Атырау, 24 сәуір 14:41
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Экс-полицейдің ісі: Сақтандырылған қарақшылық

Сурет
4 971 просмотра

4 сәуірде Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 27 жастағы Дмитрий КИМДІ өлтірді деп айыпталған экс полицей Манарбек ӨТЕУОВТІҢ ісі бойынша процесс жалғасты («Экс-полицейдің ісі: Бірінші отырыс»).

КІСІ ТОНАУ ЖӘНЕ НОТАРИУСҚА ЖҮГІНУ

Күні бойына зардап шегушілер мен куәгерлерден жауап алынды. Бірінші Мәншүк МЫРЗАҒАЛИЕВАДАН жауап алынды.

2015 жылы 20 шілдеде кештетіп Өтеуовтің сыбайласы Асан ҚҰРБАНБАЕВ Махамбет көшесінің бойындағы №123 үйдің жанында ішінде 60 мың теңге мен екі ұялы телефоны бар сөмкесін қолынан жұлып алып, қашып кеткен. Атырау қалалық ІІБ-ге шағымданған кезде оған істі Өтеуовтің жүргізетінін айтқан. Ол келесі күні Мәншүкке қоңырау шалып, тонаушы мен оның заттарын тапқанын айтады. Жедел уәкіл оған драма театр алдында кездесуді ұсынып, көлігіне отыруды өтінеді. Көліктің алдыңғы орындығына отырған ол айнадан Құрбанбаевты көреді. Ал бірнеше күннен кейін Өтеуов әйелге сөмкесін ішіндегі барлық затымен түгелдей қайтарып беріп, полицияға талабы жоқ екендігі және қылмыскерді кешіретіндігі туралы арыз жазуды ұсынып, оны нотаруиста куәландырады.

Осыған ұқсас хикаяны зардап шегуші Ұлмекен АМАНЖОЛОВА да әңгімеледі. 2015 жылдың 15 шілдесінде Сырым Датов көшесіндегі "Анвар" дүкенінің маңында Құрбанбаев әйелге шабуыл жасап, сөмкесін тартып алмақ болып, жерге құлатады. Әйел ішінде 5 мың теңгесі және балалары мен немерелерінің құжаттары бар сөмкесінен жабысып айырылмайды. Ұлмекен сотта сол жерге джип тоқтап, ішінен жігіттер түсіп, қарақшының қолын бұрап тастағанша Құрбанбаевтың өзін он бес метрдей жерге дейін сүйреткенін айтты. Сол кезде көлігімен Өтеуов те жетіп, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып, Құрбанбаевқа қолкісен салып, Ұлмекенмен бірге ҚІБ-на апарады. Құрбанбаевты ұстауға қатысты қажетті құжаттар ресімделгеннен кейін сөмке ақшасымен бірге әйелге қайтарылады. Бірнеше күннен кейін Өтеуов тағы да нотариуста "бас тарту" арызын ресімдеуді өтінеді, Ұлмекен бұған келіседі.

Сотта Өтеуов екеуінен ҚІБ басшылығына бірге қалай кіргендерін және ол жерде нотариустан осы арыздарды әкелуді қалай жалынып өтінгендерін еске алуларын сұрады. Әйелдер ҚІБ-де бір кабинетке ғана кірмегендерін, кімнің не айтқаны естерінде жоқ екенін айтты.

«ДИМА ҮЙЛЕНГЕЛІ ЖҮРГЕН»

Марқұм Өзбекстан азаматы Дмитрий Кимнің бауыры Михаил КАН былай деді:

- Дмитрий бизнесмен емес еді. Олар бүкіл "Дина" базарына алым-салық салыпты және Диманы оларға қарыз болып қалғаны үшін өлтіріпті деген әңгімелер жүріп жатыр. Интернетте түрлі нәрселер жазылуда. Өтеуовте осының арқасында әділетті жазадан құтылуға мүмкіндік пайда болғанын қаламаймын.

…Дима менің немере інім болып келеді. Мен оған шаруашылығыма көмектесуді өтінген едім. Менің үйімде бес жыл тұрды. Ол адал, еңбекқор жан еді, биыл үйленгелі жүрген...

13 шілдеде одан "Дина" базарына тауар апаруды өтіндім. Сол күні түскі үзіліс кезінде оның көлігінен құжаттарын - төлқұжатын, жүргізуші куәлігін ұрлап кетті. Біздің көтерме саудадағы әріптестеріміздің де құжаттары ұрланыпты. Тек олар - Қазақстан азаматтары, ал Дима - Өзбекстаннан еді. Сондықтан ол құжаттарының ұрланғандығы туралы емес, жоғалғандығы туралы арыз берді, шамасы зардап шегуші ретінде өтетін процедуралардан құтылу үшін болса керек. Шілденің 20-ларында оған ІІБ-нен қоңырау шалып, ол құжаттарын жоғалтты ма, әлде оларды ұрлап кетті ме деп сұрады. Ол жоғалғандығын растады. 26 шілдеде отбасымызбен Кисловодскіге жол жүріп кеттік. Ал 6 тамызда бізге базардағы әріптестеріміз қоңырау шалып, Диманы екі күннен бері көрмегендерін және бірдеңе болғандығын хабарлады.

Біз шұғыл үйге оралдық. Есікті ашу үшін құтқарушыларды шақыртуға тура келді. Үйде жатын бөлмедегі сейфтің жоғалғанын байқадық. Учаскелік инспектор криминалистерді шақырды.

Көршілердің 5 тамыз күні түнде пәтер мен подъезден тарс-гүрс еткен дыбыстар естігендігі анықталды, бірақ ешкім бұған мән бермеген. 8 тамызда бізге Диманың денесінің табылғанын хабарлады...

10-да денені Үргенішке жеткіздік. Шекарада, теміржол қарауына алынған жерде Диманы Өзбекстан тарапынан "Газель" күтіп тұрған жерге дейін қолымызбен көтеріп апаруға тура келді. Өзбекстанда бензин тапшы, сондықтан жанармайды да арқалап баруға мәжбүр болдық. Диманың анасына ақыры шындықты айта алмадым, оны көлік қағып кетті дедім.

«ЕГЕР МҮРДЕНІ КӨРСЕТСЕМ, НЕ БОЛАДЫ?»

Содан соң сот "Арлан" арнайы жасағының қызметкерлері Асылбек ҚҰСПАНҒАЛИЕВ, Айбек ЖАҚСЫБАЕВ және Тимур ТЕМІРҒАЛИЕВТАН жауап алды. Соңғысы Өтеуовті ұстағаннан кейін оның ІІБ криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрболат ҚАБДЕШЕВПЕН әңгімесін естігенін айтты. Ұсталушы: егер қазір мүрде көмілген жерді көрсетсем, әрі қарай бұл ескеріле ме деп сұраған.

Сотта Өтеуовтен өзін ұстаған арнайы жасақ қызметкерлеріне сұрақтарың бар ма деп сұраған кезде, ол: "Мені ұстағаннан кейін көлігімді облыстық ІІД тұрағына апарған кім?" деген бір сұрақты қайталап қоя берді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

5 сәуір 2016, 11:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.