24 ақпанда сағат 22-де Атырау – Индер көлік жолында Атырау облыстық ІІД жергілікті полициясының қызметкерлері «Лада-Ларгус» көлігін тоқтатады. Оны Қостанай облысының 36 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан.
ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, көлік салонында ілеспе құжаттарсыз екі центнерден астам сазан табылған. Әрі қарай, Г.Мұхтарованың айтуынша, жауапкершіліктен қашпақ болған жүргізуші өзінің бетін жұдырықтап ұрып-соға бастаған. «Это вы меня избили!» деген сөздермен «102» нөмірін теріп, өзін полицейлер ұрып жатыр деп хабарлаған.
Жүргізушінің нұсқасы осы. Алайда пост қызметкерлерінің бірі онымен болған әңгімені жетон-бейнетіркегішке жазып алған. Бұл жазба оның жауабына қарама-қайшы келеді. ҚР ҚК-нің 196-бабы («Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталды. Сонымен қатар тергеумен ІІД ішкі қауіпсіздік басқармасы айналысуда.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ