Атырау, 28 қараша 07:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Сот 134 миллиард айыппұл туралы шешімді күшінде қалдырды

3 384 просмотра

6 маусымда Атырау мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың апелляциялық алқасы Аджип ККО мен NCOC-дың бірінші инстанция соты шығарған жалпы сомасы 134,2 млрд теңге экологиялық шығынды өтеу жөніндегі шешімге берген апелляциялық шағымын қарады. Шағым қанағаттандырылмады, бірінші инстанция сотының шешімі өзгеріссіз қалды.

«ҰҚКД ХАТЫН НЕГІЗГЕ АЛҒАН»

Естеріңізге салсақ, «Болашақ» зауыты ауданындағы газ құбырында технологиялық ақаулар орын алған кезеңде жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша Атырау облыстық экология департаменті үстіміздегі жылдың наурызында Аджип ККО мен NCOC-ге 3 млн текше метрге жуық қышқыл газды жағу салдарынан болған 134,2 млрд теңге шығынды өтеу жөнінде ұйғарым шығарған. Қашаған жобасының екі операторы да бұл тексеру қорытындыларымен келіспей, Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа шағымданған. 29 сәуірде сот олардың шағымдарын қанағаттандырудан бас тартты, Атырау облыстық экология департаментінің актілері өз күшінде қалды.

Соңғы өткен сот отырысында Аджип ККО мен NCOC мүдделерін Dentons халықаралық заңгерлік компаниясы қорғады, сондай-ақ, осы екі шетелдік компания департаменттерінің қызметкерлері де болды. Жауапкер тарапынан – Атырау облыстық экология департаменті атынан - департамент басшысы Ербол ҚУАНОВ пен бас маман Гүлмира МАДИЯРОВА қатысты.

Аджип ККО мен NCOC өкілдері экология департаментінің жоспардан тыс тексеру жүргізу кезіндегі әрекеттерін заңсыз, 2014 жылғы 7 ақпанда жүргізілген тексеру нәтижелері туралы актіні және шығынды өтеу туралы ұйғарымды жарамсыз деп тануды талап етті. Сотта олар экологтардың жоспардан тыс тексеру жүргізуге еш негізі болмаған деп уәж айтты.

- Тексеру Атырау облысы бойынша ҰҚКД-нің 2013 жылғы 11 қазандағы хатының негізінде жүргізілген. Бұл хатында ҰҚКД үш факті бойынша тексеру жүргізуді сұраған: 2013 жылғы 12 қыркүйектегі флюидтің төгілуі, 2013 жылғы 24 қыркүйектегі және 2013 жылғы 9 қазандағы күкірт сутегінің атмосфераға шығуы. Экология департаменті ҰҚКД хатында көрсетілмеген оқиғаларға қатысты тексеру шараларын жүзеге асыруға құқығы болмаған деп есептейміз. Атап айтсақ, 2013 жылғы 19-23 қазан аралығындағы оқиғалар (газ жаққан кез – С.Т.). Бұл оқиғаларды бөлек жоспардан тыс тексерулер арқылы немесе жауапкердің сол кезде жүргізіп жатқан жоспарлы тексеруі аясында тексеруге болатын еді, - дейді талапкер өкілі. Ол, сондай-ақ, тексеру барысында заңмен белгіленген мерзімдер артып кеткенін айтты.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ҚАТЕЛІГІ

Талапкерлер ұйғарымның өзін заңсыз деп есептейді, өйткені, олардың пікірінше, оған негіз болған есептеулер заңнамалар талаптарына сай емес деректердің қолданылуымен жасалған. Атап айтсақ, олар күкірт диоксидіне арналған шектеулі рұқсат етілген шоғырлану (ШРШ) мәнін теріс қолданған, яғни, экология департаменті бір текше метрге 0,05 миллиграмм мәнін негізге алған, ал заң бойынша – 0,125:

- Шығын сомасы өте көп, бір ғана тармақ бойынша екі есеге артық белгіленген.

Жауапкерлер талапкердің уәждерімен келіспеді. ҰҚКД хаты 11 қазанда келген және олар 19 мен 23 қазан аралығында алау қондырғысында қышқыл газ жағылатынын еш біле алмаған.

- Осы екі заңбұзушылық бір-бірімен байланысты болғандықтан, біз мұны тексермей кете алмадық. Газ жағу біздің жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатқан кезімізде болды және заңнамаларда егер инспектор оқиға кезінде нысанда болса, жеке жоспардан тыс тексеру тағайындауы керек деген талап жоқ. Сондықтан да талапкердің бұл тұрғыдан айтып отырған уәждері дұрыс емес деп есептеймін, - деді Е. Қуанов.

Жауапкердің пікірінше, тексеру мерзімін ұлғайтуға да негіз болған. Қуановтың айтуынша, тексеру кезінде экология департаменті Аджип ККО-ға бүлінген құбыр сегментін беру жөнінде сұраныс берген. Аджиптен сегменттің Ұлыбританиядағы Дәнекерлеу институтына жіберілгені туралы жауап келді.

- Жүргізіліп отырған тексеру аясында шетелдік мемлекеттерден үлкен мәні бар құжаттар алу қажеттілігі туындаған жағдайда осы деректер келгенше оның әрекет ету мерзімі уақытша тоқтатылады. Тоқтатылған тексеру мерзімін есептеу кері басталғанға дейін жалғаса береді.

Ал ШРШ турасына келсек, соттан кейін Қуанов бізге 2012 жылы ҚР денсаулық сақтау министрлігінің қаулысында күкірт диоксидінің шектеулі рұқсат етілген шоғырлануы 0,05 мг/текше деп қате жазылғанын айтты. Ал департамент, талапкерлер басқаша айтса да, өз есептеулерінде заң белгілеген дұрыс көлем – 0,125 мәнін қолданып отырғанын түсіндіріп кетті.

Айтпақшы, денсаулық сақтау министрлігінің қателігін кезінде ең алғаш рет академик Мұфтах ДИАРОВТЫҢ өзі айтқан болатын. Осыдан кейін министрлік техникалық қате кеткенін мойындаған еді. Қате ШРШ нормалары жазылған қаулы 2012 жылы – Қашағанды іске қосу алдында шыққан еді.

КОНСОРЦИУМ «РЕНЖУЛІ»

Шағымданушы тарапынан, сондай-ақ, экологтардың жағылған газ құрамында күйенің бар екендігі туралы қорытындысына наразылықтар айтылды. Талапкердің айтуынша, 3 млн-ға жуық текше метр шикі газды жаққанда күйе болмаған, өйткені қондырғы арнайы жабдықпен жарақталған.

- Олар қондырғыларының төлқұжаттарын алға тартып, газды күйесіз жағамыз, алау жабдығы күйенің шығуына жол бермейді дейді, - деді сотта Қуанов. – Мына мысалға назар аударыңыздар. Егер автокөлікке сүзгі (фильтр) салынып, онда нөлдік лақтырындыны қамтамасыз етеді деп жазылып тұрса, бұл қандай да болмасын жағдайларда лақтырынды болмайды деген сөз емес. Лақтырынды болатын белгілі бір жағдайлары бар. Мәселен, газ тетігін қаттырақ бассаңыз, зиянды заттар шығады. Жалпы шектеулі рұқсат етілген лақтырындылар туралы келісілгенде, күйе есептелмейді, ол табиғат пайдаланушылардың жауапкершілігінде қалады. Біз адалмыз, осындай жылдам режімде алаудан газ шығармаймыз деп айтады. Алайда оларда лақтырынды, технологиялық ақау болды ғой. Осындай үлкен көлемде газды жаққанда күйе бекітілген әдістеме бойынша қарастырылады.

Екі жақты да тыңдаған апелляциялық алқа келесідей шешім шығарды: мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың 29 сәуірде шығарған шешімі өзгеріссіз қалдырылсын, апелляциялық шағым қанағаттандырылмасын.

Судья Марина ЧЕРНЯХОВСКАЯНЫҢ айтуынша, апелляциялық алқаның қаулысы жарияланған уақыттан бастап күшіне енеді.

- Шешім күшіне енді, жеңілген тарап кассациялық тәртіпте 6 ай ішінде шағым беруге болады, - деді судья.

Сол күні, сот отырысынан кейін NCOC баспасөз қызметі мәлімдеме жасады: «Біз сот шешіміне риза емеспіз. Оператор NCOC пен АККО-ның келісімшарттық және заңдылық міндеттемелеріне, сондай-ақ мұнай кен орындарын қолданудағы әлемдік рационалды тәжірибелерге сәйкес әрекет еткеніне сенімді. Консорциум тексеру нәтижелері бойынша салынған айыппұлдармен үзілді-кесілді келіспейді, өйткені Консорциум берілген экологиялық рұқсаттарға толықтай сәйкес әрекет етті. Біз табиғат қорғау органдарының шешімдерін жоғары тұрған барлық инстанцияларда барлық қолда бар құқықтық құралдарды қолдана отырып шағымдануды жалғастырамыз».

Ал Е. Қуановтың айтуынша, сот шешімі заңды күшіне енгендіктен, экология департаменті оның орындалуына қол жеткізбекші.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

8 маусым 2014, 19:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.