Атырау, 27 қараша 23:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Сотсыз-ақ келісімге келді

2 880 просмотра

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы мен «Атырау Энергосату» ЖШС шағын бизнес субъектілері үшін электр энергиясын алдын ала 100 пайыз төлеуді жою туралы меморандумға қол қойды.

- Алдын ала 100 пайыз төлем төлеуді енгізу туралы шарт проблемалы мәселелердің бірі болған еді. Бұған осы шарттың заңдылығын анықтау талабымен кәсіпкерлердің көптеген шағымдары дәлел бола алады. Ол қосымша қаржылық күш түсіріп, бизнестің дамуына теріс әсерін тигізді, - деп атап өтті кәсіпкерлер палатасының төрағасы Асылбек ЖАКИЕВ.

Бұрын палата энергияны үнемдеу қызметіне мониторинг жүргізген болатын. «Атырау Энергосату» ЖШС жеткізетін электр энергиясы үшін алдын ала 100 пайыз төлем төлеу талабы заңсыз екендігі анықталды. Өйткені, ҚР Азаматтық кодексінің 488-бабының 1-тармағына сәйкес, «энергияға ақы төлеу есепке алу аспаптарының көрсеткіштерiне сәйкес анықталатын, абонент iс жүзiнде алған энергия мөлшерi үшiн жүргізіледі».

«100 пайызды» соттар арқылы жойған бірқатар басқа өңірлерден айырмашылығы бізде бәрі келіссөздер арқылы шешілді.

- Енді олар нақты тұтынылған электр энергиясын келесі есепті айда төлейтін болады. Келісімшартты өзгерту тәртібі мынадай: бизнесмендер бізге өз кәсіпорындарының шағын бизнес субъектісіне жататындығы туралы әділет департаментінен анықтаманы көрсетеді. Сосын біз олармен қолданыстағы келісімшартқа мерзімдері мен төлем шарттары өзгертілген қосымша келісім жасаймыз. Тағы да қайталаймын: бұл өзгерістер тек шағын бизнеске ғана тиесілі. «Атырау Энергосату» электр энергиясын өндірушілерден алдын ала 100 пайыз төлем төлеп сатып алады, сондықтан тұтынушылардың барлығы үшін алдын ала төлемді жоюға мүмкіндігіміз жоқ, - деді меморандумға қол қою кезінде «Атырау Энергосату» ЖШС директоры Эльмира ИСЕМБЕРГЕНОВА.

А.Жакиевтің айтуынша, палата жыл сайын бизнес проблемаларын анықтау бойынша мониторинг өткізетін болады. Жыл аяғына дейін «Нұр Отан» партиясымен бірге бизнестің дамуын тежейтін мемлекеттік органдар рейтингісінің пилотты жобасы іске қосылмақ:

- Лауазымына қарамастан, біз кәсіпкерлерге кедергі келтіретін мемлекеттік қызметкерлердің есімін атайтын боламыз. Олардың әкімшілік кедергілерге шағымдары сыни межеге жетті. Адамдар түрлі рұқсат қағаздарды бірнеше жылдап күтеді. Бизнесмендерді қатаң қорғайтын боламыз, сол үшін де біздің палата құрылды ғой, - дейді ол.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

12 қараша 2014, 12:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.