жұмысымен танысты. Мұнда тәулігіне 400 тонна бидай тартуға мүмкіндік бар. Бұл диірменнен бөлек кешенде тәулігіне 100 тонна жем дайындайтын зауыт және бір мезгілде 100 мың тонна астық сақтайтын элеваторлар орын тепкен.

- Біз ұнды осы Бейнеуден сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бағаны бақылауға алатын арнайы оператор алмақшымыз. Себебі, ауданда нан бағасы әртүрлі, - дейді екі ауданның кәсіпкерлер палатасының басшылары.

Сәуірде кәсіпкерлер Шымкенттегі жылыжай шаруашылығымен танысып қайтуды жоспарлап отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

7 сәуір 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.