Атырау, 25 сәуір 17:42
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Май шелпектен не тиеді?

5 176 просмотра

Қазақстан аумағындағы мұнай компанияларының өзінде 50 мыңға жуық адам жұмыс жасаса, мұнай өндірісіне қызмет көрсететін компанияларды 150 мыңнан кем емес жұмысшы еңбек етеді. Республиканың мұнай сервистік нарығының көлемі жылына $10-12 миллиардты құрайды. Биыл Атырауда өткен төртінші жыл сайынғы «Қазмұнайгазсервис-2015» конференциясында ел экономикасының осы маңызды секторының проблемалары талқыланды.

Бұрынғы конференциялардан айырмашылығы биыл, менің байқауымша, залда ел өңірлерінен келген жастар көп болды. Ұрандата айтылған мәлімдемелер мен меморандумдарға қарамастан бұрынғы және қазіргі билікпен байланысы жоқ қарапайым қазақстандық бизнесмендерге назар аударып жатқандары шамалы. Ал олар бай жобаларға қатысуға талпынуда. Табысқа жетуге талпынған, әзірге өздеріне сенімді жастарға талаптарыңа нұр жаусын дейміз. Оларға көбіне не кедергі болады?

 

ТАЛАПТАР ТЕҢ ЕМЕС

NCOC басқарушы директорының орынбасары Жақып МАРАБАЕВ қазақстандық компанияларға тендерге қатысып, жеңуге кедергі келтіретін бірнеше себептерді атады. Мәселен, егер NCOC және шетелдік мердігерлер сырттан әкелінетін жабдықтар мен материалдарға салынатын кедендік баж салығынан босатылған болса, қазақстандық компанияларда мұндай жеңілдік жоқ. Осыған байланысты қазақстандық жеткізуші алып келетін тауар NCOC-дің экспедиторлық компаниялары арқылы шетелдік жеткізуші алып келген осындай тауардан қымбатқа шығады. Нәтижесінде жергілікті жеткізушілер Солтүстік Каспий жобасының жабдықтар мен материалдарды жеткізу тендерлерінен автоматты түрде шығып қалады.

Екінші үлкен мәселе қазақстандық құрылыс компанияларына лицензия беру қағидаларына байланысты деп есептейді Марабаев:

- 1-санатты лицензия алу үшін осы салада 10 жыл жұмыс тәжірибесі болу керек және мердігерлік шарт бойынша 10 нысанды немесе қосалқы мердігерлік шарт бойынша 20 нысанды жүзеге асырғанын растауы қажет. Жаңадан құрылған бірлескен кәсіпорындар тек 3-санатты лицензия ала алады, аналық компаниялардың бірінің 1-санатты лицензиясы болса да, бұл лицензиямен төменгі технологиялы нысандарда ғана жұмыс жасай аласың. Осылайша, әлемдік тәжірибеден үйрену үшін осындай бірлескен кәсіпорынды NCOC-ге тарту мүмкін болмай отыр.

CT-KZсертификаттарын алуда да осындай проблемалар бар. NCOC өкілдерінің айтуынша, сертификат беру үдерісінің төрешілденгені соншалық, оларды алу мүмкін емес. Сатып алынған тауарларда қазақстандық мазмұнның деңгейі төмен болуы осыдан пайда болуда.

 

БАРЛЫҚ КӨЛЕМДЕР ҚАРАШЫҒАНАҚТА

Бұрынғы конференциялардан айырмашылығы, мұнай компанияларының басшылары мен топ-менеджерлері келісіп алғандай жүзеге асырып отырған ірі жобаларының бюджетін айтпады. Бұған екі себеп болса керек: бұл – мұнай бағасының құлдырауына байланысты бюджетті түзеуге мәжбүр болу және осыған байланысты осы жобалардың болашағының белгісіз болуы. Бұл жерде әңгіме «Теңізшевройл» ЖШС-тің Болашақ кеңейту жобасы (БКЖ) мен Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнын Болашақ кеңейту жобасы туралы болып отыр.

ТШО өкілі өз көрсетілімінде қазіргі жағдайды түсіндірумен шектелді. Ол бәріне де түсінікті: барлық көлемдер бөлініп болған. Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасының дамыту жөніндегі директоры Джон ОЛИВЕР (суретте) қазақстандық компанияларға болуы мүмкін құрылыс қызметі көлемдерін көрсетті. Бұл 20 000 свай жеткізу, жалпы құрылыстық жұмыстар (жер жұмыстары - 400 000 м3, бетон – 75 000 м3, техникалық ғимараттар – диспетчерлік, подстанциялар және т.б.), құбыр жұмыстары (ішкі өнеркәсіптік  құбыр желілерін қоса есептегенде құбыр қаптамаларын монтаждау, – 55 000 тонна, құбырларды дайындау – 15 000 тонна, құбыр тіремелерін дайындау – 2 000 тонна, металл құрылғыларын көтеру - 18 000 тонна, жабдықтар мен механизмдерді қондыру – 20 000 тонна, электрлік жұмыстар және ӨАБ, сырлау және оқшаулау жұмыстары. Оливердің айтуынша, қазір жоба тұжырымдарды дамыту кезеңінде, келесі кезең тұжырымдамалық жобалау болады.

 

ӨЗІМІЗГЕ АРНАЛҒАН ИНЖИНИРИНГ

Мұнай сервисімен айналысатын қазақстандық компаниялардың проблемаларын Қазақстан сервистік компаниялары одағы президиумының жаңа төрағасы Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ санамалап шықты. Ол осы лауазымда отырған Жандарбек КАКИШЕВТІ алмастырды. Ал ол өз кезегінде президиум мүшесі болып қалды.

Жақсылықовтың айтуынша, пайдалы қазбаларды пайдаланушылар бюджетінің көп бөлігі жобаны толық аяқтау ЕРС-ке (Инжиниринг, Сатып алу және Құрылыс) кетеді.

- Ірі жобалардың инжинирингі негізінен шетелде орындалады, - дейді ол. –Жобалық-сметалық құжаттамаларды шетелде дайындау жобалық шешімдерге тек шетелдік тауарларды, жұмыстар және қызметтерді жеткізушілер ғана қатыса алады дегенді білдіреді. Қазақстандық компаниялар өз тауарлары мен қызметтерін ұсынғысы келгенімен, мұндай ақпараттарға қолы жетпейді, тіпті жай кездесуге де мүмкіндіктері жоқ. Мысалы, Қашаған жобасын жобалау кезеңінде технологиялық модулдер үшін International Paints компаниясының коррозияға қарсы сырының спецификациясы салынған. Басқа сыр өндірушілер, соның ішінде, мәселен, Хемпель компаниясы келеді, олар зауыт құрылысына қатысуға ниет білдіреді, алайда оның өнімдері мұнда керек емес, өйткені технологиялық шешімдерде International компаниясының өнімдері жазылған. Инжинирингке қазақстандық компанияларды қосу туралы ұсынысымызға елде мамандар жоқ, қымбатқа шығады, экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп жауап береді. Егер біз қазір мұны жасауды бастамасақ, қашан біз өзіміздің әлемдік бәсекеге қабілетті инжинирингті компанияларымызды өсіреміз?

Жақсылықовтың пікірінше, қазақстандық мердігер компаниялар жұмыс көлемдерін бірнеше себептерге байланысты ала алмайды. Атап айтсақ, көпшілігі үлкен сомада банктік кепілдік бере алмайды. Үлкен келісімшарттарды алғанда олар кассалық айырмашылықтарды өздері қаржыландыруы керек, ал бұл үлкен ақша. Сонымен қатар, оларда техника да, мамандар да жетіспейді.

Нәтижесінде ірі құрылыс мердігерлік жұмыстарды ашық тендер өткізбейтін шетелдік ЕРС мердігерлер алады. Сонымен қатар, қаражаттардың көп бөлігі шетелдік компаниялардың табысы ретінде Қазақстаннан сыртқа кетеді.

– Тиімділіктің төмен болуы салдарынан кәсіпорынды жаңғырту, шығындарды қысқарту, бағаны төмендету және өнімділікті арттыру туралы айтпағанда, жергілікті компаниялардың мамандарды оқытуға, заманауи жабдықтарды сатып алуға және басқа ірі жобаларға қаржылық жағынан әзір болуы үшін қаржылық ресурстары жоқ, - деп сөзін жалғастырды Жақсылықов. – Бұдан басқа, заңнамаға қатысты түрлі тәсілдер бар. Мәселен, мердігерлердің еңбекақы қорының 95 пайызы қазақстандық азаматтарға төленуі тиіс. Алайда шетелдік ЕРС-мердігер шетелдік қызметкерге жалақыны бас кеңсе немесе рекрутингтік агенттіктер арқылы жайбарақат төлей алады. Бұл еңбекақы төлеу қоры туралы есептемеде көрсетілмейді. Болып жатқан нәрселерге біз қашанғы шыдап, көз жұма қараймыз? Қазір Теңізде үлкен зауыт салынатын болып жатыр, тағы да шетелдік компаниялар тартылып, біздің компаниялардың әрі кеткенде қосалқы мердігер болатындығы мазалайды. Құрылыс аяқталғаннан кейін бес жылдан соң біз өзімізден, неліктен жұмысты орындай алатын, мәселен, Қашаған жобасын жүзеге асырудың 2-кезеңінде ірі қазақстандық мердігер компаниясы жоқ деп сұрайтын боламыз. 

Өз сөзін Сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы отандық мұнай сервис және машина жасау компанияларының бәсекеге қабілеттілігін арттырумен айналысатын «ҚазСервис Кеңес институтын» құру ұсынысымен аяқтады. Сонымен қатар, президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсыну өтінішімен хат жолдауға қатысушылардан келісім сұрады. Залдағылар түсінбей бір-біріне қарады, бірақ ешкім қарсылық білдірген жоқ.

 

«ТЕҢІЗДЕ МЫҚТЫ КАДРЛАР ЖЕТІЛДІ»

Дәстүр бойынша, залдан тапсырыс беруші компаниялардың өкілдеріне сұрақтар мен олардың дерекқорларына кіру мүмкіндігі және кері байланыстың жоқтығына қатысты шағымдар болды. Атап айтқанда, жергілікті жобалау компанияларын көзге ілмейтін Қашаған жобасының менеджерлеріне наразылықтар айтылды. Алайда басқа да пікірлер болды. Мәселен, ККЖ-на қатысушы қазақстандық компания басшыларының бірі тендер өткізу барысындағы ТШО-ның процедуралық талаптарының орынды екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынысты қарау кезінде компания оны профильдік емес жұмыс жүргізуден құтқарып, оны басқа қызмет жеткізушіге берген. Ол сондай-ақ, ТШО-дан тәжірибе жинаған қазақстандық менеджерлердің жоғарғы кәсіби деңгейі туралы сенімді түрде мәлімдеді. Оның айтуынша, жұмыс барысында олар жеке мүдделері туралы емес, мемлекеттік ауқымда ойлап, қазақстандық мазмұнды дамытуға қолдау көрсетеді, осы ТШО менеджерлерінің әрқайсысы бүгінгі таңда министрлікті тиімді басқара алар еді...

«КАЗГИПРОНЕФТЕТРАНС» (КГНТ –KPJV құрамындағы қазақстандық ҰҚБЖ/ККЖ жобалаушыларының бірі) Инжиниринг компаниясы ЖШС бас директоры Фуад СЕРІКОВ(суретте) Өз сөзінде BRENT маркалы мұнай бағасының екі есеге төмендеуіне байланысты мұнай-газ саласын өткен жылдың басты ньюсмейкері деп атады. Оның пікірінше, бәрі соншалықты мүшкіл емес. Өткен жылы Brent-тің орташа бағасы 99 долларды құрады, ал әлемдік нарықтағы мұнай ұсынысы бар болғаны 1 пайызға артқан, пайдаланылатын мұнай станок-тербелмелер саны жыл сайын өсуде және жаһандық экономиканың дамуы жалғасуда:

– Көмірсутек саласының, соның ішінде қазақстандық саланың болашағына сенемін, - деп ол сөзін оптимистік күйде аяқтады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

10 наурыз 2015, 18:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.