Оқиға орны.Нұрсая ықшамауданындағы №7 үйдің маңындағы жылу трассасының бетон жабындысы бүгін де ашық тұр. Ал сол 9 сәуірдегі қайғылы кеште ол тігінен тұрып, 8 жасар баланы басып қалды.
Отбасындағы жалғыз бала Расул көрші №4 үйде тұрады. Баланың емдеуші дәрігері, облыстық балалар ауруханасының оташысы Ризабек ҚАЙЫРОВТЫҢ айтуынша, жарақат салдарынан бауыры, өті, ас қазаны зақымданған, ұйқы безі толықтай жұлынып, оң жақ өкпесі ісіп кеткен.
Бала әлі ес-түссіз жатыр, оған ота жасалды, алайда жағдайы өте ауыр болып қалуда. Ол жан сақтау бөлімінде жатыр.
Қайғылы жағдай жылу трассасына қызмет көрсететін «Атырау қаласының тұрғын үйлеріне қызмет көрсету» ЖШС ғимаратының терезесі алдында орын алған. Коммуналдық қызметкерлер зардап шегушінің ата-анасына көмек ұсынып отыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ