Атырау, 5 мамыр 06:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +12
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Ақылы тест

5 902 просмотра

Image 0Жақында қазіргі заман-ның балаларының басында ғылымға қарсы көзқарас қалыптасып келеді дегенді оқыдым. Дегенмен, әңгіме бесінші сынып оқушыларына қатысты болса да, менің ойымша, бұл сөзді көп жылдар бойы білім беру министрлігі сансыз тәжірибе жасап жүрген барлық оқушыларға қатысты айтуға болады деп ойлаймын. Ғылыми ма, әлде оған қарсы ма, өздеріңіз шешіңіздер.

«ЧЕКТЕР ҚАЙДА?»

Мәселе мынада, қазіргі тоғызыншы сынып оқушыларында ай сайын жаңа тест пайда болады. Байқау үшін немесе оқу жетістіктерін сырттай бағалау (әрі қарай - ОЖСБ) оқушыларды дайындау үшін дайындық тестілері ай сайын өткізіледі. ОЖСБ 2012 жылы енгізілген және «Білім туралы» заңның 55-бабының 4-тармағына сәйкес, наурыз-сәуір айларында өткізіледі. Бұған дейін мемлекеттік аралық бақылау (МАБ) жүргізілді. ОЖСБ нәтижелері баллмен есептеледі, баллдар бағаға ауыстырылмайды. Тоқсандық немесе жылдық бағаға әсерін тигізбейді. Негізгі мектепті бітіргендігі туралы куәлікке (9-сыныпты бітіргенде беріледі) бітіру емтихандарында алынған бағалар түседі. Иә, иә, оқу жылының аяғында 9-сынып оқушылары бітіру емтихандарын да тапсырады. ОЖСБ-мен бас қатырып, оларды ай сайын тестілеумен азаптаудың не қажеті бар деген сұрақ туындайды. Меніңше, бұл сұраққа, тіпті, білім беру министрлігіндегілер де жауап бере алмайтын секілді. Осымен үлкен нүкте қоюға болар еді. Бірақ бұл тестілер – ақылы. Бір тестілеу кітапшасы 376 теңге, банктік пайыздармен бірге – 390 теңге тұрады. Бұларды ай сайын сатып алу керек.

- Ұлым 9-сыныпта оқиды, ОЖСБ-ға дайындалу үшін олар ай сайын байқау сынағын тапсырады. Жыл басында бізге тестілердің 350 теңге тұра-тынын айтты, енді балам келіп, мектепте оларға доллар көте-ріліп кеткендіктен 390 теңгеден тапсыру керектігін айтыпты. Оқу жылының басында бірнеше тестілеу болды, біз осы сұрақ кітапшалары үшін 1000 теңгеден көп төледік. Егер мемлекет осындай сынақтар енгізген болса, тестілер үшін неліктен біз ақша төлейміз? Оларды доллардың бағамына таңудың не қажеті бар? Чектер қайда? Жиналған ақшаларды қайда топтайды? Неліктен тестілер мұндай көп? Балалар оқып қана қоймай, үнемі қателерге толы ешкімге қажеті жоқ тестілерді тапсырады.

Ашуланған ата-ана - қаладағы №16 мектептен. Бірақ өзіңіз де түсінесіз, бұл Қазақстанның бүкіл мектептеріндегі жағдай.

КОММЕРЦИЯҒА ЖАУАП БЕРМЕЙМІЗ

Анықтағанымдай, түрлі даярлық тестілеріне, соның ішінде ОЖСБ-ға даярлануға арналған сұрақ кітапшаларын «Ұлттық тестілеу орталығы» РМКК (ҰТО, Білім және ғылым министрлігіне қарасты мекеме), «Достық» білім беру орталығы, «Информационные технологии 5 плюс» ЖШС жасап шығарады екен. Бәлкім, басқа да компаниялар бар шығар.

Мен Білім министрлігінің жанындағы Білім беру сапасын бақылау комитетіне мектептерге арналған қандай да болмасын ұсынымдар бар-жоғын, даярлық тестілерін кімнен алу керектігін білу үшін қоңырау шалдым.

- Біз Ұлттық тестілеу орталығы жасақтайтын тестілер үшін ғана жауап береміз, ал коммерциялық мақсатта шығарылғандарға жауап бермейміз, - деп түсіндірді маған. – Бізге хабарласса, біз тек ҰТО тестілерін ғана ұсынамыз. Өйткені, ол жерде мамандармен келісімшарт жасалады, тестілер қабылдаудан өтеді. ОЖСБ - бақылау функциясы емес, мониторинг. Өйткені, байқау сынағы - ерікті іс.

Ұлттық тестілеу орталығының сайтында ОЖСБ туралы былай делінген: «Оқушылардың ОЖСБ-ға дайындалулары үшін Ұлттық тестілеу орталығы байқау сынақтарын өткізеді және оқу әдістемелік кешендер жинағын шығарады. Аталған құралдар облыс және аудан орталықтарында орналасқан филиалдар арқылы сатылады.

Байқау сынағы – әдістемелік көмек көрсету, тестілеу технологиясымен хабардар ету, жауап парақтарын дұрыс толтыру, жалпы оқушыны тестілеуге дайындау мақсатында өткізілетін шара.

Оқу әдістемелік құрал (ОӘҚ) жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушының білімін тексеру үшін және функционалдық сауаттылығының қалыптасуын бағалауға бағытталған тест тапсырмаларының нұсқаларынан тұрады. Орта білімдегі ОЖСБ-ға дайындалу үшін 9-сынып оқушыларына ұсынылады. Прейскурантқа сәйкес, байқау сынағы – 376 теңге, ОӘҚ – 403 теңге тұрады».

«АҚША ЖИНАП, ФИЛИАЛҒА ТАПСЫРАМЫЗ»

ҰТО Атырау филиалының директоры Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА:

- Бізге Астанадан Тестілеу орталығынан ОЖСБ үшін байқау тестілерін жібереді. Біз оларды мектептерге сатамыз. Мектептер өтінім, ақша төленгендігі туралы түбіртекті әкеледі. Бір кітапша 376 теңге тұрады, оған банктің 11-12 теңге пайызын қосыңыз. Мәселен, егер мектеп 30 кітапша алса, олар бізге төленгендігі туралы түбіртекті әкеледі. Ақшаны Халық банкі арқылы Тестілеу орталығына тікелей аударады. Бізде баға екі жыл өзгермеді, 11-сынып үшін байқау тестілері 351 теңге тұрады. Ал 9-сынып үшін 376 теңге болды. Кейбір мектептер айына екі-үш рет байқау тестілерін өткізеді, ОЖСБ үшін даярлайды.

№16 мектеп-лицейдің оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары Дариға ШОХАНАЕВА:

- Бізде жоспар бойынша айына бір рет ОЖСБ-ға дайындық жүргізіледі. Тестілерді 350 теңгеден қалалық білім бөлімі арқылы үш рет алдық, енді төртінші тестілеу өтеді. Бұл жолы Ұлттық тестілеу орталығының филиалынан аламыз, оларда сынақ кітапшалары 390 теңге тұрады. Күні кеше ғана алдық, ақшасын әлі төлеген жоқпыз. Қазір жинаудамыз. Бұл кітапшалар кейін балаларда қалады, олар бойынша ОЖСБ мен бітіру емтихандарына даярланады.

- Неліктен ай сайын жаңасы алынады?

- Кітапшамен жауаптар парағы келеді. Тестілеуден кейін біз жауаптар парағын жинап, баланың алған нәтижелерін тексереміз. Тестілер түрлі сұрақтар нұсқаларымен келеді. 40 нұсқаға дейін болады. Сондықтан әр уақыт жаңасын сатып аламыз, пәндерді ауыстырамыз. Мәселен, қарашада біз биология, Қазақстан тарихы, орыс тілі мен физика бойынша тестілер өткіздік. Ал қазанда – қазақ тілі, химия, Қазақстан тарихы, математика мен географиядан тест тапсырдық. Кітапша балаларда қалады, әр мұғалім нәтижелер бойынша жұмыс істейді. Түсініксіз тұстарын түсіндіреді, балаға қосымша сабақ береді. Сынақ кітапшасы 9-сыныпта оқытылатын бүкіл пәндерді: қазақ, ағылшын тілдері, математика, физика, химияны қамтитын сұрақтардан тұрады. Әр пәнде 20 сұрақтан болады.

- Қалай төлейсіздер?

- Біз ата-аналардан ақша жинаймыз да, Тестілеу орталығының филиалына апарамыз. Орнына бізге кітапшалар береді.

Бұл жауапты кейінірек №16 мектеп-лицейдің жауапты техникалық хатшысы Раиса ОРЫНТАЕВА толықтырды:

- Ата-аналардан біз бірден әр сынақ кітапшасы үшін 390 теңгеден жинап аламыз. Бізге ҰТО филиалындағылар осындай соманы атайды. Мен өз басым банкке бармаймын, жалпы соманы филиалға тапсырамыз. Содан кейін оқу ісінің меңгерушілерінің бірі бірнеше мектептің бүкіл сомасын банк арқылы аударады, бүкіл түбіртектер Тестілеу орталығы филиалының директорында бар.

Әрі қарай сұрақтар Д.Шоханаеваға қойылды.

- ОЖСБ неге ықпал етеді?

- ОЖСБ ештеңеге ықпал етпейді, ол бүкіл пәндер бойынша оқушының қаншалықты дайын екенін, олқылықтарды анықтайды. Баллдармен бағаланады, олар бағаларға ауыстырылмайды.

- ОЖСБ өткізу кезінде де тестілер сатып алына ма?

- ОЖСБ онлайн режимде компьютерде немесе кітапшамен өткізіледі. Өткен жылы бізде онлайн болды, кейбір мектептер кітапшалар алды. Бұл кітапшалар сатып алынбайды, оларды таратады, содан кейін жинап алады.

- ОЖСБ-дан басқа 9-сынып-тарға тағы не өткізіледі?

- Сондай-ақ, бақылау жұмыстары (диктанттар, бақылау жұмыстары, мазмұндама) бар. Олар бағдарлама бойынша жүреді, әр пәннің Білім министрлігі бекіткен өз бағдарламасы бар.

ОЛАР ҰСЫНЫСПЕН КЕЛДІ

Қалалық білім бөлімінің басшысы Бақберген ҚАРАБАЕВПЕН сөйлесе алмадым, қабылдау бөліміндегі телефон жасамады. Ал мен келген кезде басшы орнында болмай шықты. Басшылықтың рұқсатынсыз ештеңе айтқысы келмеген қызметкерлердің бірінен әрең дегенде ақпарат алдым (ал, бұл жағдай Атырау қалалық білім бөлімінде баяғыдан осылай қалыптасқан).

Маған айтқандай, ОЖСБ-ға даярлану үшін №16 мектеп-лицей екі мәрте сынақ кітапшаларын сатып алған. Қалалық білім бөліміндегілер «Информационные технологии 5 плюс» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Маған түсіндіргендей, тест кітапшаларын солардан сатып алған, өйткені, олар Тестілеу орталығының филиалында болмапты.

Компания қалалық білім бөліміне хатпен өзі шыққан. Маған қалалық білім бөліміндегілер көрсеткендей, хаттың жоғарғы жағында: Білім беру мекемесінің басшысына деп жалпы адресат жазылған.

Компания бұл тренингтің білім беру мекемелерінде пайдалануға ұсынылғандығы туралы ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің 28.11.2013 жылғы №02-4/2834-вн хатына сілтеме жасай отырып, «ҰБТ/ТКТ 2016-ға дайындық» интерактивті тренинг, сонымен қатар, 4-10 сынып, соның ішінде 9-сынып үшін ОЖСБ-ға даярлануға байқау тестілерін ұсынған. Компания басшылығы оқу орнынан өзде-рінің жобалары туралы ақпарат беруге қолдау көрсетуді өтінген.

- Қалада жалпы білім беретін 65 мектеп бар, оның ішінде 50 мектеп біз арқылы 9-сыныптар үшін тестілер сатып алды, - деді маған қалалық білім бөліміндегілер.

Математикаға сәл тоқталсақ. №16 мектеп-лицейде 9-сыныптың 172 оқушысы бар, сонда тек жарты жыл ішінде бір мектептен ОЖСБ-ға дайындалу үшін 400 мың теңге жинайтын болғаны. Оны қаладағы 65 мектепке көбейтеміз, сонда 26 млн теңге шығады. Әңгіме тек 9-сынып туралы ғана болып отыр. Егер тестілеуге қатысы бар бүкіл сыныптарды есептейтін болсақ, онда ел көлемінде өте қомақты сома шығады.

БҰЛ ТАЯҚТЫҢ ЕКІ ҰШЫ

Егер бағдарлама мемлекеттік болса, онда неліктен тестілерді жеке мекемелер жасақтайды деген сұрақ туындайды. Екінші жағынан, анықталғандай, байқау тестілері – ұсынылады, бірақ міндетті емес. Ал іс жүзінде оларды міндетті етіп қойған. Нәтижелерге келер болсақ: біздің облысымыздағы, жалпы еліміздегі білім сапасы, өкінішке орай, керемет емес. Егер әлі күнге дейін тестілер көмектеспеген болса, бәлкім, оларға деген қарым-қатынасты қайта қарайтын және мән-мағынасыз ақша жинауды доғаратын кез келген шығар?

Алайда, мұғалімдердің ойынша, бұл оқушыларды сабақ оқуға мәжбүрлеудің бір себебі. Маған екі адаммен сөйлесудің сәті түскен еді. Олардың аты-жөндерін атамаймын.

«Негізі ОЖСБ ештеңеге әсер етпейді, бірақ мұның пайдасы бар деп есептеймін, өйткені, балаларды болашақта ҰБТ тапсыру үшін даярлайды. Екінші жағынан, балаларға өте көп күш саламыз, өйткені, 9-сыныпта бітіру емтихандарына дайындық жүріп жатады. Сұрақтар түсінікті, шешуге болатындай, көбінесе логикаға құрылған. ҚТЛ-де, айталық, «Логика» пәні енгізілген. Ал жалпыға бірдей мектептерде ол мүлдем жоқ. Егер логиканы енгізсе, оңайырақ болар еді. Біз сабақтарда логикалық есептерді пайдаланамыз. Бірақ 1-2 сағат проблеманы шешпейді. Меніңше, білім министрлігі логиканы енгізу үшін бағдарламаны қайта қарауы тиіс. Ал жалпы, әрине, бұл мұғалім үшін қосымша жүк. Бізде онсыз да қағаз жұмысы көп, ал бұл жерде тест өткізіп, көп қағаз толтырасың: сынып бойынша мониторинг, анализ. Жазып болғанша, қырғын уақыт кетеді».

«ОЖСБ – бұл екі таяқтың ұшы. Тоқсандық және жылдық бағаға еш әсер етпейді, бірақ мұғалімдердің бірін көбірек білім беруге ынталандырады. Ал енді бірі, керісінше, негізгі оқу процесінен алаңдататынына риза емес. Балаларға, әрине, пайдасы бар. Жауаптарын оқулықтардан, интернеттен іздейді».

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

21 қаңтар 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.