Қоңыр Иштван Мандоки. Фото: kumukia.ruБүгін, 25 қыркүйекте Халықаралық Түркі Академиясының ұйымдастыруымен «Қоңыр Иштван Мандоки мұрасы: Ұлы дала ұрпақтары үндестігі» атты халықаралық форум басталды. Форумға қатысу үшін Мажарстаннан түркітанушының зайыбы, Атырау облысының Құлсары қаласының тумасы Оңайша келді.
Биыл бүкіл ғұмырын түркі халықтарын біріктіру идеясына арнаған мажарстандық ғалым-түркітанушы, қоғам қайраткері Қоңыр Иштван Мандокидің туғанына 70 жыл толды. Форумның басты мақсаты Мандокидің мәдени мұрасын насихаттау болып табылады. Оған «ТҮРКСОЙ» Халықаралық түрік мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ, Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясының бас хатшысы Жандос АСАНОВ, Түркі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Абзал САПАРБЕКҰЛЫ, Венгрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Имре ЛАСЛОЦКИ, Венгрия Парламентінің вице-спикерінің кеңесшісі Шандор ДОРОГИ Қазақстанның үкімет мүшелері, парламент депутаттары, отандық және шетелдік түркітанушылары, мәдениет қайраткерлері қатысуда. Қазақстанның, Мажарстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Дағыстан, Татарстан мен Башқұртстанның ғалымдары баяндама жасамақ. Форум аясында Халықаралық Түркі Академиясына 16 мың кітап пен қолжазбалардан тұратын Мандокидің бай мұрасы табыс етілетін болады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА