Атырау, 9 мамыр 10:42
 ашықВ Атырау +16
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Hand made қауымдастығы

14 979 просмотра

Қол өнерімен тек іші пысқан үй шаруасындағы әйелдер ғана айналысады деген аңыз өткеннің еншісінде қалды. Бүгінде өзін сыйлайтын әрбір қыздың құрбыларына өзінің қолдан жасаған сыйкәделерін мақтанышпен көрсете алуы үшін сәнді әуестігі болуы міндетті. Айта кетелік, бұл әуестіктері кей кездері әжептәуір табыс әкеліп те жатады.
 

ҒАЛАМТОРДАН БАСТАЛДЫ

Менің кейіпкерлерім де жұмысын, отбасы мен хоббиін жақсы сабақтастыра білген өте жұмысбасты ханымдар. Менің атыраулық қолөнершілермен таныстығым Айсұлу ҚАЛМҰРЗИЕВАМЕН, дәлірек айтқанда, оның тильдаларымен кездесуден басталды. Айсұлудың туындыларының арасында не жоқ дейсіз: свитерлер мен телпектерге тоқылған көжектер, сәнқой киім киген мысықтар, салмақты бұландар, романтикалық көйлек киген нәзік бикештер. Қуыршақтардың әрқайсысы – өз мінез-құлқы бар дара тұлға. Хикая ойлап тауып, есім бергің-ақ келеді. Айсұлу оларға тапсырыс беріп, күтіп, ең жақын адамдарына – балалар мен ересектерге тарту етеді. Ересектерге тіпті жиі сыйлық жасайды. Өйткені ол ойын қуыршағы емес, нақты адамға немесе нақты үйге тігуді сұранып тұрған интерьерлік қуыршақ. Тіпті, қанатты тильдалар бар, олар өз қожайындарының періште қорғаушылары, өзінше үй перизаттары секілді. Ал соңғы кездері қолөнер бірлестігінде тильдалар–болашақ аналар жиі кездеседі. Олар интерьердің әшекейі ғана емес, ұзақ күткен жүктіліктің бойтұмары болып табылады. Өйткені «жүкті» қуыршаққа негізінен бала күткендер тапсырыс береді.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:
Тильда (Tilda) – норвег суретшісі Тони Финнангер (Tone Finnanger) үлгісімен дайындалған қуыршақ, аң немесе интерьер бұйымы. Тильда ойыншықтары қарапайым мата стилінде дайындалады. Еуропада, жақыннан бері Қазақстанда үлкен сұранысқа ие.

Айтпақшы, жүктілік және сәби дүниеге келгеннен кейінгі кезеңдерді қолөнершілер өз шығармасының бастауы деп есептейді. Осы айлар бойына әйел өзін балаларына, шаруашылыққа арнайды, жалпы, негізінен төрт қабырғаның ішінде болады. Бірақ үйде де өзіне шығармашылық жол табуға болады.

– Мен ғаламтордан қолдан жасалған ойыншықты көрдім. Өзімнің де осындай керемет бұйымым болғанын қатты қаладым. Алғашқы тильданы мен тез тіктім, себебі нәтижесін тез көргім келді. Тігіп жатқан кезде басыма келесі қуыршақтардың бейнесі келе бастады. Міне, осылай көп ойыншықтар тігіп алдым. Оларды туыстарыма, таныстарыма сыйлай бастадым. Менің «қолөнерімді» - жан-тәніммен жасаған затты сыйлыққа алған кезде олардың реакциясына қарау қатты ұнайтын, - деп әңгімелейді Айсұлу.

Бүгінде «тильда жасау» оның жұмыстан бос уақытының бәрін алады екен. Ол қуыршақтарына киім-кешектер, бас киімдер мен аяқ киімді құштарлана тігіп, тоқиды. Айсұлу олардың суреттерін әлеуметтік желілерге салып отырады. Тапсырысқа тігуге ұсыныстар да түсіп жатады екен. Атыраудағы қолөнер бұйымдарының жаңажылдық жәрмеңкесінде 20 минуттан кейін сөреде бірде-бір тильда қалмапты.

 

МЕЙІРІМДІЛІК ШУАҒЫ

Айсұлу секілді «өз» әуестігін тауып, тек соған ғана адал болған жандар қолөнершілер арасында көп емес. Көпшілігі ұзақ ізденеді, қолөнердің түрлі техникасын байқап көреді, бірақ өзіне ұнағанын тапса да, сынап көруді жалғастыра береді. Бұлардың бәрін біріктіретін нәрсе, әдетте, олар бала жастан аздап тігіп, тоқып, сурет салғандар. Бір-бірін ғаламтордың кеңістігінен тапқан атыраулық қолөнершілердің бейресми бірлестігі жақында ғана пайда болды. Бірақ оларда Атырауда өтетін бүкіл қайырымдылық жәрмеңкелеріне қатысатын жақсы дәстүр қалыптасқан.

Жәрмеңкеде олар танысады, тәжірибе бөлісіп, бұйымдар сатып алады. Жақындарына қолдан жасалған бұйымдарды сыйлау Атырауда кең таралып келеді. Ал қолөнершілерге өз жұмыстары үшін материал мен фурнитуралар табу оңай емес. Қолдарынан келгенше әрекет жасайды: басқа қалаларға барған кезде сатып алады, интернеттен тапсырыс береді, таныстарынан әкеп беруді өтінеді...

Атыраудағы жалғыз ғана арнайы дүкен сұранысты қанағаттандыра алмайды. Егер әлдекімдердің жаңа бизнес ашу ойында бар болса, бұл кеңістік бос тұр.

Әлия ЖАМИТОВА бәрін бірден ұнататын жандардың қатарынан. Тоқуға деген ынтызарлығы кесте төгуге ұласқан. Содан кейін ол моншақ терумен айналысты. Бүгінде ол үшін тоқымадан жасалған аксессуарлар тақырыбы өте өзекті. Декреттік демалыстағы уақытын Әлияның жемісті өткізгені сондай, тіпті жұмысын тастап, үйінен жаңа бұйымдар жасап, бірнеше блогтарды қатарынан ашуды ұйғарды. Оның шығармашылығына қызығушылық білдіретін адамдар аз емес. Өз ойын білдірудің мұндай тәсілі оған зор қуаныш әкеледі. Жас ана, басқа да шеберлер секілді, өз бұйымдары үшін түскен қаржы сомасы қанша болса да, бұлардың ең «қымбат» ақшалар екендігіне сенімді.

– Өз қолымызбен сұлулық жасауға ұмтылу біздің қанымызда, өн бойымызда бар. Социум және үй ішіндегі міндеттер әйелдердің көп уақытын алады. Сонда да біздің әрқайсымызда шығармашылық үшін сарқылмас күш бар, - дейді сеніммен ең тәжірибелі шеберлердің бірі Любовь МАКАРОВА.

Любовь Васильевна өзін қолөнершімін деп атайды. Шебер деп өз бағытын таңдап, оны жетілдіріп, табысқа қол жеткізген адам есептеледі екен. Оған бүкіл бағыттар қызықты, ол бөгде жандардың жұмыстарын ғаламторда қуана зерттейді, қолөнердің жаңа техникалары мен материалдарын игереді. Солай дегенмен де, Любовь – нағыз шебер. Үйлерінде оның бұйымдары пайда болғаннан кейін көп адамдарда қуанышты жағдайлар болған: біреуінің қызы жақсы жұмысқа орналасса, екіншісінің ұлы үйіне келін түсірген, біреуінде көптен күткен жүктілік пайда болған және т.б. Сондықтан да ол мақтамен жұмыс жасағанды жақсы көреді. Табиғи материал қуат береді, ал шығармашыл адамдар міндетті түрде бұйымға өз жанының бір бөлігін сіңіреді.

Қуыршақ келбетіндегі басты нәрсе, әрине, бет-жүзі. Оны жасау оңай емес. Кей кездері қуыршақ «тыпыршиды», әл бермейді, шебер оған жаңа шаш үлгісін қайта-қайта өлшейді, түсін өзгертеді, біресе, бетіне қызыл шырай жағады. Егер көзі жақсы шықса – мейірімді, көңілді, арманшыл немесе мұңды болса, қуыршақтың жақсы болып шыққаны.

– Шығармашыл жандарға бәсекелестерден қорқудың қажеті жоқ. Бөгде біреудің жұмысын ешқашан көшіре алмайсың. Бәрібір өз бұйымыңды жасайсың. Бет-жүзінің түрі, матасы, көмкермесі, бастысы – энергетикасы басқа болады, - дейді Л. Макарова. Мұнысы рас, Любовь Васильевнаның туындылары өзіне ұқсайды: жұмсақ, ашық әрі мейірімді бұйымдар.

 

ШӘКІРТ ТОСЫН СЫЙЫ

Ирина НЕЙБАРТ шеберлік дәрістерін өткізіп, өз білімімен аямай бөліседі. Тігу, тоқу, кардмейкинг (ашықхаттарды қолмен дайындау техникасы), скрапбукинг (фотоальбомдарды әшекейлеу), квиллинг (ашықхаттарды, ойыншықтарды, суреттерді жіңішке қағаз қиындылармен дайындау) Иринаның әуестіктерінің толық тізімі емес, алайда, оның ең басты істерінің бірі – декупаж, яғни, түрлі интерьер бұйымдарын қағаз қиындыларымен әшекейлеу, олар түрлі заттарға желімделіп, кейіннен лакпен бекітіледі.

- Қолөнершілер жәрмеңкесінде маған бір қыздың жұмысы қатты ұнады, ол ілмекпен керемет тоқиды екен. Ол мұны менің шеберлік дәрістерімнен үйренгенін айтқанда, қатты таңғалдым. Менің үлгілерім басқа адамдарға өз қасиеттерін ашуға көмектескенін білу қуанышты жайт, - дейді Ирина.

Жанар САҒЫТЖАНОВА күн сайын өзінен жаңа талант табатын сияқты: ол үйлену тойлары мен басқа да мерекелерге арналған кәрзеңкелер мен фужерлерді, сыйлық қаптамаларын әшекейлейді, сәбилерге арналған кішкентай шәркейлер тоқиды, жібектен гүл, интерьер элементтерін дайындайды. Оның матадан дайындаған гүл шоғын, бір қарағанда, тірі гүлден айыра алмайсың. Сұлулыққа деген өз құштарлығын Жанар жәй ғана былай сипаттайды:

- Айналамдағы әлемді түрлендіргенді ұнатамын!

 

УАҚЫТТЫ АҢҒАРМАЙ...

Қолдан жасалған әшекейлер соңғы кездері сәнқойлар арасында үлкен беделге ие.  Ботагөз ТҰРҒАНБАЕВА мен Айсұлу СӘЛІМГЕРЕЕВА есімді қыздар «Lithos» атты өз маркаларын жасапты. Олар табиғи тастардан сырға, білезік, алқа мен моншақ жасайды. Алғашқы білезіктерді өздері үшін дайындаған, қалғандарын таныстарына ұсыныпты және әшекейлері тап осындай сұранысқа ие болады деп ойламапты. Бүгінде Ботагөз бен Айсұлу жасаған әшекей бұйымдарды барлық әріптестері мен достары тағып жүр, тапсырыс берушілердің көптігінен олардың енді өздері үшін бір нәрсе дайындауға уақыттары жоқ.

- Басында барлығы, материалдар мен фурнитуралар іздеуден бастап тастардың өзара үндесуі мәселелеріне дейін қиын сияқты болып көрініп еді, алайда қазір тасты көрген бойда басымызға жаңа идеялар келе қалады, - дейді Ботагөз.

- Мен әшекейлерге салатын тастарды теріп, уақыттың қалай өткенін байқамай қаламын, - дейді табиғи тастардан білезіктер мен алқалар жасайтын Жазира ОМАРОВА. – Тастармен әуестенгеннен кейін мен олардың тарихын да, қасиеттерін де зерделей бастадым, астрологияға қызығушылығым артты. Әр зодиак белгісінің өз планетасы бар, ал оның өз тасы бар. Күннің тастары түр-түстеріне қарай жылы болып келеді: хризолит, топаз, янтарь, опал, рубин, циркон, цитрин. Айдікі салқын: меруерт, александрит, маржан, берилл, ай тасы. Әр тастың өз қолданысы бар, олар үлкен қуат береді.

Мысалы, Шамбала білезігі сәттілік әкелетін тұмар болып есептеледі. Жазира басында түрлі тастарды араластыруға болмайды деп есептеген екен, кейіннен бұл райынан қайтып, керісінше, араластыру керек деп шешіпті. Тастар Жазираға сәттілік әкеліпті, болашақта Жазира дүңгіршек ашып, онда өз бұйымдарын сатпақшы.

Барлық шеберлер айналып келгенде бір жайтқа тоқтады: қолөнер олар үшін өз қабілеттерін ашатын, бойларындағы нәзіктікті  арттыратын, жүрекке жылу беретін рухани азық тәріздес. Жасаңыздар, қымбатты ханымдар,  бұйымдарыңыз өзіңізге де, өзге де қуаныш әкелсін!

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

6 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.