Атырау, 27 сәуір 20:33
 ашықВ Атырау +15
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Оқылмайтын жазулар

2 423 просмотра

Қазақстанда жаңа маркетингтік «фишка» пайда болды, оның қармағына, көбінесе, егде жандар ілініп қалып жатады. Олар сәлден соң жолым болып, бірнеше миллион теңге ақшалай сыйлыққа қол жеткіземін деген аңғалдықпен сеніп қалады.

«АНАМ ШАБЫТТАНА КІРІСТІ»

Атырау тұрғыны Айсұлу (фамилиясын атамауды өтінді) 67 жастағы анасының «Мегги Молға» алданып жүргенін айтты:

- Газеттердің бірінен анам 2 млн теңгені ұтып алу мүмкіндігіне ие болатын акция туралы қызылды-жасылды хабарландыруды көріпті. Ықтимал қатысушыларға күрделі емес кроссвордты шешіп, көрсетілген телефонға қоңырау шалып, негізгі сөзді айту керектігі ұсынылған. Әрине, ол бәрін шапшаң шешіп, қоңырау шалыпты. Оператор оған акцияға қатысушыға айналғанын хабарлап, деректерін жазып алған. Бірер айдан соң анама бір нәрсені ұтып алмақшы екенін немесе ұтқанын, бірақ сыйлықты алу үшін оған жалғанған каталогтан тапсырыс жасау керектігі айтылған хаттар келе бастады. Каталогта үй ішіне арналған, аса қажетті де емес алуан түрлі тауарлар бар екен. Ал мұндағы қажет нәрсеңді еш қиындықсыз және анағұрлым арзан бағамен дүкендер мен базарлардан сатып алуыңа болады. Бірақ анамның көкжиектен сағым болған миллиондарға қанаттанғаны сондай, әрбір жаңа каталогтан мүлдем қажет емес заттарға тапсырыс беретін болды. Сәлемдеме ақысын төлеп, жаңа тапсырыстар жасайды... Бұл - осылай қайталана беретін тұйық шеңбер. Біз қаншама рет оның өтірік нәрсе екенін, ешқандай миллиондар болмайтынын айтып түсіндірмек болсақ та, оны райынан қайтару мүмкін емес. Миллион теңгені уәде еткен жаңа хатпен бірге жаңа үміт те қоса келеді.

 

КӨКЖИЕКТЕН КӨРІНГЕН СЫЙЛЫҚ

«Мегги Молл» – үй тауарларының интернет-дүкені. Таңдау мол. Бірақ клиенттерді тарту әдістері күмәнді көрінеді. Біз өтіп жатқан акциялар мен 3 млн теңгедей болатын сыйлық туралы хабарландыру жазылған газеттердің бірін тауып алдық. Көп ақша алу мүмкіндігі бар екені туралы ірі әріппен жазылған сөйлем бірден көзге түседі. Алайда хабарландыруды толықтай оқу керек, әсіресе, анық емес ұсақ әріптермен жазылған төменгі жағын. Ол жерде былай делінген: әлдебір ресейлік «Почта сервис» компаниясы «каталог бойынша жаңа тауарларды ҚР аумағына жеткізу мақсатында басты сыйлық 2 млн 700 мың теңге болатын маркетингтік акция өткізеді. Аталмыш акция тәуекелге негізделген ойын, байқау, лотерея, жұрт алдында сыйлық уәде ету немесе басқа шаралар болып табылмайды. Ықтимал қатысушыларға бір негізгі сөзді табу ұсынылады. Ықтимал қатысушылар өз деректерін ұйымдастырушының телефоны арқылы хабарлап, ұйымдастырушының тауарлық ұсынысы бар каталогын алады. Осы каталог бойынша тауарға тапсырыс берген жағдайда көрсетілген тұлғалар акцияға қатысушылар болып саналады және акцияның соңында басты сыйлық – 2 млн 700 мың теңгеге үміткер бола алады. Басты сыйлық иегерін финалда арнайы комиссия «Маркетингтік акциялар өткізу, жүлдегерлерді анықтау және сыйлықтарды табыстау ережелеріне» сәйкес, тапсырыстың жоғарғы сомасын, тапсырыс бойынша төлемнің толық көлемде түсу фактісін ескеріп, анықтайтын болады...». Бір сөзбен айтқанда, көбірек тауарға тапсырыс берген сайын акцияға қатысушылар басты сыйлыққа «үміткер болуға құқылы». Бірақ ешқандай кепілдік берілмейді.

Формалды түрде бұл маркетингтік әдісті алаяқтық немесе қулық-сұмдық деп атауға болмайды, - деп комментарий береді заңгер Елена КОВАЛЕВА. Ұйымдастырушылар акцияға қатысу шартын түсіндірген. Бірақ іс жүзінде жария етілген сыйлықты алу екіталай, оның үстіне ол тиімсіз. Оны тек каталог бойынша көп сомадағы тауарға тапсырыс беруші ғана ала алады. Қарапайым кеңес: алуан түрлі акциялар мен ұтыстарға қатысуға асығудың қажеті жоқ.

Тамара СУХОМЛИНОВА

15 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.