Атырау, 20 сәуір 07:22
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

«Самұрық-Қазына» ХӘҚ басқарма төрағасы Шөкеев: «Жыл ішінде біздің компанияларымызда төрт рет шынайы дефолт қаупі туындады»

2 188 просмотра


Image 0

5 ақпанда «Ембімұнайгаз» АҚ кеңсесінде «Самұрық-Қазына» ХӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ ШӨКЕЕВ пен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат МЫҢБАЕВТЫҢ қатысуымен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың трансформациялау бағдарламасы аясында болашақта өндірісті дамыту бойынша конференция өтті.

Қатысушылардың назарына Қызылқоға ауданындағы Уаз кен орнындағы «интеллектуалдық ұңғыма» пилоттық жобасы ұсынылды.

Қазір Уаздағы барлық өндіріс процесі автоматтандырылған. Электронды тетіктер барлық деректерді Атыраудағы «Ембімұнайгаз», Астанадағы «ҚазМұнайГаз» кеңсесіне «онлайн» режимде беріледі. Ұңғымалардан келетін мұнай ағысы уақытша тоқтатылғанда сорғы тоқтатылып, электр қуаты үндемделеді және жөндеуаралық кезең ұзартылады. «ҚазМұнайГаз» БӨ» бойынша ең қысқа жөндеуаралық кезең – «Өзенмұнайгаз» АҚ-та (барлығы 85 теңге). Сондықтан келесі «интеллектуалдық ұңғыманы» сол жерде ұйымдастыруға шешім шығарылды.

«БІЗГЕ ЭКСПАТТАР КЕРЕК ЕМЕС»

Конференциядағы үзіліс кезінде Ө. Шөкеев, С. Мыңбаев және «ҚазМұнайГаз» ӨБ» АҚ бас директоры Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ жергілікті журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Алғаш болып сөзді Шөкеев алды:

- Қазіргідей уақытта адамдардың ішкі әлеуеті ашылып, күш-қуаттарын жұмылдыру үдерісі жүреді. «ҚМГ» жүйесінде трансформациялау бағдарламасымен айналысып жүріп, мен мамандарымыздың осы идеяны терең игеріп алады деп ойламап едім. Біз «Ембімұнайгазда» кілең ескі кен орындары, бұларды енгізіп болғанымызша қанша уақыт кетеді дейтін едік... Бүгін алдымызда компания буындарының 50-60 жастағы басшылары сөз сөйледі. Олардың жоғары біліктіліктері, түрлі терминдерді қолданып, сөз саптауларын өздеріңіз көрдіңіздер, бізге ешқандай экспаттар керек емес. Менің үмітім зор: егер бұл «Ембімұнайгазда» жақсы жолға қойылса, басқа компанияларда да үйлесіп кетеді деп сенемін.

Трансформациялау бағдарламасын біз 2010 жылдың қазан айында іске қостық. Сол уақыттан бері мұнай бағасы 100 доллардан 30 долларға дейін құлдырады. Басқа шикізаттар – уран, металл бағалары да төмендеді. Өткен жылы біз трансформациялау бағдарламасы аясында «Самұрық-Қазына» ХӘҚ кәсіпорындарының операциялық шығындарын 520 млрд теңгеге, инвестициялық жобаларын 255 млрд теңгеге қысқарттық. Нәтижесінде біз өткен жылы 300 млрд теңгеден аса табыс таптық. «ҚМГ» үлкен жұмыс атқарды. Шетелдік кредиторлар алдындағы қарызымыз 7 млрд долларға қысқарды. ХӘҚ-та барлығы 6 мыңға жуық әкімшілік-басқару қызметкері қысқартылды. Жыл ішінде біздің компанияларымызда төрт рет шынайы дефолт қаупі туындады, алайда дұрыс менеджменттің арқасында бұған жол бермедік.

«9 ШАҚЫРЫМҒА ДЕЙІН БҰРҒЫЛАЙМЫЗ»

- Жақын әзірде жүргізілетін геологиялық барлау жұмыстары туралы айтыңызшы.

Қ. Есқазиев:

- Қазір бес блок – Көкмай (Прорва аумағында), Жайық, Сарайшық, Забурын, тұзды Кенбай – бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге құжаттар ресімделуде. Атырау облысындағы геологиялық барлау тарихын үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – 3 шақырым тұзға дейін тереңдікке бұрғылау. Екінші кезең 1979 жылы Теңіз ашылғанда басталды. Жаңажол, Қарашығанақ ашылды. Мұның барлығы 5 шақырымға дейін бұрғылау. Қазір үшінші кезең басталуда. 5-тен 9 шақырымға дейін тереңдікте ұңғымалар бұрғылаймыз. Бұлардың геологиялық, қаржылық тәуекелге әкелетіні түсінікті, алайда біз жағдайдан шығуымыз керек.

Геологиялық барлаудың екі түрі бар – қолданыстағы кен орындарында барлау алды жұмыстар жүргізу және геологиялық барлаудың өзі. Бүгінде Қаратон мен Сарқамыс (Теңіз аумағында) блоктары бойынша және «Өзенмұнайгаз» АҚ-пен жалғасып жатқан аумақта жұмыстар жүріп жатыр. Прорва кен орындары тобында зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Жақында Алтынкүл мен Ақінгенде барлау алды жұмыстары жүргізілді және екі миллион тоннаға дейін мұнай қоры табылды. Қазір сол жерде ұңғымаларды сынау жүріп жатыр.

«Ембімұнайгаздың» мұнай қоры 10-15 жылға жетеді. Содан кейін жабылу керек пе? Сондықтан басшылық бізге қолдау көрсетіп отыр. Қойып отырған жалғыз талабы – тиімді геологиялық барлау жүргізу.

Image 1

«БІЗДЕ ҚАЗІР ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР АЛУҒА МОРАТОРИЙ ЖАРИЯЛАНДЫ»

- «Еуразия» жобасының болашағы қандай?

С. Мыңбаев:

- «Еуразия» жобасын қиын уақытта еске алып отырсыздар. Онда 15 шақырымға дейін бұрғылауға тура келеді. Бұған үлкен қаражат керек. Біз басында «ҚМГ»-ның ақшасына сенбеген едік. Иә, қазір «ҚМГ» қаржысына шағын топ жұмыс жасап жатыр. Алайда осы жобаның негізгі әлеуетті қатысушылары – ірі трансұлттық компаниялар. Қазіргі баға жағдайында олардың тәбеттері қаншалықты сақталды? Иә, әрине, қысқарды. Үлкен күш салу керек. Олар тарапынан үзілді-кесілді бас тартулар болған жоқ, олар көмірсутегі шикізаттарының төмен бағалар кезеңі қашан болса да аяқталатынын түсінеді ғой. Олар болашақта осы жобаға қатысу мүмкіндіктерін қарауды жалғастырады. Әрине, жүзеге асыру мерзімдері кейінге шегеріледі. Қазір бәрі үнемдеуге тырысуда...

- Мұнайшыларды қысқарту бола ма?

- Өткен жылы біз шұғыл шығындарды 20%-ға, күрделі шығындарды 10%-ға қысқарттық. Мұнай бағасы дәл осындай түседі деп ойламадық, алайда... Сондықтан әрі қарай шығындарды қысқартуды ойластырып отырмыз.

Дегенмен, елдегі мұнай өндірісі қысқарған жоқ. «ҚМГ» компаниялары тобы бойынша 2015 жылы 2014 жылмен салыстырғанда 1 пайызға өсті. Бұл мұнайшылардың зор еңбегі. Өндірісті осылай қысқартпау жұмыс орындарын жаппай қысқарту науқандарын жүргізбеуімізге себепші болды. Табиғи кемудің, яғни, зейнеткерлікке шығу немесе басқа жұмысқа ауысу себебінен кейбір қысқартулар болды. «ҚМГ»-да жаңа қызметкерлер алуға мораторий жарияланды. Біз бұған баруға мәжбүр болып отырмыз.

АМӨЗ-ДІ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ТУРАЛЫ

- «АМӨЗ» ЖШС-ті жекешелендіруге халық қатыса ма?

- АМӨЗ-ді әлеуетті жекешелендіру бойынша нақты шешім шыққан жоқ. Зауытты жетілдіруге үлкен қарыз ақша – 3 млрд долларға жуық салынды. АМӨЗ – Қазақстандағы ескі зауыттардың бірі. Мұнда қара мұнай өнімдері (мазут) көп шығарылады – 40%. Басқа МӨЗ-дермен салыстырғанда Атырау мұнай өңдеу зауытында үлкен модернизациялау жұмыстары жүргізіледі. Егер шешім қабылданып, осы зауытты сатып алатын инвестор осы 3 млрд доллар көлеміндегі қарызды қайтаруды өз мойнына алуы керек. Мен зауыт активтерінің құнын қосып отырған жоқпын. Сонымен қатар, бұл жағдайда да акциялардың 49 пайыздық пакеті «ҚМГ»-де қалуы керек деп ойлаймын.

«ТЕСІК ТҰРБАЛАР БОЙЫНША ДАУ ӘЛІ АЛДА»

- Қашағаннан қандай жаңалықтар бар?

- Үлкен жаңалықтар болады деп күтіп отырған жоқпыз, жұмыстар кесте бойынша жүріп жатыр. Осы жылдың төртінші тоқсанында өнеркәсіптік өндіру қайта басталады деп ойлаймын.

- Тесік тұрбаларға кінәлілерді таптыңыздар ма?

- Әр тараптың өз нұсқалары бар. Бұл мәселедегі негізгі даулар әлі алда деп ойлаймын. Әр тарап мәселені шешуге дайындалып жатыр. Бұл қиын да ұзақ талқыланатын мәселе, сәйкесінше жұмыстар жүріп жатыр.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суреттер «Ембімұнайгаз» АҚ баспасөз қызметінен алынды

7 ақпан 2016, 00:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.