Атырау, 9 мамыр 02:11
 ашықВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

«Бізге шағым жазыңыз»

5 207 просмотра

Оқырмандар сауалдарына Атырау облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Өмірзақ ЗИНУЛЛИН (суретте) жауап береді.

БАҚЫЛАУ ТАРАЗЫЛАРЫ ТУРАЛЫ

- Атырау қаласының супермаркеттерінде неге бақылау таразылары жоқ? Олар тұтынушыларды алдауға жол бермейтін еді. 

«АЖ» поштасынан

– ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңына сәйкес, тауардың (жұмыстың) салмағы, саны, ұзындығы және өзге де өлшемдері тұтынушының күмәнін туғызған жағдайларда сатушы (дайындаушы) аталған сипаттамаларды ҚР өлшем бірліктерін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес ҚР аумағында қолдануға рұқсат етілген өлшем құралдарының көмегімен дербес тексеруге мүмкіндік беруге міндетті. Тұтынушылар құқығын қорғау туралы ҚР заңнамасын бұзған адам ҚР заңымен бекітілген жауапкершілікке тартылады.

– Өндірушінің фабрикалық қаптамасында өнімнің нақты салмағы көрсетілген (әңгіме мұздатылған құс еті, қанаты, балапан, теңіз азық-түлігі және т.б. жөнінде), ал, супермаркеттерде салмақ туралы жазбаның үстінен фабрикалық өнімнен 20 немесе 40 граммға асып түсетін басқа салмақпен өз бағаларын жабыстырады. Теңіз тағамдары секілді қымбат тауарларды сатып аларда сатып алушы артық өлшенген салмақ нәтижесінде қаптама үшін 150 теңге артық төлейді. Бұл қалыптасып қалған практика, сондай-ақ, бұл өнімдерге шприцпен су айдап немесе тауар салмағын арттырудың басқа да тәсілдерін қолданады деген ойларға жетелейді. Зауыт салмағы бойынша қайта өлшеңіз деген талабымызды кассирлер орындамайды, ал, менеджерлер ештеңе істей алмайтындарын айтады. Мұндай жағдайда сатып алушы не істеу керек?

Антонио

– ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 190-бабына («Тұтынушыларды алдау») сәйкес, cауда қызметін және қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын дара кәсіпкерлердің немесе ұйымдардың кем өлшеуі, таразыдан жеуі, есептен жеуі, тауардың (көрсетілетін қызметтердің) тұтыну қасиеттеріне немесе сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыруы немесе өзгедей  алдауы – жеке тұлғаларға – он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Сонымен қатар, әкімшілік шараны құқыққорғау органдары қолданады. Сондықтан сізге ішкі істер органдарына арыздану керек.

 

БІЗДЕ МОРАТОРИЙ. БІРАҚ ШАҒЫМДАРДЫ ҚАРАЙМЫЗ

– Қыста емханада жүргенде күтпеген жерден СЭС-тан келген екі тексерушіні кездестіріп қалып, оларға дәріханада мерзімі өтіп кеткен дәрумендер сатылып жатқанын айтып бердім (тіпті, мекенжайын да көрсеттім). Бірақ олар маған «дәріханаларды тексеру көктемде жүргізіледі», деп жауап берді. Әрине, дәріханаларды жоспарлы тексеру туралы алдын ала біледі, стеллаждардан мерзімі өтіп кеткен тауарларды алып тастайды. Сонда жоспарлы  тексеруден бөлек, аяқ астынан, жоспардан тыс тексерулерді жүргізуге болмай ма? 

«АЖ» поштасынан

– Қала супермаркеттерінде мерзімі өтіп кеткен өнімдер жиі кездеседі. Мәселен, жыл сайын біз жаңажылдық сыйлықтарды сатып аларда тәттілердің мерзімі өтіп кеткенін байқаймыз. Неге бақылау жоқ, неге тексеру жүрмейді?

Мейрамбек Еламанұлы

– Дайын дәрі-дәрмек сататын дәріханалар СЭС органдары жүргізетін жоспарлы тексеруге жатпайды. Одан бөлек, ҚР президентінің «Кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» бұйрығына сәйкес, 2014 жылдың 2 сәуірінен бастап шағын және орта бизнес субъектілерін (оларға дәріханалар да жатқызылады) жоспардан тыс тексеру жүргізілген жоқ. Осы мәселе бойынша сізге Атырау облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Департаментіне арыздану керек. Мекенжайы: Байтұрсынов көшесі, 53 үй, телефоны: 27-31-94, 27-19-69. 

Одан бөлек, тауарлардың мерзімі өтіп кеткендігі жөнінде немесе басқа да бұзушылықтар туралы сіз біздің департаментке немесе қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасына шағымдана аласыз. Сіздің шағымыңыздың негізінде біздің мамандар жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылады. Мекенжайымыз: Гурьевская көшесі, 7а.

– Бізде ешкім шаштараз салондарын тексермейді. Жұмысшылары лас маман киімінде жүреді, құралдары арнайы залалсыздандырылатын ерітінділерде тазаланбайды. Шаштараздардың жұмысы қаншалықты жиі тексерілді? Бақылаушы органдар неге әрекет етпейді?

 azh.kz сайтынан

– Санэпидстанция қоғамдық көліктердің ішін тексере ме екен? Терезелер мен едендері жуылмайды, орындықтардың алым-жұлымы шыққан, бәрі сызылған, салонды шаң басқан...

«АЖ» поштасынан

– Тағы да еске салып кетемін, президенттің бұйрығымен шағын және орта бизнес субъектілерін тексеру 2014 жылдың 2 сәуірінен бастап тоқтатылған. Алайда, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап оларды азаматтардың шағымдары мен арыздары бойынша тексеруге болады. 

Сіз Атырау қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасына арыздана аласыз. Ол үшін арызда нысанның атауы, мекенжайы, қожайынының толық аты-жөні көрсетілген болуы қажет. Сондай-ақ, ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Заңының 6-бабына сәйкес, өзіңіз туралы мәліметтер мен мекенжайыңыз көрсетілуі қажет. Сіздің арызыңыздың негізінде біздің қалалық басқарма жоспардан тыс тексеру жүргізеді. 

 

ПӘТЕРДЕ ЖЫЛУ БОЛМАСА...

- Пәтердегі температура 15-17 градус жылылықтан аспайды, ал, құрылыс нормалары және ережелеріне сәйкес, ол 20 градустан төмен болмауы тиіс. АЖЭО-на хабарластық, онда тұрғын үйлерге жылуды талап етілген температуралық режимге сәйкес беріп отырғанын, ал, пәтерден жылудың қайда кетіп жатқаны – жылу берушілерге қатысы жоқ деп айтып отыр. Бұл жағдайда маған тұтынушы ретінде тиісті сападағы қызмет көрсетіліп отырған жоқ, бірақ ол үшін ақшаны толық төлеп отырмын.

Мұрат

– Пәтердегі температуралық режимге қатысты сізге үйіңізге қызмет көрсететін ПИК-ке жолығу қажет. Көппәтерлі тұрғын үйдің пәтеріндегі температураны өлшеу үшін сіз қалалық тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне мекенжайды, үй және пәтер қожайынының толық аты-жөнін көрсете отырып арыздана аласыз. 

– Әліпов көшесі, 2-үйдің шатыры қатты желмен ұшып кетті. ПИК-ке бардық, олар жұмысшылар жоқ деп отыр, өз күшімізбен жөндеп көруге әрекеттеніп едік, ештеңе істей алмадық. Ортақ шатырдың жөндеуін кім жасауы тиіс? Біздің үйіміз модернизациялау бағдарламасына ілігу үшін қайда баруымыз керек?

С. Абдрахимов.

– Шатыр жөндеуін сіздің үйіңіздің ПИК-і жасауы тиіс. Сіздің үйіңізді тұрғын үйлерді модернизациядан өткізу жоспарына енгізу үшін ПИК қалалық тұрғын үй инспекциясына сіздің үйіңіздің тұрғындарының келісімімен тапсырыс беруі тиіс. Толық мәлімет алу үшін қалалық тұрғын үй инспекциясына хабарласа аласыз. Мекенжайы: Азаттық даңғылы, 101 А, телефоны: 25-45-87.

– Біздің пәтерлердегі орталық жылыту жүйесі әлсіз. Жылытқышты қолдануға тура келеді, электр энергиясы артық жұмсалғасын көп сомадағы есепшот келеді. Сонымен қатар, біз жоқ жылу үшін де ақша төлеп отырмыз. Бесқатарлы үйде тұрамын, автономды жылыту қазандығын орнатқым келеді. Рұқсат алу үшін қайда бару керек?

 «АЖ» поштасынан

– Сіздің пәтердегі ауа температурасының сәйкессіздік себебін анықтау үшін «Атырау ЖЭО» АҚ-на жазбаша арыз жолдауыңызды ұсынамыз, мекенжайы: Қабдолов даңғылы, 9.

Бекітілген техникалық ережелер сақталған жағдайда автономды жылыту қондырғысын орнатуға болады. Автономды жылытуға көшуге рұқсат алу үшін сізге «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалына жолығу қажет. Мекенжайы: Досмұхамедов көшесі, 4.

– Жылу маусымының басынан бастап пәтерде жылу болған жоқ: үйдің жертөлесінде жылу тұрбалары кесілген болатын. Салдарын өз күшіміз бен өз ақшамызға жойдық. ПИК төрағасы тұрбалардың зақымдалғаны туралы акт берді. Алайда, ЖЭО-да бұл актіні қабылдамады және жылуды қайта есептеуден бас тартты. Олардың қызметкерлері тексеру кезінде болмағанын және сол себепті осы факт растала алмайтынына сілтеді.

Алексей Владимирович

– Бұл ПИК төрағасы тарапынан жіберілген қателік болып саналады. Акт ПИК және «Атырау ЖЭО» АҚ өкілдерімен бірге жасалады. Сіз үй мекенжайын көрсетпегеннен кейін «Атырау ЖЭО» АҚ бізге нақты жауап бере алмады.

– Қысқы кезеңде шүмектен ыстық су ағу үшін әр таңда суды бірнеше минут жіберу керек. Орнатылған су есептегіштер ол ыстық әлде салқын екенін ескермейді. Сондықтан ыстық суға артық төлеп отырмыз.

– Бұл сауал бойынша сізге «Атырау ЖЭО» АҚ-на жолығу қажет, себебі, ыстық сумен қамту жүйесі істен шыққан болуы керек. 

ЗАҢ СІЗДІҢ ЖАҒЫҢЫЗДА

– Қаладағы автосалондардың бірінен несиеге автокөлік сатып алдым. Сатушы-кеңесші автокөліктің бағасы мен параметрлерін жазып, прайс парақшасына сәйкес, мені банк кеңесшісіне жіберді. Банк несиені мақұлдағанда сатушы автокөлікке қосымша жабдық бекітілгенін және енді машина 600 000 теңгеге қымбат тұратынын айтты. Біз қосымша жабдықтан бас тарттық. Алғашқы жарнаны төледік, сату-сатып алу келісімшартына қол қойдық, онда қосымша жабдықсыз автоның бағасы көрсетілген. Бір аптадан соң біз көлігімізді алдық, ал бірнеше күннен кейін дүкен сатушысы қосымша жабдық ақша төлеу туралы өтінішпен хабарласты. Мен келіскен жоқпын, жабдықты алып тастауын айттым. Мен бұл қосымша жабдық үшін ақша төлеуге міндеттімін бе немесе менің оны қайтаруға құқым бар ма?

Юлия Дорошенко

– Құрметті Юлия! Сіз қосымша жабдық үшін ақша төлеуге міндетті емессіз, өйткені, сату-сатып алу келісімшартында бұл туралы көрсетілмеген және сіз оны қайтаруға немесе қосымша жабдығы жоқ басқа автокөлікке ауыстыруға құқылысыз. ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңына сәйкес, сіздің таңдау құқығыңыз бар.  

– 20 ақпанда қаладағы дүкендердің бірінен несиеге газ плитасын сатып алдым. Ол жарамсыз болып шықты. Дүкенде ауыстырудан бас тартып, бізді сервис-орталыққа жіберді. Маман газ плитасының жарамсыз екеніне көзі жеткізіп, бізге тауарды ауыстыру туралы акт жазып берді. Алайда, дүкенде бізге қоймада ондай үлгідегі газ плитасы қалмағанын айтады. Біз басқа газ плитасын беруді талап еттік, бірнеше күн өтті, әлі жауап жоқ. Заң бойынша олар маған тауарды 14 күннің ішінде ауыстырулары тиіс қой. Не істеуім керек?

Мұрат

– ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңының 30-бабына сәйкес, егер тиісті сападағы азық-түліктік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ, тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы): 1) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды; 2) іш киімді; 3) шұлық-ұйық бұйымдарын; 4) жануарлар мен өсімдіктерді қоспағанда, оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.

Осы заңның 17-бабына сәйкес, жарамдылық мерзімі белгіленген тауарға қатысты тұтынушы тауардағы кемшіліктер туралы, егер олар тауардың жарамдылық мерзімі ішінде табылса, талаптар қоюға құқылы. Егер тауарға кепілді мерзім немесе жарамдылық мерзімі белгіленбесе, сатылған тауардағы кемшіліктер, егер ҚР заңнамасында немесе шартта бұдан да ұзақ мерзімдер белгіленбесе, тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл шегінде табылған жағдайда тұтынушы тауардағы кемшіліктермен байланысты (тауар ауыстыру, ақшаны қайтару, жөндеу және т.б.) талаптар қоя алады. Егер сіздің заңды талаптарыңыз орындалмай жатса, сіздің оны сот арқылы орындатуға құқыңыз бар, сондай-ақ, әрбір мерзімі өткен күні үшін тауар құнының 1,0 пайыз тұрақсыздық айыппұлын төлеттіре аласыз және ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңының 18-бабына және ҚР Азаматтық Кодексінің 352-бабына сәйкес, моральдық зиян өндіре аласыз. 

 

СЫНАП ҚАУІПТІ

- Энергияүнемдегіш лампалар қалай және қайда зарарсыздандырылады?

Телефон арқылы

- Мұндай лампаларды қоқыс жәшігіне тастауға болмайды. Энергоүнемдегіш лампалар құрамында аз көлемде болса да сынап бар. Сынап буы өткір улану, жүйке жүйесі ауруларын тудыруы мүмкін. Облыста энергоүнемдегіш лампаларды залалсыздандыратын қондырғымен қамтылған бір ғана мекеме бар, ол - Атырау қаласындағы «Вест Дала» ЖШС, лампаларды сонда тапсыруыңыз қажет.

 

АУЛА ҚАРАҢҒЫ...

– Қысқы уақытта 5-ші және 6-шы сабақтар қараңғы түскенде бітеді. Мен №6 орта мектептің айналасының жарығын қосу туралы өтінішпен сол мектептің өзіне де, облыс әкімдігіне де, облыстық білім беру басқармасына да хабарластым. Бірақ ешқандай жауап жоқ. Ал, сонда мектеп айналасындағы жарықтандыру бағандары неге қажет?

Степан Степанов

– Қараңғы уақытта мектеп аумағы жарықтандырылуы тиіс («Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен білім беру нысандарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың» 2-бөлімінің 24-тармағы). Аталмыш мектепке жоспарлы тексеру 2015 жылдың желтоқсанында жүргізіледі. Нақты факт бойынша (мектептің сыртқы жарығы) сіз Атырау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне немесе қалалық басқармаға толық мәліметіңізді көрсетіп, шағымдана аласыз. Сіздің шағымыңыздың негізінде біз нысанға жоспардан тыс тексеру жүргіземіз.  

– Біз Авангард 4 ықшам ауданындағы «Бавариус» мейрамханасына қарама-қарсы №№9, 10, 12 үйлерде тұрамыз. Мейрамхана тұрбаларынан біздің ауламызға тұншықтырғыш иіс келеді, ауаға асүйдегі иіс таралған. Құдды бір пеште барлық тамақ қалдығын өртейтін секілді. Аула жабық, желдетілмейді. Балалармен серуендеуге шығу мүмкін емес, терезе аша алмаймыз, киім іле алмаймыз. Одан бөлек, бүкіл үйден, «Атаба» дүкенінен, мейрамханадан шығатын қоқыс кәрізі ылғи да толып тұрады, қоқыс аулада шашылып жатыр. Дүкен мен мейрамхананың айналасы жиналмайды. Кімге шағымдануға болады? 

«АЖ» поштасынан

– Мораторийге байланысты «Бавариус» мейрамханасы 2014 жылдан бүгінгі күнге дейін тексерілген жоқ. Сіз Атырау қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасына арыздана аласыз, ол үшін нысанның атауын, орналасқан мекенжайын, сондай-ақ, оның қожайынының толық аты-жөнін (тегін, атын, әкесінің атын) және өзіңіздің байланыс деректеріңізді көрсетесіз. Сіздің арызыңыздың негізінде қалалық басқарма жоспардан тыс тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдайды. 

 

САУДАДАҒЫ ГИГИЕНА ТУРАЛЫ

– Ірі супермаркеттерде сатып алушылар өз балаларын азық-түлік салатын арбаға отырғызады. СЭС супермаркет қожайыны мен сатып алушыға осындай санитарлы нормаларды сақтамағаны үшін айыппұл салуға құқылы ма?

Телефон арқылы

– «Тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда нысандарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардағы» 4-бөлімінің 64-тармағында: «Контейнерлер, мүкәммал ыдыс (арбалар, себеттер, торқапшықтар), таразылап өлшеу аспаптары жуу құралдарын қолдана отырып күн сайын жуылады және кептіріледі» делінген. 2014 жылы супермаркеттерде анықталған бұзушылықтар үшін 235 204 теңге сомасындағы 22 айыппұл санкциясы салынған болатын. Жоспарлы тексерулер бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіледі. Олар бас прокуратура сайтында жарияланған, сондай-ақ, нысанға бармас бұрын оларды 30 күн ішінде жүргізілетін тексеру жөнінде ескертеді, яғни, тексерулер қатаң реттеледі. Кәсіпкерлік нысандардың жұмысын күнделікті және қайта-қайта бақылауға мүмкіндік жоқ. Қарапайым гигиеналық ережелерді сақтау - әр адамның азаматтық міндеті. 

-Нан-тоқаш өнімдерін  жеткізуші фирмалардың (олар көбіне нанды жәшіктерден қолдарына ештеңе кимей шығарады), мектептерге ыстық тамақ таситын жұмысшыларда, көкөніс сататын дүкен сатушыларында санитарлық кітапшаның болуы міндетті ме? Тағы бір сұрағым, дүкендерде таразыда өлшенген заттың салмағын көбейте отырып дөңгелектеу дұрыс па?

Ілияс Қапизолла

- «Тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда нысандарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»  санитариялық қағидаларына сәйкес 9-тармақтың, 175-тармақшасында көрсетілген: «Нысанның жұмыскерлері, тамақ өнімдерін тасымалдаумен, тиеумен, түсірумен, өткізумен айналысатын адамдар, сондай-ақ, арнайы оқу орындарының оқушылары өндірістік тәжірибеден өтпес бұрын, жұмысқа тұру алдында алдын ала және мерзімдік міндетті медициналық тексеріп-қараудан өтеді. Медициналық тексеріп-қаралғаны және жұмысқа жіберілгені туралы белгі қойылған жеке медициналық кітапша жұмыс орнында сақталады». Осы құжаттағы 141-тармақшада «Нан және нан-тоқаш өнімдерін іріктеу және жаңа пісірілгендігін анықтау үшін нысандарда (бөлімдерде) арнайы шанышқы, қысқаш қолданылады. Нан-тоқаш өнімдерін қаптамалау үшін қағаз немесе полиэтилен пакеттер қолданылады» деп  талап етілген. 

Дүкендерде таразыда өлшеген заттың салмағын, нәтижесін дөңгелектеу дұрыстығын анықтау үшін Атырау облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінен кеңес алуға болады. Мекенжайы: Абай көшесі, 10а, телефоны: 32-08-17

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

5 наурыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.