Атырау, 26 сәуір 11:57
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Энергетика министрінің сапары: әріптестер арасында жеңіл, басқалармен қиындау

Сурет Бейнежазба
788 просмотра

ҚР Энергетика министрі екі күндік жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Болат Ақшолақовтың жұмыс сапары Солтүстік Каспий жобасының өндірістік нысандарын (NCOC) аралаудан басталды. Сондай-ақ, ол Теңіз кен орнында және обьлыстағы бірқатар ірі кәсіпорын, оның ішінде Атырау ЖЭО жұмысымен танысты.

Министрлік, Атырау облысы әкімдігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және NCOC өкілдері Қашаған кен орнындағы «D» аралын айналып ұшып өтті. Биыл жыл басынан бері Қашағанда 7,2 млн. тонна мұнай және 4,4 млрд. м3 ілеспе мұнай газы өндірілді. «Болашақ» зауытын аралау барысында кездесуге қатысушылар мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысының (МГКДҚ) жұмысымен танысты. Министр Болашақ зауытында жөндеу жұмыстарын жүргізу және «D» аралындағы 2 компрессорда іске қосу-баптау барысы және барлық қалпына келтіру жұмыстарының аяқталу мерзімі туралы мәселені көтерді.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 3 тамызында «Болашақ» зауытында газдың шығып кету датчиктері іске қосылып, нәтижесінде мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғыларының барлығы тоқтатылды. Қазіргі уақытта инспекция жүргізілуде, мұнай өндіруді біртіндеп қалпына келтіру жоспары әзірленуде. 9 тамыздан бастап 10 тамызға дейін «D» аралында екінші компрессор іске қосылды, қазіргі уақытта Қашағанда тәуліктік өндіру 100 мың баррель шамасында. Министр зауыт басшылығына жөндеу жұмыстарының қорытындысы бойынша Министрлікке жақында газдың шығу себептері мен өндірістік операцияларды қалпына келтіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі жасалған талдауды ұсынуды тапсырды.

Келесі күні Болат Ақшолақов Теңіз кенішіне табан тіреді. Ол Қазақстандағы ең ірі Келешекте кеңейту жобасының – Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасының (ККЖ-ҰЕҚБЖ) іске асырылу барысымен танысты. Қазіргі уақытта ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасы 93% - ға аяқталды. Қалған барлық жұмыстар Теңізге шоғырланған. Жаздың басында кен орны операторы – «Теңізшевройл» ЖШС-ның (ТШО) барлық зауыттарын біріктіретін, сенімділігін арттыратын және өндірістік көрсеткіштерді оңтайландыратын Өндірісті бірегей басқару орталығы (ӨББО) іске қосылды. 2022 жылғы шілдеден бастап ККЖ-ҰЕҚБЖ шеңберінде салынуы жоспарланған төрт қондырғының төртіншісі болып табылатын жаңа өлшеу қондырғысы мұнай қабылдай бастады. Сондай-ақ екінші тоқсанда қысымды ұлғайту қондырғысына қуат беретін кіші электр станциясына кернеу берілді.

Министр ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасының сәтті іске қосылуы ТШО-дан Қазақстан бюджетіне түсетін түсімдерді едәуір арттыратынын атап өтті. Бұл ретте 2022 жылдың алты айында ғана ТШО ел экономикасына бес жыл ішіндегі рекордтық 7,5 миллиард АҚШ долларын бағыттады.

- Бүгіндегі сын-қатерлерге қарамастан, жобаны іске асыру кестесін ұстану маңызды. Бұдан басқа, қазақстандық өндірушілер мен отандық қызметкерлердің әл-ауқатын қамтамасыз ете отырып, қазақстандық қамтуды дамытуға ерекше назар аударуды жалғастыру қажет», - деді Болат Ақшолақов.

Өз кзегінде ТШО ККЖ-ҰЕҚБЖ іске асырыла бастағаннан бері 14,2 миллиард АҚШ долларынан астам сомаға қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алғаны, сондай-ақ 25 мыңнан астам адамды оқытқаны туралы есеп берді. Министр ККЖ-ҰЕҚБЖ-ға тартылған ТШО мердігер компанияларының мыңдаған жұмысшыларын алдағы уақытта босату шеңберінде мониторинг жүргізу және тығыз өзара іс-қимыл жасау қажеттігін атап өтті. 

"СІЗ ЖАБЫҚСЫЗ БА?"  "ЖОҚ!"

12 тамызда түстен кейін министр жергілікті тұрғындармен және өңірдегі коммерциялық емес мекеме өкілдерімен кездесті. Әрине, бұл жерде бәрі "ойдағыдай" бола қойған жоқ. 

"Атамекен Эко" ҚБ басшысы Арман ХАЙРУЛЛИН бүгінгі күні құпия ақпарат болып табылатын ӨБК (Өнімді бөлу туралы келісім) мазмұнын түпкілікті ашып, экологиялық айыппұлдарды Атырау облысының тікелей қажеттіліктеріне бағыттау қажет деп есептейді.

– Біздің облысқа келтірілген экологиялық залал үшін өтемақы орталыққа жолданады. Неліктен? Біз бұл қаражаттың жергілікті жерде қалуын және экологиялық апаттың орнын толтыруға, қалпына келтіруге жұмсалуын талап етеміз. ТШО, НКОК, Атырау мұнай өңдеу зауыты жылына небәрі 200 миллион теңгеге сақтандыру пакетін сатып алады. Бұл үшін бар болғаны 1,5 миллион теңге төлейді. Үшінші тұлға, яғни халықтың денсаулығын, өмірі мен мүлкін сақтандыру мүлде қарастырылмаған. Оның үстіне «Samruk Kazyna Trust» компаниясын тарату керек, – дейді А.Хайруллин.

«Нейробалалар – ғажайып бар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Лунара МАКСУТОВА мен Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Мұрат ДОСМҰРАТОВТЫҢ арасындағы диалог өте тартысты өтті.

– Экология мәселелерінің кесірінен Атырау облысының тұрғындары зардап шегеді, ал барлық қайырымдылық қаражаты «Samruk Kazyna Trust» қорына түседі. Өзім мүмкіндігі шектеулі екі бала тәрбиелеп отармын. Бізде ірі мұнай компаниялары жұмыс істейді, бірақ олардан бізге пайда жоқ. Бізді үнемі улап жатыр, облыста патологияға шалдыққан балалар көбейіп, балалардың мүгедектігі артып келеді. Атырау мұнай өңдеу зауыты неліктен жұртшылық үшін жабық? Сіздер үшін Сасықсай жақсы сылтау болды. Бірақ халықты алдай алмайсыздар. Атырау мұнай өңдеу зауытының директоры қазір орнынан тұрса деймін! Тікелей эфиріңізді көрдім, бетбақтырмай отырдыңыз. Күлудің қажеті жоқ, сізге күлкілі болса, маған күлкілі емес! – деді Л.Максутова көңілі бұзылып.

М.Досмұратов былай деп жауап берді:

– Өңірдегі экологиялық жағдай оңай емес, біз де бұған өз үлесімізді қосып жатырмыз – біз оны жақсы түсінеміз және болып жатқан жағдайға жауапкершілікпен қараймыз. Бізде экология тұрғысынан шешілмеген мәселелер бар. Оқыс оқиға орын алған кезде біз дереу жұртшылықты жинадық. Бірақ диалог оң нәтиже бермеді, өйткені ол жақтан тек сын айтылып, біздің дәлелдерімізді ешкім тыңдағысы келмеді. Әлі де диалог болады деп үміттенемін, мезгіл-мезгіл кездесіп тұруды ұсындым. Мен жұртшылықпен ынтымақтасуға дайынмын. Әлемде қоғам белсенділері өндірісті бірлесіп басқаратын, қоршаған ортаға әсер ететін мәселелерді шешіп жүрген тәжірибе бар. «Улап жатыр!» деп айқайлап қана қоймай, әр мәселені шешуге жұмыстану екерек. Мен ашықпын. 

- Сіз жабықсыз! - деп Лунара Максутова әңгімені жалғастырды. - Атырау мұнай өңдеу зауытында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді ме, жоқ па, оны әлі білмейміз. Мен қаңтар оқиғасына қатыстым, "Samruk Kazyna Trust" мекемесіндегі босқа отырғандарды асырағанша, облыстан кетіп жатқан барлық қайырымдылық қаржы облыста қалса екен деймін. Зауыт бізді улап жатыр, ауру балалар дүниеге келіп жатыр, сіздер жабықсыздар! 

«ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІККЕ НЕГЕ ЖЕҢІЛДІК ЖОҚ?»

Баяндамашылардың кейібірі ғана облыс тұрғындарына қатысты тақырыптарды қозғады. Көбіне адамдар өздерінің жеке сұрақтарын, соның ішінде ірі компанияларға жұмысқа орналасқысы келетінін айтты.

Жалпы проблемалардың қатарында қала маңындағы елді мекендердегі, жаппай жеке тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан бау-бақша қоғамдарына қарасты жерлерде электр қуатының жиі үзілетіні айтылды. «Қазақстандық кәсіпкер әйелдер одағының» жергілікті филиалының жетекшісі Айгүл БАЯМИРОВА бизнес өкілдерінің трансформатор орнатуға қыруар қаржы жұмсап, кейін «далаға кеткен» шығынды төлеуге мәжбүр екенін айтып шағымданды.

- Трансформатордың бағасы 35 миллион теңгеден басталады, техникалық шарттарды алу азап, оған ҚҚС-мен бірге 36 теңге тарифті қосыңыз. Төлемнің жартысы – трансформатордың босқа тұрғаны үшін төлемақы. Монополияға қарсы күрес қызметі қайда қарап отыр? – деп ашуланды А.Баямирова.

Ал спорт залының меңгерушісі бизнес үшін газ көлемінің шектелетініне шағымданды:

– Былтырдан бері бізге 6 текше метр газ берілді. Бұл бір жеке тұрғын үйді жылытуға арналған көлем. Бұл шектеу тек шағын дүкендерге қолданылған болса, түсінемін. Ал қыста футбол ойнайтын залды қалай жылытамын, балалар ойыннан кейін душ қабылдауы керек. Ал тұрмыстық пайдалануға ешқандай шектеу жоқ. Неліктен әлеуметтік маңызды нысандарға жеңілдік жасамайды, өйткені біз балалардың денсаулығын дамытуды қолдап, командалық спортты дамытып отыромыз ғой! 

Министрдің айтуынша, бұл сапар жергілікті жерде жүйелі мәселелермен танысу үшін арнайы ұйымдастырылған. Алдағы уақытта бұл мәселелер талқыланып, өз шешімін табады, – деп сендірді ол.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор


15 тамыз 2022, 13:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.