Атырау, 10 мамыр 20:28
 ашықВ Атырау +9
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Тайсойған полигоны бес есеге кішірейді

4 825 просмотра

Өткен аптада ҚР парламенті сенатының депутаты Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ (суретте - сол жақта) Атырауға келген сапарында ресейлік әскерилермен жасалған келісімшарт бойынша пайдаланылып жатқан Қызылқоға ауданындағы әскери полигон алаңының 80 пайызға кішірейтілетінін хабарлады.

Ағымдағы жылдың 6 ақпанында ҚР президенті Н.Назарбаев «1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің (нысандары мен ұрыс алаңдары Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан) 929 Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығын пайдалану тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы» Жарлыққа қол қойды.

Келісімде Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының аумағында орналасқан Тайсойған полигоны туралы айтылады.

Сенатордың айтуынша, президент жарлығымен ауылдық, аудандық, облыстық әкімдіктердің, екі елдің қорғаныс министрліктері қызметкерлерінің қазіргі кезде ресейлік әскерилер қолданып жүрмеген кеңес жылдары құрылған полигон алаңын белгілеу жөніндегі үш жылғы жұмысы қорытындыланған. Мұнай өндіру мен ауыл шаруашылығы үшін болашағы бар жерлердің қайтарылу жұмыстары депутат С.Еңсегеновтің белсенді қатысуымен жүргізілген.

Атырау облысының аумағында полигон Қызылқоға ауданы аумағының үштен бір бөлігін алып жатыр. Сонымен қатар оған Атырау қаласының түбіндегі Ақжар поселкесінде орналасқан әскери бөлімше мен Индер ауданының Сарымайшағыл ауылының аумағы да жатады. Келісім күшіне енгеннен кейін полигон алаңы 80 пайызға кішірейеді. Зымыран жарықшақтары ешкім пайдаланбайтын сортаңды жерлерге түсетін болады. 

Екі елдің қорғаныс министрлерінің келісімге қол қою рәсімі наурыз аяғында жүргізіледі деп жоспарланып отыр.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

5 наурыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.