Атырау, 9 мамыр 15:00
 ашықВ Атырау +11
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Атыраулық оркестр музыка астанасын мойындатты

3 906 просмотра

Көп жылдан бері алғаш рет Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі үлкен шетелдік турне өткізіп, Түркия, Германия және Аустрияда өнер көрсетті. Манис, Стамбул, Берлин, Мюнхен және Вена сахналарында қойған концерттері көрерменнің қошеметіне бөленді.

20 наурызда оркестріміз түріктің Манис қаласындағы Муниципалитетті мәдениет орталығының концерт залында өткен театрландырылған қойылымға қатысты. Мыңдаған көрермен Түркештің «Көңіл ашарын», Тәттім-беттің «Сылқылдағын», Құрманғазының «Адайын», Дина Нұрпейісованың «16-шы жылын», Нартайдың термесін, Ықыластың «Жез киігін», Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбетін» және басқа да шығармаларды біріктірген концерттік бағдарламаны жылы қабылдады. Көрермен концерт соңында вокалшылар тобы орындаған жас қазақ сазгері Арман ЖАЙЫМНЫҢ «Қазақ елі» әнін тік тұрып, үлкен қошеметпен тыңдады. Әнге автордың өзі сүйемелдеу жасады.

Келесі концерт Стамбулда «Топқаты» мәдени орталығында өтті. Бұл үшін оркестрдің бас дирежері Орақ ЖАУЫРОВ қазақтың халық композиторлары Құрманғазы, Тәттімбет, Қорқыттың, сондай-ақ, заманауи авторлар Нұрғиса Тілендиев, Л. Хамиди, Ғ. Ібішевтің белгілі шығармалары енген арнайы бағдарлама жасады.

- Симфониялық оркестр барлық жерлерде бар, ал Қазақстан – ұлт аспаптар оркестрлері жақсы дамыған әлемдегі бірден-бір ел. Біз ұлттық аспаптарымызды сақтап қана қойған жоқпыз, оны халықаралық аренаға шығардық, - дейді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН. – Оркестрдің осы сапарының елтанымдық маңызы бар: біз адамдарды  елімізбен, мәдениетімізбен, сұлу сазымызбен таныстырдық. Ал алға қарай талантты музыканттардың жақсы табыс табулары үшін халықаралық мәдениет нарығында өз орнымызды тауып, нық тұруға жұмыстанатын боламыз.

Бұл жәй айтыла салған сөз емес. Мәселен, Эрдоғанның басқарушы партиясы сайлауалды науқан кезінде өз әнұрандары ретінде қазақстандық сазгер Арсланбек Сұлтанбековтың «Домбыра» әнін таңдапты. Содан бері бұл ән Түркияда танымал болып, радио мен теледидарда айтылып жүр. Бұған музыканттарымыз да көздерін жеткізді.

Германия мен Аустрияда өнер көрсеткен кезде оркестр қазақ авторларының шығармаларымен бірге Штраустың «Аңшы полькасын», Бизенің «Кармен» операсынан увертюра, Моцарттың «Түрік маршын» және басқа да классикалық шығармаларды орындады.

- Біздің оркестріміз әлем музыкасының астанасы Венада өнер көрсетсек деген көптен бергі арманын орындады, - дейді оркестр директоры Қамбар ДҮЙСЕНБАЙ.Еуропалық көрермен өте кірпияз, әр шығарманы мұқият тыңдап отырады, алайда олардың концерт кезіндегі ұстамдылықтарының орнын соңында көрсететін қошеметтері толтырады. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

3 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.