Дулат Иманқажы47 жастағы астаналық Дулат ИМАНҚАЖЫ Меккеге жүгіріп бармақ. Оның жалғыз жаяу сапары 6 шілдеде – Астана күні басталды, 25 шілдеде қажы Атырауға жетті.
Иманқажы өзінің көпжылдық арманына осылай жүгіріп жетпекші – ол талай жылдардан бері осы мұсылмандар үшін киелі қалаға баруды жоспарлаған еді, алайда жолға жететін қаражатты ақыры жинай алмады.
- Мен бірде Дін істері жөніндегі агенттгінің төрағасы Марат ӘЗІЛХАНОВПЕН таныстым, ол менің осындай ата-текке ие бола тұрып, Меккеде болмағаныма қатты таңғалды. Біраз уақыт өткеннен кейін ол маған Меккеге жаяу баруды ұсынды. Бұл идея маған ұнады. Менің ата-бабам ХІХ ғасырда қажылыққа осылай барған және бұл сапарлары әулет тарихында ұмытылмастай мәңгі қалды.
Дулат көптен бері жүгіріспен айналысатын болғандықтан, ол жаяу жүріп емес, жүгіріп жетуге бел буды. Бұрынғы қаржы қызметкерінің қазіргі жұмыс орны – емхана күзетшілері және «Нұр Астана» мешіті аз-мұз қаражат жинап берсе, депутаттардың бірі Астанадан Атырауға дейін қасына ілесіп жүру үшін жеке көлігі мен жүргізушісін жіберді.
- Күндіз, таңғы 8-ден кешкі сегізге дейін жүгіремін. Күніне 60 шақырым еңсеремін деп жоспарлап едім, алайда уақыт аз қалды, мен 15 қыркүйекте Меккеде болуым керек: осы уақытта қажылыққа келетіндердің көптігінен Сауд Арабиясы шекараны жауып тастайды. Сондықтан да күніне 100 шақырымға дейін жүгіріп өтуге тырысамын.
Барлық жолым шамамен 7,5 мың шақырымдай болады. Сапарым Қазақстан – Әзербайжан – Иран – Кувейт – Сауд Арабиясы арқылы өтпек. Бакуге теңіз арқылы өтпекшімін, әрі қарай тек құрлықпен жүремін.
Қазақстаннан осындай ұлы жорыққа бел буған желаяқ өзінің жүгіріспен айналысып жүргеніне риза:
- Мен жүгіруді 39 жасымда бастадым. Бір жылдан кейін 10 жыл нәрестесіз болған отбасымызда қыз бала дүниеге келді, ал енді бұл жүгіріс мені үлкен арманыма – Меккеге жеткізеді.
Иманқажы өзінің спортқа деген сүйіспеншілігін кейінгі ұрпақпен де бөлісуде. Ол төрт жылдан бері астаналық мектептердің бірінде балаларға шаңғы теуіп үйретеді.
- Қарды тек жылына екі рет көретін Шымкенттен, Қызылордадан келген шәкірттерім шаңғыны жақсы үйреніп, жеңістерге де жетуде! – осы сөздерді айтқанда оның шаршаңқы, күнге күйген бетінде жеңіл күлкі пайда болды.
Ұлы жорыққа шыққан желаяқ туралы даңқ одан озып кетіп жатыр, жанынан көлікпен өтіп кеткендер үйлеріне келіп, ол туралы айтуға асығып, өз қалаларынан күтіп алуға тырысады. Оны Ақтөбеде жақсы қарсы алды, Әзербайжанда асыға күтіп отыр, ал Атырауда оны журналистер мен қарапайым қалалықтар қарсы алды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ