Атырау, 9 мамыр 20:53
 ашықВ Атырау +7
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Бойтұмарым мені қорғайды

9 534 просмотра

Әдемі ою-өрнекпен әрленген қалың білезіктер, ірі қызыл тас көзі бар жүзіктер, сылдыр қаққан шолпы сырғалар... Облыстық өлкетану музейіне қойылған осы жәдігерлерге қарай бергің келеді, қарай бергің...

СҮЙЕКТЕН БАСТАЛҒАН

- Бойтұмарлар ретінде қолданылған алғашқы әшекейлер палеолит дәуірінен бері белгілі. Білезіктер, сақина, алқалар жануарлардың сүйегі мен тістерінен, ұлутастардан жасалған. Мұндай бойтұмарлар иесіне осы аңның күші мен икемділігін беріп, пәле-жаладан құтқарады деп сенген, - дейді облыстық музейдің экскурсия бөлімінің меңгерушісі Оксана ӘЛЖАНОВА. – Зергерлік өнер қазақ халқы шығармашылығының ең жақсы дамыған түрі болып табылады және ұлттық өнер тарихында ерекше орын алады.

Қазақ зергерлері өз туындыларын жасауда күмісті көп пайдаланды. Шикізат ретінде күміс тиындар жиі қолданылатын. Зергерлер күндей жарқыраған күмісті түрлі түсті ірі тастармен үндестіре безендіретін. Қазақ әшекейлері халық шығармашылығының асыл жауһары болып табылады және ұлттық мәдениет жәдігерлері қатарына кіреді.

Енді осы зергерлік бұйымдармен жақын танысайық.

 

ТОЙ РӘСІМДЕРІ

Қос саусаққа киетін үлкен «құдағи жүзік» екі бастаудың, екі отбасының бірігуінің белгісі болып саналады. Мұндай үлкен де бағалы жүзікті қалыңдықтың анасы қызына мейірімділік көрсетеді деген үмітпен күйеу баланың анасына сыйлайтын. Жүзіктің беті дөңгелек немесе сопақша етіп жасалып, ортасына қызыл ақық тас орнатылады. Жалпы, қызыл түс – от пен өмірдің белгісі. Қазақтар арасында ол адамды өмірдегі жаманшылықтардан қорғайды деп саналған.

«Отау жүзік» - ұшы жоғары қаратылған сопақша жүзік. Оны күйеуінің ұрпағын жалғастыратын қалыңдықтың саусағына кигізеді.

- Әйел әшекейлерінің арасынан «құс тұмсық» жүзіктерді кездестіруге болады. Құс – бақыттың, тәуелсіздіктің, жақсылық бастауының белгісі. Мұндай сақиналарды ұзатылатын қыздың қолына тағатын. Содан кейін ұзатылған қызды бір жылға дейін тек ағасы немесе нағашысы барып көре алатын. Құда ауылына барып қайтқан ағасы сыйлықтарымен үйге оралғанда қыздың анасы ақ орамалды ашуға асығатын. Сыйлықтар арасында әулеттің құсмұрыны болатын болса, бұл қыздарының жаңа отбасына сіңісіп, сол үйге жақсы қабылданғанының белгісін білдіретін,- деп әңгімеледі Оксана Құсайынқызы.

Алқа - үлкенді-кішілі, әр түрлі заттардың бейнесінде көлденең жасалған, маржан тастармен немесе металл салпыншақтармен безендірілген мойынға тағатын әшекей. Жәдігерлер арасында ана омырауына ұқсас алқалар да болды. Мұны бала көтере алмай жүрген әйелдер «Алла тағала бір сәби сыйлайды» деген үмітпен тағады екен.

Өңіржиекті қазақ зергерлері шеберлігінің шыңы деп атауымызға болады. Олар ұзатылатын қыздың той әшекейлерінің қатарына кіреді. Тойдан кейін оны әйелдер тек үлкен мерекелерде ғана тағатын. Өңіржиектер бір-біріне шығыршық арқылы жалғанған және бірнеше төрт бұрышты әшекейлерден құрастырылған алқалардан құралады. Әр әшекейдің ортасына, жиектеріне асыл тастар орнатады. Өңіржиектің екі жанында салпыншақтарды жыланбасты әшекеймен тұйықтайды. Өңіржиек пошымы мен түзілісінің мағынасы ұрпақтың өсіп өркендеуі, оны жалғастырушы әйел адамның рөлі, әртүрлі қауіп-қатерден сақтану сияқты жайларды білдіреді. Әсіресе, ұрпақтың көбеюі мағынасын білдіретін өсімдік бейнесі көптеген зергерлік бұйымдарда кездеседі.

 

ШОЛПЫСЫНАН ТАНИМЫН...

Шолпы немесе шашбау – шашқа тағатын әшекей бұйымдар. Бұл - ғасырлар бойы ән мен жырға арқау болған әшекей. Әр қыздың тек өзіне тән ерекше қозғалыс әуендері болатын. Мұны ақындар да, сал-серілер де жазған жоқ, мұны дала сазгерлері – шолпылар шығарды. «Шолпысының сыңғырынан танимын» деген сөз осыдан қалған болуы керек.

- Бұрымға бұл әшекейлерді не үшін таққан? Ата-бабаларымыздың көне сенімінде жанымыздың бір бөлігі шашымызда деп есептелген. Қыз бала шашы оралған тарағын көзге көрінер жерге тастап кетсе, әжесінің қаһарына ілігеді. Адамға жын-перілер зиян келтірмес үшін шашты міндетті түрде өртеу керек. Шашты аяқпен басып кетсе немесе құс алып кетсе, иесінің басы ауырып кетеді деген сенім бар. Мұндай ырымдар қазақ халқында өте көп, - дейді О. Әлжанова.

 

СЫРҒАЛЫМ СЫҢҒЫРЛАП...

Көрме сөрелерінде тұрған білезіктер еріксіз көз тартады. Олардың ең көнесі ХІХ ғасырдың ортасында жасалған: әшекейлердің тегістеу бетіне бедерлер шекілген. ХХ ғасырда дайындалған білезіктер бетін көлденеңнен екі қатар үш бұрыш жіңішке пластинкалармен безендірілген. Әйел адамды пәле-жаладан қорғау үшін зергерлер білезіктерді тісті жиектермен көмкерген. Дөңгелек білезіктердің екі шеті жыланның, айдаһардың басымен немесе дала барысының тырнақты қолымен тұйықталған.

Қазақтар әйелдердің ең кең тараған әшекейі – сырғаның да қорғаушылық қасиетіне сенген. Қазақ сырғаларының сиқырлы күші түрлі белгілермен арта түскен. Сондықтан да қазақ әйелдері оны өмір бойы таққан. Оның бөліктері көбіне жылан, күн, ай түрінде жасалады. Сырғалардың ең кең тараған түрлері: ай сырға, қоңырау сырға, күмбезді сырға және т.б. Шекелік – бас киімге немесе самай шашқа қыстырылып бекітілетін сырғаның бір түрі.

Бойтұмар – іші қуыс, түтік тәріздес әшекей. Осы түтікке Құран сүрелерін, дұғалар салатын болған. Тұмарша – екі пластинканы бекіткен үшбұрышты бойтұмар. Мұның ішіне де Құран сүрелерін салады. Бұлардың сырты да түрлі оюлармен әшекейленіп, ортасына ақық тас салынатын.

Зергерлер қапсырма, ілгек және белдіктерді әшекейлеуді де ұмытпаған. Оның әр қайсысын өнер туындысы деп атасақ, қателеспейміз.

Қапсырма – бір-біріне топса арқылы бекітілетін екі бөліктен тұрады. Олар үш бұрыш, сүйір, доға тәріздес әр түрлі пішінде болады. Қапсырманың бетіне аң-құстың, ай мен күннің бейнесі немесе өсімдік тектес өрнектер салынып, тастар қондырылып әсемделеді. Зергерлер белдіктер жасауға үлкен көңіл бөлді. Олар ортасында таспен безендірілген күміспен көмкерілді. Әйелдер мен еркектердің белдіктері күміс белдік, кемер белдік, кісе белдік болып бөлінеді. Қалыңдықтың белін күміс белдік – әшекей белдікпен буады. Шеберлер шақша, тіс шұқығыш және құлақ шұқығыш сияқты ерлердің де әшекейлерін жасаған.

Музейде көрсетілген күміс әшекейлердің арасында Атырау тұрғыны Тұрсынғали НАУРЫЗБАЕВ тапсырған «құс тұмсық» жүзік пен күміс сақина; музейге ұлы Серік тапсырған Салиха ОРЫНБАСАРОВАҒА тиесілі құдағи жүзік пен шекелік; ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ тапсырған білезік, қапсырма мен бойтұмар; МАУШИЕВА ұсынған күміс білезіктер; Маңғыстау облысының тұрғыны СӘРСЕНҒАЛИЕВА берген күміс жүзік те өз орнын тапқан..

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суреттерді түсірген автор

27 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.