Атырау, 26 сәуір 14:39
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Аманжанның қожалығындағы ешкі бағы

Сурет Бейнежазба
2 183 просмотра

Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғыны, 4 баланың әкесі Аманжан ҚҰСАЙЫНОВ ешкі өсірумен айналыса бастады, тіпті амалсыздан деуге де болады: 8 жыл бұрын үлкен ұлы аллергиялық сырқатпен науқастанып, дәрігерлер оған дәрі-дәрмекпен бірге ешкі сүтін берсе, шипасы мол деп кеңес береді. Қазір Аманжанның шаруашылығында 50 асыл тұқымды француз альпий ешкісі бар. 

- Негізі мамандығым мұнайшы, 15/15 күн ауысыммен жұмыс жасаймын, ешкі асырау ісі тек отбасымның денсаулығы үшін ғана емес, қосымша табыс көзі ретінде қызықтырды, бұған отбасым қарсы болған жоқ. Интернетті ақтарып, терең зерттей келе, өте жақсы, жағдай талғамайтын, көп білімді қажет етпейтін, жуас асыл тұқымды сүтті альпі ешкісі туралы білдім, - дейді Аманжаан. - Бастапқыда Мәскеу арқылы үш ешкіні сатып алдым, кейін бірте-бірте олар көбейе бастады, шаруашылықты дамыту үшін оның азық қорына, пайдалану үшін технологиялық құрал-жабдықтардың аса қажет екеніне көз жеткізді. Альпі ешкісінің жеген азығының 90 пайызы сүтке кетеді екен. Сол себептен күнделікті азығының дұрыс болуының қажеттігіне баса көңіл аудардым. Күні бүгінде израильдық гидропоникалық құрылғы арқылы шөп өсіріп отырмыз. Яғни, көбіне арпаны сатып алып, жуып, бойында ылғалы бар дымқыл күйінде гидропоникалық құрылғыға саламыз. Оны біз жеті күн сақтап қоямыз, сол аралықта арпа биіктігі 10 см болатын жап-жасыл түстес құнарлы шөпке айналады. Соны ешкілерге береміз.

Жалпы гидропоникалық құрылғыны ол 5 млн теңгеге сатып алған. Ал ешкі азығына айына қомақты шығын кетеді. Ол шығынның орындары толық жабылады, өйткені өнімнің өзіне сұраныс көп. Күніне әр ешкіден 3 литр сүт сауылады, одан сепартор арқылы қаймақ, сүзбе, иогурт те жасалуда.

- Ешкіні сауу қолмен емес, озық технологиямен атқарылады, уақыт та үнем. Өзім сүт өнімдерін жасаумен айналысамын. Үлкен ұлымыз Мәди шаруашылыққа көмектеседі, ата-енем бар. Аула-қораның тазалығы, жем суын уақтылы беру, лақтарды үш мезгіл сүтпен қоректендіру, т. б. мігірсіз жұмыстарды бәріміз бірігіп атқарамыз, - дейді Аманжаның келіншегі Әсия жылы жымиып. Сұранысқа сай жаңа сауылған сүт пен өнімдерді өз көліктерімен тасып беруді Аманжанның әке-шешесі Асылбек пен Сая өз міндеттеріне алған. Сонымен қатар, Аманжан Қамыскөл жағасындағы демалыс орнында балалар үшін демалыс орнын ашты. Ол жерде балалар үшін аттракцион, ойын алаңдары бар.

Інісі Рысжан

- Болашақтағы жоспарыңыз қандай?

- Негізгі мақсатым ешкі шаруашылығын бұдан әрі дамытып, сүтінен сүт өнімдерді көбірек шығару. Ешкі ауырып қалғанда неден болғанын білмей қиналып та қаламыз, оқулықтар мен интернет толық көмектеспейді, зоотехникалық, ветеринарлық білімді терең меңгеруді қажет етеді. Өзімнің туған інім Рысжан осы шаруашылықтың келешегі үшін әдейі Алматыдағы ветеринариялық универсиететке оқуға түскен, бүгінде 5-ші курста. Ағылшынша оқып жатқан ол жуырда Европаға ешкі фермасына тәжірибеден өтуге бармақшы. Әулет болып қолға алған бұл кәсібіміз болашаққа негіз болары сөзсіз.   

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

19 тамыз 2022, 01:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.