Атырау, 16 сәуір 16:42
 ашықВ Атырау +16
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

Басты бағыт - экономиканы әртараптандыру

5 466 просмотра

Атырауда халықаралық «ATYRAU INVEST-2014» бизнес-форумының шеңберінде 1-ші Аймақтық «Эксперт – Батыс Қазақстан» инвестициялық-экономикалық форумы болып өтті. Форумды ҚР Өңірлік даму министрлігінің, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, KAZNEX INVEST экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігінің, «Цеснабанктің», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының және т.б. ұйымдардың қолдауымен «Эксперт РА Қазақстан» рейтингтік агенттігі ұйымдастырды.

МЫҚТЫ ӨҢІРДІҢОСАЛ ТҰСТАРЫ

Форумда Батыс Қазақстанның 4 облысының (Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе) инвестициялық тартымдылығы тұрғысында зерттеу нәтижелері, сонымен қатар «Эксперт РА Қазақстан» рейтингтік агенттігі әзірлеген саттық көлемі жөніндегі осы өңірдің ірі компанияларының рэнкингі ұсынылды.

150 қатысушының арасында ҚР Өңірлік даму вице-министрі Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Жаннат ЕРТІЛЕСОВА, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің инвестициялар жөніндегі комитетінің төрағасы Ерлан ҚАЙЫРОВ, Батыс Қазақстанның облыстық әкімдіктері басшылығының өкілдері, бизнесмендер, банкирлер мен инвесторлар болды. Форумның басты міндеттерінің бірі – өңірлік дамудың негізгі мәселелерін талқылау, инвестициялық климат деңгейін арттыруға қолдау көрсету жөніндегі ірі өңірлік бизнес өкілдерінің, инвесторлар мен мемлекет өкілдерінің арасындағы диалог үшін кеңістік құру болды.

Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғарин шағын және орта бизнесті (ШОБ) мемлекеттік қолдау шаралары және ел экономикасын әртараптандырудың басымды бағыттары туралы баяндама оқыды. Ол ірі кәсіпорындар төңірегінде ШОБ-ты дамыту өндірістік шығындарды азайтуға, сонымен қатар, кәсіпкерлік қызметке халықтың көп бөлігін тартуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

«Эксперт РА Қазақстан»  рейтингтік агенттігінің директоры Әділ МАМАЖАНОВ «Батыс Қазақстанның инвестициялық климатының мықты және осал тұстары» деген өз баяндамасында Батыс өңірінің Қазақстан экономикасында ерекше орын алатынын атап өтті. Ол экспорттық түсімнің негізгі генераторы, фискалды кірістердің басты көзі, елдегі инвестициялық ағымдардың негізгі бағыты болып табылады. Сондықтан осындай деңгейдегі 1-ші форумды осы жерде өткізу ұйғарылған. 2008-2012 жылдар аралығында еліміздің батыс облыстарына бүкіл республикалық инвестициялардың 41 пайызы негізгі құралдарға жұмсалған.

Осы құралдардың көп бөлігі (61,3%) тек мұнай-газ саласына бөлінді. Бұл жалпы Батыс Қазақстанның емес, мұнай-газ секторының жоғары инвести-циялық тартымдылығын білдіреді.

Батыс Қазақстанның экономикасында мұнай-газ саласының басым болуы екіұшты таяқ секілді: бір жағынан – бұл жоғары инвестициялық мүмкіндік туғызса, екінші жағынан –төмен деңгейде бейнеленген әртараптандырудың жоғары экономикалық тәуекелділігін тудырады, деп атап өтті баяндамашы. Өңірде сыртқы жағдаяттарға, мұнай бағаларына кіріптарлық жоғары деңгейде қалыптасқан. Бұл жердегі ШОБ үлесі орташа республикалық көрсеткіштерден төмен.

Өңірде қызмет көрсету саласы, бөлшек, көтерме сауда саласы нашар дамыған. Инфрақұрылым кемшіліктерінің бірі - автомобиль жолдары мен теміржол тығыздығының республика бойынша едәуір төмендігі, ал жол жабынының 50-60 пайызы төменгі сапада. Мұнай-газ секторы экономиканың шикізат емес секторынан үздік кадрларды «қылғытуда», сондықтан кадрлық әлеует әр алуан. Ә.Мамажанов, сонымен қатар, Атырау облысының инвестициялық әлеуеті анағұрлым жоғары екендігін атап өтті. Ал Ақтөбе облысында инвестициялық тәуекелділік анағұрлым төмен.  

Жаннат Ертілесова бүкіл дүниежүзілік рейтингтердің сауалнама мәліметтерінің 70 пайызын, статистикалық мәліметтердің 30 пайызын пайдаланатындығын айтып, өңірдегі инвестициялық климатты бағалау қандай мәліметтердің негізінде жүргізіл-гендігін сұрады. Мамажанов бірінші кезеңде сауалнамасыз, тек ресми статистикалық мәліметтер ғана қолданылғанын айтты.

 

ӨЗ ӨНДІРІСІНЕ ТОСҚАУЫЛ

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитетінің төрағасы Ерлан Қайыров 2005 жылдан бері Қазақстанға 178,8 миллиард доллар шетелдік инвестициялардың тартылғандығын атап өтті. 6 басымды елдер анықталды. Олар - Германия, Франция, АҚШ, Жапония, Ұлыбритания мен Оңтүстік Корея. Бұл елдер Қазақстан үшін жаңа технологияларды тарту тұрғысында тартымды. Бұл визалар мен жұмыс рұқсатын беруді жеңілдетуі мүмкін.

Бүгінде батыс инвестицияларын тарту жөніндегі мемлекеттік стратегия өзгерген. 17,6 миллиард доллар сомадағы бүкіл 44 басымды инвестициялық жобалар өндіруге емес, шикізатты өңдеуге бағытталған.

Жасақталған BaseInvest дерекқоры инвестициялық жобалардың орындалу барысына бақылау жасауға мүмкіндік береді.

Е. Қайыровқа мынадай сұрақ қойылды: «ТШО секілді компаниялар Қазақстанда шығарылатын тауарларға қарағанда анағұрлым арзан тұратын тауарларды шетелден сатып ала алатын болса, жағдайды қалай өзгертуге болады? Өйткені шарт бойынша, ТШО тауарларды ҚҚС мен басқа баж салықтарын төлемей әкеле алады. Ал Қазақстанда өндірілген тауар салықтар төленгеннен кейін қымбатқа түседі. Тапсырыс беруші оны шетелден алдыра алар еді. Сонда біздің салық заңнамамыз жергілікті өндірушіні алалайтын болғаны ғой. Ал оған бұл жерден тауар өндіру тиімсіз болады». Е.Қайыров не деп жауап берерін білмеді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы-ның өңірлік кеңесінің төрағасы Абай ЖҰМАҒҰЛОВ Атырау облысындағы кәсіпкерліктің даму ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Оның пікірінше, ТШО секілді компаниялар жұмыс істеген 20 жыл ішінде өңірде өзімізде индустриялық аймақ құрылмаған. Біздің нарыққа келуге әзір компаниялар көп. Тек шетелдік қана емес, қазақстандық компаниялар да бар. Алайда бизнес үшін мемлекеттің инфрақұрылымды қамтамасыз етуі өте маңызды.

«Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Тим МИЛЛЕР көпшіліктің жергілікті өндірісті дамыту туралы мәселені көтеретіндігін, бірақ сервистік қызметті дамытуға көңіл бөлмейтіндігін айтты. ТШО шығындарының 80 пайызы сервистік қызметтерге, тек 10-20 пайызы ғана өндіріске жұмсалады екен.

Бұған «“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрағасы Ләззат ИБРАГИМОВАНЫҢ сөзі өзіндік жауап болды. Ол шағын және орта бизнеске трансұлттық компаниялардың сатып алулар жүйесінің қолжетімсіз екендігін мәлімдеді. Соңғы жылдар ішінде тек екі кәсіпорын, онда да біріккен кәсіпорын құру арқылы Теңіз кенішіне шетелдік өнімнің орнына өз өнімдерін жеткізуге қол жеткізген екен. «Отандық өндірушіні қолдау керек, егер бізде өндіруші жоқ болса, онда қаржыландыратын да ешкім болмайды», - деп мәлімдеді Л.Ибрагимова.

Жаннат Ертілесова Қазақстаннан зауыт ашу Қытайға қарағанда 2 есе және Еуропаға қарағанда 2,5 есеге қымбатқа шығатындығын айтты. Бұған кеңестік дәуірден бері қолданылып келе жатқан техникалық жұмыс тәртібі кінәлі екен.

 

МЕМОРАНДУМ ЖӘНЕ МАРАПАТ

Форумда «Цеснабанк» АҚ, Атырау облыстық әкімдігі мен Атырау облыстық өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Ол Атырау облысының өңдеуші, өндіруші секторларының кәсіпорындарын қаржыландыру жөніндегі біріккен жобаларды, мұнай-газ саласының, агроөнеркәсіп кешені мен басқа экономика салаларының инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруды қарастырады. Жергілікті экспорттаушы кәсіпорындарды қолдауға және келешегі бар инвестициялық жобаларды несиелеуге ерекше көңіл бөлінетін болады.

Содан соң Батыс Қазақстанның ірі компанияларының бірінші рэнкинг қорытындылары бойынша марапаттау салтанаты өтті. «Батыс транзит» АҚ мемлекеттік-жеке серіктестіктің үздік жобасы деп танылды. Кәсіпорын Ақтөбе облысының шетелден электр энергиясын тасымалдауға кіріптарлығын азайтуға мүмкіндік беретін «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы» электр тарату желілерін салу үшін құрылған. Бұл концессиялық келісім негізіндегі мемлекеттік-жеке кәсіпкерліктің алғашқы мысалдарының бірі. Жоба Қазақстанның зейнетақы қорларының арасындағы инфрақұрылым облигацияларын орналастыру есебінен қаржыландырылған.

Атырау облысы мен бүкіл Қазақстан экономикасының көшбасшысы болып «Теңізшевройл» ЖШС танылды. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясы Батыс Қазақстан облысының экономика көшбасшысы, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ – Ақтөбе облысының экономика көшбасшысы, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – Маңғыстау облысының экономика көшбасшысы деп аталды.

«Конденсат» АҚ «Мұнай мен газды өңдеуді дамытуға қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» ЖШС – «Мұнай-сервис экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін», Батыс Қазақстанның ірі бөлшек сауда желісі «Идеал маркет» ЖШС – «Батыс Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға қосқан үлесі үшін» марапатталды.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

Cуретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

10 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.