Атырау, 27 сәуір 04:14
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Консорциумға 134 млрд теңге айыппұл салынды

3 052 просмотра

Атырау облыстық экология департаменті «Аджип ҚКО» және «NCOC» компанияларына 2,8 млн текше метр көлемдегі қышқыл (шикі) газды жағу салдарынан келтірілген 134,2 млрд теңге залалды өтеу туралы ұйғарым жолдады.

Естеріңізге салсақ, 2013 жылдың 24 қыркүйегінде «Болашақ» мұнай және газды қайта өңдеу кешенінің құрылғысына (Қарабатан) таяу жерде газ құбырының жарылу салдарынан күкіртті сутектің (ілеспе-қабатты газ) жайылуы орын алды. Апат нәтижесінде газ қалдығы «Қашаған» кен орнының жер үсті және теңіздік кешендерінің алау құрылғыларына жіберіліп, жағылған еді.

Осы факт бойынша Атырау облыстық экология департаменті Қашаған кенішін игеруші Консорциум (Аджип ҚКО мен NCOC) қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде 2013 жылдың қыркүйек пен қазан айларында құбырдағы қышқыл газдың қалған көлемінің зауыт және аралдағы алау құрылғыларында жағылғаны анықталды. Тексеру нәтижелері туралы актіге сәйкес, нормативтен тыс жағылған қышқыл (шикі) газдың жалпы көлемі 2 795 149 м3 құрады.

Тексеру нәтижелері бойынша ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің талаптарына сәйкес, әкімшілік істер қозғалды. Компания бір ай мерзімде ұйғарымға шағымдануға құқылы.

Қашағанды игерушілерге экологиялық айыппұлдар салынатындығы туралы қаңтарда айтылған еді. Нормативтен тыс өртелгені үшін салынған айыппұл сомасы жария етілген уақыттан анағұрлым бұрын белгілі болды. Сондай-ақ, айыппұл санкциялары туралы бүкіл ақпарат (баспасөзбен үнемі байланыс жасайтын) облыстық экология департаментінен емес, қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен беріліп отырғандығы алаңдатады. Жоғарғы жақта саудаласу жүріп, бәлкім, қандай да болмасын ұстанымдар бойынша ұту үшін министрлік айыппұл «шоқпарын» қолдануды, онда да әзірге тек біреуін ғана қолдануды ұйғарған болар деген ойға қаласың. Алайда, жүйелілік туралы айтар болсақ, кешікпей Қашағандағы мұнай өндіруді кешіктіргені үшін айыппұл сомасы жария етілуі тиіс. Кезінде мұнай және газ министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, былай деген еді: «Өнім бөлінісі туралы келісімнің өзінде жазылған санкциялар мен айыппұлдар болады. Ең алдымен, газдың кетуіне байланысты экологияны бұзғаны үшін, қышқыл газды өртегені үшін салынатын айыппұлдарға байланысты болмақ».

Естеріңізге салсақ, 2008 жылы қабылданған өнім бөлінісі туралы келісімге жасалған қосымша келісімге сәйкес, Қазақстан бюджеттің орындалуы үшін және Қашаған жобасын жүзеге асыру кестесіне бақылауды күшейтіп, мұнайды коммерциялық өндірудің басталу уақытын кейінге шегергені үшін айыппұл санкцияларын жылына 50 млн доллардан жылына 120 млн долларға дейін көбейтті.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

7 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.