23 желтоқсан күні Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрының директоры Асылбек ЫҚСАН облыстық мәдениет басқармасы басшысының бұйрығымен жұмыстан босатылды. Театр ұжымы мұндай шешіммен келіспейді.
ШЫҒУ ТУРАЛЫ БҰЙРЫҚ БЕРІЛДІ
Біз театрға келгенде Асылбек Ықсан залда ұжымымен жиналыс өткізіп тұрды. Біз келердің алдында облыстық мәдениет басқармасы басшысы Алтынбек НЫСАНҒАЛИЕВ Асылбек Ықсанды жұмыстан шағыру туралы бұйрықты оқып, кетіп қалыпты. Ал А.Ықсан оның жұмыстан шығарылғаны жөнінде өзіне алдын ала ескертілмегенін және жұмыстан не үшін шығарғанын түсіндірмегенін айтады.
- Ұжым алдында бұйрықты тез-тез оқыды да кетті. Маған сөгістер берілгенін айтты да, не үшін берілгенін айтқан жоқ. Мен естігенім жоқ, әлде айтты ма? (ұжымға қарата).
Залдан бір дауыс:
- Оның айтқанын орындамайтыныңызды айтты, еңбек заңнамасынан алынған бір баптарды атады.
Сәл кейін біз фойеде А.Ықсанмен және театрдың басқа да қызметкерлерімен сөйлестік.
Облыстық драма театрының директоры Асылбек ЫҚСАН.А.Ықсан:
- Негізгі мәселе мынада, біз спектакльдерімізді қойып, көрермендерге көрсете алмай отырмыз. Бұл театрдың сахнасы актерларға босамайды – мұнда күн сайын біреулердің туған күндері, еске алу кештері, әзіл сықақ театрлар мен эстрада әншілерінің концерттері өтеді. Бізге өз сахнамыз айына 7-8 күн ғана тиеді. Әңгіме менің бұл театрға келіп кетуімде емес, шығармашылық ұжымның аянышты халде болуы. Егер актер репетиция жасамаса, премьералар әзірлемесе, репертуарлық спектакльдерде ойнамаса, онда ол өзінің творчестволық мүмкіндігінен айырылады, дымсыз қалады. Бізде жақында оқу бітіріп келген жастар бар, олар да ойнағысы келеді. Олар Шыңғыс Айтматовтың Гүлсарысының күндерін кешіп отыр. Олар өз творчестволық мүмкіндіктерін көрсете алмай отыр.
Біз әрине республикалық маңызы бар шаралардың өтуіне, Фариза апайымыз сияқты үлкен алыптардың кешінің өтуіне қарсы емеспіз. Бірақ бұдан басқа рухани салмағы, дәмі жоқ арзанқол театрсымақтар, эстрада әншілері біздің театрды жаулап алды. Біз тіпті көрерменге билет сатылып жариялап қойған спектаклімізді репертуардан алып тастауға тура келді. Өйткені мәдениет басқармасынан бізге оның орнына басқа шара болатынын хабарлады. Мен осы мәселені Нысанғалиевтің алдына әуелден қойып келе жатырмын. Оған бұл ұнамайды, сөгіс береді де тұрады. Жұмыстан шығармай тұрғандағы соңғы сөгісі 15 желтоқсанда - Тәуелсіздік күнін тойлау шарасында LED экраны сахнада жұмыс істемей қалғаны үшін берілді. Ал бұл экран театрға қатысы жоқ, ол қала мүлкі. Біздің театрдың LED экраны жұмыс істеп тұр.
«ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ МҮМКІНДІК БЕРІҢІЗДЕР!»
А.Ықсан Махамбет Өтемісұлы атындағы театрға келгеніне төрт жылдай болды - ол әуелі бас режиссер және көркемдік жетекші, кейін директор болды. Актерлардың сөздеріне қарасақ, бас әкімшінің шығармашылықтың адамы, әрі драматург, әрі режиссер болуы жақсы деп отыр. Олар да театрдың басқа қызметкерлері секілді сахнадан айырылып қалғандарын айтты. Театрда бүгінде 133 адам жұмыс істесе, соның 43-і актерлар және бутафор, тігін, ағаш өңдеу шеберханалары, гримерлар және т.б. бар.
Актриса, ҚР Мәдениет қайраткері Әлия ЖАҚСЫБАЕВА:
- Іштегі шерді тарқататын кез келген сияқты. Мен осы театрда 42 жыл жұмыс жасап келемін, зейнетке шықсам да, әлі де сахнаға шыққым келеді. Бар шығармашылық мүмкіндігімді пайдаланып, сахнада бар жан-тәнімізбен беріліп жұмыс жасағымыз келеді. Мәдениет басқармасы басшылығына осындай адамдар келеді де жұмыс істетпейді. Біз репетиция жасап, көрермендер үшін ойнағымыз келеді, бізге сахна керек.
Актер, ҚР Мәдениет қайраткері Сәбит ҚОЖАБЕКОВ:
- Біз негізінде аптаның әр күнінде спектакль қоюымыз керек. Ал біз кейде әзірлік жасайтын жер таппай қиналамыз. Жақында Қарағандыда гастрольмен бардық – онда театр аптасына 6 спектакль қояды екен. Біз оларға қызықтық. Жиналыстар мен басқа да іс шаралар мәдениет үйлерінде, білім ошақтарында өтсін. Бізге жұмыс істеуге мүмкіндік берсін деп сұраймыз.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Алтынбек НЫСАНҒАЛИЕВ.«БӘРІ ТЕАТРДА ӨТКІЗУДІ ҚАЛАЙДЫ»
Кейін журналистер облыстық мәдениет басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиевпен кездесті. Ол былай деді:
- Менің бұл лауазымда жұмыс істегеніме жыл жарымдай болды, осы жылдар ішінде біз кезектен тыс театрдың алты қызметкеріне үй бердік. Бұл бұрын болмаған жағдай. Биыл тағы бес адамға үй береміз деп жоспарлап отырмыз. Ал Асылбек Ықсанға төрт рет қатаң сөгіс берілді. Не үшін дейсіз бе? Бұйрықтарды қараңыз, онда бәрі жазылған. Ол қорытынды шығармағасын жұмыстан босату туралы бұйрық шығарылды.
- Асылбек Ықсан театрға қатысы жоқ шаралар өте көп өтеді, труппаның дұрыс жұмыс істеуіне мүмкіндік жоқ дейді.
- Бұл жерде әрине аздап шындық бар. Атырау қаласында үлкен шараларды өткізуге арналған 600 орынға арналған бір ғана орын бар, ол - театр. Сондықтан, бәрі шараларды сонда өткізуге ұмтылады. Концерттік залдың құрылысы тұрып қалды, өздеріңіз білесіздер.
Мен театрда директор болған адаммын. Театрда бірнеше дайындық залы бар, әзірлік үшін бөлме жетеді онда. Ол үшін міндетті түрде сахнаның қажеті жоқ.
- Биылғы жылы облыстық театрда алты премьера қою жоспарланды, бірақ тек екеуі ғана болды. Сіз мәдениет министрлігіне қалай есеп бересіз?
- Бір жылда шамамен 35 репертуарлық спектакль қойылады. Бұл жеткілікті.
- Актерлардың көңілдері толмай отыр: өз жұмыстарымен айналысудың орнына олар түрлі шараларды жүргіземіз деп шапқылап жүреді.
- Шапқылап жүрсе, олар ақшасын алып отыр.
- Олар ақша алған жоқпыз дейді.
- Бұл жұмыс үшін облыстық мәдениет басқармасы емес, сол шараларды ұйымдастырушылар төлейді.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Зинат ОРЫНБАСАРОВА