Атырау, 23 қараша 04:02
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мағжанның қабірін іздеп Магаданға барғанда...

10 888 просмотра

Белгілі кинофильмдердің біріндегі кейіпкердің "Одан да сіз бізге келіңіз!" дегені амалсыз тіл ұшына оралды

Алдымен «АЖ»  газетінің 26 мамырдағы №21 санында  жарық көрген «Құлсарылық Абдулла қарт және ақын Мағжан Жұмабаев» атты материалдың елде үлкен қобалжу тудырғанын айтсақ артық болмас.  Онда репрессияға ұшыраған қазақтың дана тұлғасы  Мағжан Жұмабаев тағдырының құлсарылық Абдулла ӘБДІРАХМАНОВ баян еткен жаңа дерегі айтылған еді. Осы күнге дейін Мағжан ақын 1938 жылы атылды делініп келгенімен, онымен соғыстан кейінгі Колыма лагерлерінде бірге болған Абдулла Әбдірахманов  ақынның аштық пен аурудан 1951 жылы қалай көзжұмғанын көргенін айтқан. Осы материалдан соң Мағжан Жұмабаевтың қабірін іздеуге арналған экспедиция Ресейдің Магадан облысына барып қайтқан еді. Делегацияны «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек СӘРСЕНБАЙ басқарды. Оның құрамында «АЖ» тілшісі мен құлсарылық Абдулла Әбдірахмановтан басқа  оператор Нұрбол МҰҒАЛІМ, ақынның туыстары  Райхан ЖҰМАБАЕВА және Шәйзада БЕКІШЕВАЛАР  болды.  Сапарға Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев демеушілік көрсетті.

МАГАДАН ЭФИРІНДЕ МАҒЖАН ТАҒДЫРЫ ШЕРТІЛДІ

Жолға шығарда осы  сапардың басты себепкері, ұлы ақынның қазасын көзімен көрген құлсарылық Абдулла Әбдірахманов ақсақалдың ғасырға жуық  жасын ойлап уайымдағаным рас. Алайда  ата  мені ғана емес, сапарымызды басынан бастап бейнетаспаға жазып жүрген оператор жігіт Нұрбол Мұғалімді де  жолда қалдырғандай. 

Атырау-Мәскеу-Магадан бағытымен барлығын қоса есептегенде он сағаттан астам уақыт ұштық.  Ресей географиясының шеті  десе дегендей екен.

Әуежайда бізді Магадан облыстық  мәдениет басқармасы әкімшілігі  қызметкері Сергей Алексеевич күтіп тұрғандықтан аса қинала қойғанымыз жоқ. Қонақүйге орналасып үлгермей жатып жергілікті әріптестер бөлмеміздің есігін қақты. Аяқ асты брифинг өткіздік. Қоғам қайраткері Рысбек Сарсенбай келген мақсатымызды жергілікті журналистерге түсіндіріп берді. Ал кешке қарай ММТРК «Магадан», «ТВ-Колыма-Плюс» ААҚ телеарналары мен жергілікті басқа да баспасөз құралдары қазақстандықтар Колымадан 30-шы жылдары құғын-сүргінге ұшыраған қазақ  ақынын іздеп жатыр деп жарыса хабарлап жатты.

Сол күні  Магадан облысы губернаторының орынбасары Анатолий ПОЛОЖИЕВПЕН кездестік. Біздің Абдулла ақсақал Мағжанмен бірге отырдым деген Сусуман ауданына  бармақ ойымызды естіген ол:

- Жол өте ауыр әрі ұзақ, сіздерге ары-берісі 1400 шақырым жүруге тура келеді. Кезінде тұтқындардың  жалаң қолымен, тек қайламен, күрекпен салынған әйгілі Колыма жолына басқа  түсінік айту қиын. Әрине, бұл кісі сол жерде отырғандықтан көзімен көргісі келіп тұрғанын түсінемін. Жолайғы кей биік асуларда  тіпті 300 шақырымға дейін  тоқтайтын пункттер жоқ,-деп жанашырылық танытты.

Айта кету керек, Положиев мырза біздің  мақсатымызға құрметпен қарап, көмегін аяған жоқ.  Бірден Магадан облыстық ішкі істер басқармасына хабарласып нақты тапсырмалар беріп жатты.

- Мен сіздерді өте жақсы түсінемін. Менің де атам кезінде сталиндік лагерлер тұтқыны болған,-деп еске алды ол.- Біздің Колыма аймағы халық арасында лагерлерімен еске алынады, біздің  адам өмірі бағаланбаған мемлекетте тұрағынымыз да өкінішті.  Бірақ бүгінде өлкеміздің келбеті  өзгеше, балық өндіреміз, алтын қазамыз.

Содан соң қазақи қонақжайлыққа сай сыйлық тарту еттік. Алдымен Шәйзада Бекішева Положиевке  біздің  атымыздан алтын адам мүсінін тапсырды. Ал ол жауап ретінде А.Әбдірахманов ақсақалға  «Золотая Колыма» иллюстративті кітабын сыйға тартты.

АЮЛАР ЖОЛ ТӘРТІБІН САҚТАМАДЫ

Келесі күні «Газель» көлігімен Сусуманға жол тарттық. Алдын ала  Магадан облыстық ІІБ ақпараттық орталығы бастығы Михаил СЕРЕГИННІҢ біздің мақсатымызға орай мұрағат құжаттарын тағы бір сүзгіден өткізіп шығу туралы уәдесін алып алғанбыз.

Жол шынымен қиын болды. Атаның денсаулығын ойлап уайымдағанымды тағы да айтқым келеді. Көптеген таныстарым сапар алдында мені ақылсыздық жасап тұрсың деп жазғырған да болатын. Алайда оны да, бізді де ешкім сапардан бас тартқыза алмаған. Өйткені қазақтың  ұлы перзенті алдындағы парыз бәрінен де биік еді!

«Міне, тұтқындардың  сүйегінің үстіне салынған жол осы», - деп ойладым іштей, денем түршігіп кеткендей болды. Біраз өзендер мен биік асуларды артқа тастадық. Кейін әлгі асуларды санап қарап едім, сегіз екен: Хабель, Карамкен, Яблоневый, Болотный, Черное озеро, Дедушкина Лысина, Гербинский, Бурхагалинский.  Жол әлі күнге дейін алтын өндіріп жатқан жыралардың арасымен өтеді. Оның бойына  отызынышы жылдары бас көтерген  Дальстрой тресінің еңбекпен түзеу лагерлері  (ИТЛ-С.Т.) орналасқан. Бұл сталиндік лагерлерде КСРО-ның небір ақылды бастары мен тума таланттары отырды емес пе?!  Магаданға келгендердің барлығы  Палатка - Атка - Мякит – Оротукан – Дебин – Ягодное – Сусуман - Мальдяк.. деп жалғасып кете беретін бағыттармен жеткізілген.

Бір кезде жолды аю кесіп өтпесі бар ма? Оның артынан екі қонжығы қорбаңдап жүгіріп барады. Мен фотоаппаратыма жармасқанша олар тіпті  біздің көлігімізге  пысқырып та қараған жоқ, ағаш арасына сүңгіп жоқ болды.

- Олар несіне қорықсын, бұл жердегі қонақ біз ғой,-деп қояды Сергей Алексеевич. Оның айтуынша суық күндері  тамақ іздеген аюлардың бомждар құсап қоқыстарды аралап жүретін де кездері болады екен. Тіпті  облыстың 16 тұрғынына  1 аюдан келеді деген қызықты мәлімет те айтып қойды. Егер Магадан облысында 100 мың  халық тұратынын есептесек, аю санын да  шығару  қиын болмас деп  қоямын іштей.

Жол ұзын-ырғасы 14 сағатқа созылды. Біз Сусуманға жеткенде кешкі сағат 11 еді. Бізді жастар, мәдениет және спорт басқармасы жетекшісі   Антонина КЛЮЕВА құшақ жайып қарсы алды.

ЗЭКТАР ЖАТҚАН ЕСКІ ҚОРЫМДА

Тамыздың 19  күні таңертең бізді  аудан басшысы міндетін атқарушы Наталья ЛЕБЕДЕВА мен оның  әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Екатерина ПОСТНИКОВАМЕН кездесу күтіп тұрды.  Олар Абдулла қарттың  қайратына қайран қалғандарын жасырмады.  Ал ата болса ешнәрсеге мән берместен өз әңгімесін жалғастыра берді:

- Сусуман - ең бай аудандардың бірі болды. Мұнда тек  алтын ғана емес, көмір де өндірілетін. Магаданға дейін самолет ұшатын еді. Бостандыққа шыққанда түркімендік досым Байрамгелдіні осы  жерден Магаданға ұшаққа отырғызып жібергенмін. Біздің  көлікпен ұзақ сенделуімізге қарағанда  енді ұшпайтын болғаны ма?

- Сіздің айтуыңыз дұрыс,- деді  таңданысын жасыра алмаған Екатерина Яковлевна. –Жадыңызда бәрі сақталыпты. Бұрын ұшақ күн сайын ұшатын еді, қазір  уақытша тоқтатылған, жуық арада  жалғастырылатын болады.

Аудан әкімшілігі қызметкерлерінің айтуынша, бұрынғы лагерь барактарының ізі де қалмаған. Бірақ Абдулла қарт райынан қайтқан жоқ. Ол өзін Сусуманнан 5 шақырым жердегі Берелех поселкесіне апаруды сұрады. Оның отырған лагері де сонда болған.

Абдулла ата өз барагының қайда тұрғанын жақсы біледі

Әрине, қазір мұнда  бәрі өзгерген, ел де басқа, жер де басқа. Елу жылда ел жаңа. Ешкім сыртқа тіс жармағанымен бәрінің көкейінде бір дүдамал сұрақ тұрды.  Абдулла ата өздері жатқан жатақтардың қайда екенін дөп басып таба ала ма? Ол кісі бірден жылу беретін қазандықтың орынын іздеді.  Антонина Парфеновна да бірден жүргізушіге «ескі қазандыққа тарт» деп бұйырды.  Қазандықтың сұлбасын  көрген қария аяғы жерге тиер тиместен жүгіре басып, ентелей ұмтылды. Қазандықтың орнына қарап, жатақтардың және өздері жұмыс істеген жерді ойша топшылады. Алдымен Берелех өзенінің жағасына жетті. Тоқтады да іздегенін тапқандай қуана күлімсіреді. Көп жыл  бұрын қазылған, алтыны алынған құм-тастардың үйінділері көзге бірден түседі.

- Көз алдымнан бәрі кино құсап заулап өтті. Осы жерде алтын қаздық, оны мына өзенде жудық. Үш ай жазда алтынды сүзіп үлгеруің керек. Қыста  суық 60 граудсқа дейін барады. Бет қаратпайтын аяз басталады, - дейді Абдулла ата.

Атаның көрсетуімен ақын тұрған барактардың ескі жұртына бет алдық. Ол қиқы-жиқы салынған жер үйлердің арасымен жүріп кетті.

- Осы тұс, мына жерде қатар қатар біздің барактар тұрды. Ал қасымыздағы еңсесі биік баракта Мағжан Жұмабаев тұрды. Мынау аула болған, ара-арасында тиіп қашып тіл қатысатынбыз, - деді ата көзі жасқа тола.

Ары қарай  сапарымыздың ең  басты мақсаты - ескі қорымға келдік. Текке үміттенбеппіз. 60 жыл уақыт өтсе де өзі көрген азапты жердің ой шұқырын көне көз қарияның жады толық ұмыта қоймапты.

- Көзі жұмылғандардың бәрін апарып, осы маңға көме салатын. Оның ешқайсысын бөліп, арулап жерлемейді. Тек ішіндегі атақты зектарға ғана басына белгі орнататын. Онда да қада қағылып, есімі ғана жазылатын. Дұрыстап қараңдаршы, «1951 жыл. Сергей не Алексей» деген жазуды көрсетсеңдер болғаны. Мағжанды сол тұсқа көмген, - деген Абдулла ата бізді артқа тастап зираттарды аралап кетті.

Қарияның айтқанындай, сол жылдары саяси тұтқындармен қатар  әкелінген басқа сотталғандар да көп еді. Олардың арасындағы «воры в законе»  аталғандар тірісінде және өлісінде құрметке бөленген.  Соларға ғана ата айтқан белгілер қойылған.

Осы қорымның бір бұрышында ұлы ақынның мүрдесі жатыр-ау...

Көне қорымның қараусыз қалғаны байқалады.  Мұнда бұрынғы кеңестер  елінің түкпір- түкпірінен келген іздеушісі жоқтардың мүрдесі жатыр. Ішкерілей ену қиындық туғызды. Қорым орналасқан жер саздауыт, былқылдаған батпақ, шылқылдаған су. Антонина Парфенованың алдын ала әзірлеп қойған керзі етіктерінің арқасында батпақ пен шалшықты жасқанбай кештік. Бұдан алпыс жыл бұрын қойылған әлгі бір зэктің басына қойылған ағаш белгіні табу мүмкін болмады. Шіріген ағаш бұл төңіректі өрт шалғанда жанып кетсе керек.  Шамасы кейіндеу орнатылған болар, темірден жасалған белгілерден 1937 жыл, 1952 жыл деген жазуларды оқыдық. Демек, Мағжан Жұмабаев 1951 жылы қаңтарда қайтыс болса, осы қорымға жерленгендігіне күмән тумаса керек.

Мағжан Жұмабаевтың мұнда сүйегі жатқанына сенген көңіліміз бөлектеу тұрған, ағарған  ағаштың маңына тіземізді бүктірді. Оған  Райхан Жұмабаева мен Шәйзада Бекішева  ақтық байлады. Алматы маңындағы, Жаңалықтағы  қуғын сүргін құрбандары жатқан жерден арнайы әкелінген топырақты шөкімдеп ұстап айналаға шаштық. Туған елден топырақ бұйыртсын дегеніміз.  Абдулла қария бірнеше қайыра құран оқыды. Райхан және Шәйзада апайлардың  ардақты асыл аталарын жоқтаған қайғылы мұңы, көздерінен аққан тарам-тарам жастары  сай сүйегіңді сырқыратады. Бәріміздің де жанарымыз жасқа шыланды. Ұлы тұлғаның рухы алыстан кешігіп жеткен  жоқтаушыларының тілегін қабыл еткей. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын!

 

БАСЫН ИМЕЙ ӨМІРДЕН ӨТКЕН ТӘКАППАР АҚЫН

Аздан соң ақсақал ақын жайлы есіне түсіргендерін айта бастады. Біз де  көңілдегі сауалдарды қойдық.

- Мен Мағжан Жұмабаевпен дәл осы лагерьде таныстым. Оған көптеген адамдар барып, жолығып тұратын. Ақыл-кеңес сұрайды, әңгімесн тыңдайды. Әрине, еркін көсіліп сөйлесуге жағдай жоқ, арадағы тыңшылардан сақтанасың. Мағжан мен үшін нағыз әулие саналған адам. Орыстармен, басқаларымен шүйіркелескенде мүдірмейтін. Тілге жетік еді. Сұрақтарыңа қарай айтарым мынау, бұл жерде бізбен бірге түркмендік Байрамгелді деген, пәмилесі есімде жоқ, саяси сотталған кісі болды. Булаевтан (Солтүстік Қазақстан облысындағы аудан – С.Т.) Саттар Қазанғапов пен тағы бір жігіт болып еді. Қалғаны есімде жоқ.

- Мағжан Жұмабаевтың жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері қандай еді? 

- Мағжан кербез жүретін (ата оның жүрісін салып келтірді). Сөйлегенде адамға тіке қарамай, мойынын бір жағына бұрып, қырындау отыратын. Даусы жұмсақ, биязы еді.

- Мағжан айтқан әңгімелерден есіңізде не қалды?

- «Алаш» партиясының мүшесі болғанын, оның басшылары мен қолдаушыларының түгел дерліктей қуғындалып, қамалғанын айтқаны ойымда қалыпты. Жұмабай Шаяхметов – Сталиннің оң қолы болмақ, Сәбит Мұқанов – Голощекиннің сол қолы болмақ, Асқар Тоқмағамбетов – Мәйкевский (Маяковский дегені – С.Т.)- болмақ көрінеді дейтін. Сәбит Мұқановтың түрін бір көрсем деуші еді. Неге олай дейтінін іштей ұғатынбыз.

- Одан басқа не әңгімесі есіңізде сақталды?

- Сәбиттен зәбір көрген ау шамасы. Қазақ зиялыларына жасалған қиянаттардың шет жағасын шығаратын. Қасындағылардың жау болып шыққанын айтатын еді. Бірінші рет  Сібір жақта отырып келген екен.  Елде жүргенінде Сәбит Мұқанов  жәрдем етіп, жұмысқа алдырыпты. Кейін «бұл шіріген жұмыртқа тағы шіріп жатыр» деп  хабарлапты. Соны айтатын. Ол (С.Мұқанов - C.Т.) мәдениет, өнер саласындағы барлығын соттатты, тек жалғыз кісіні алып қалды деді. Онысы ридәксияда бастық болыпты, Түркіменстан жақтың тумасы болған.

- Мағжан Жұмабаевтың қайтыс болғанын қалай білдіңіз?

- Ертеңгісін жұмысқа апарарда сапта тұрғанбыз. Оның қайтыс болғанын естідік. Өліктерді жерлейтін арнайы адамдар болады. Солардың  әкетіп бара жатқанын көрдім. Қасына барып қоштасуға, жерлесуге күзетші әскер жібермеді. Іштей қамығып, көзге жас алдым.

Дәл осындай ағаштан жасалған жұлдыздар жұмыс нормасын орындаған барактарға қойылған. Мұндай жұлдызы жоқтар тамақтан да қағылатын еді.

- Мағжанның өліміне не себеп болды?

- Ол азапты көп көргендіктен денсаулығы нашар еді. Жұмысқа шықпай, ауырып жатқандарға 400гр. нан ғана беретін. Біз оған артылған нанымызды,шайымызды апарып беретінбіз. Шифер қайнатып ішетін. Өлер алдында ісініп, кеуініп, төрт тағандап жүре алмай қалды. Тістерінің бәрі босап, иектері ас жегізбейтін. Цингамен ауырды. Өмірден солай өтті.

- Мағжанның қандай өлеңдер жазғанын білесіз бе?

- Мен өзім сауатсыз адаммын. Оның үлкен ақын екендігін кейін білдім ғой. Аурудан арылмасын білді ме, ауылға жете алмасын ойлады ма,  бір күні бір сырты қапталған, су өтпесін деп  жазу жазылған, қолдан жасалған блокнотын берді. Көбін жәдитше және кейінгі әріппен жазған екен, мен оқи алмадым.  Оны «Алматыданмын деген қазаққа берерсің» деп аманаттаған еді. Елге жетерде поезда ұйықтап қалып ұрлатып алдым. Бұған әлі күнге дейін өкінем ( ата өкінішті үнмен өзін жазғыра сөйледі, күйінді).

Сания ТОЙКЕН

Атырау-Магадан-Сусуман-Берелех-Магадан-Атырау

Суретті түсірген автор

(Соңы келесі санда)

8 қыркүйек 2011, 01:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.