Атырау, 26 сәуір 14:41
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

«Ескі базар» туралы бір ауыз сөз

Сурет Бейнежазба
1 660 просмотра

Халық арасында «Ескі базар» атанған Атыраудың ескі бөлігіндегі «колхоз базары» қазір сауда орталығына айналған. Мақсаты былтыр тамыз айында өзгерді. Бірақ іс жүзінде бұл әр демалыс күндері ұсақ-түйек пен азық-түліктен бастап тауық, қоян және басқа да жануарларға дейін керек нәрсенің бәрін сатып алуға болатын нағыз базарға айналады.

Жер жеке тұлғаның меншігінде. Оның иесі Айқаныммен (әйел ақыры фамилиясын атамады) кездесе алмадық. Материалды дайындау барысында редакцияда сұхбаттасу туралы келіскен едік, бірақ келісілген күні ол уақытым аз боп тұр, жұмысым көп деп, келмеді. Дегенмен, әйелдің біраз абаттандыру жұмысын бастағаны көрініп тұр: базар аумағында темірбетон сөрелер орнатылған. Бірақ сатушылар 2020 жылғы пандемия кезінде жұмыс тоқтап қалды дейді. Оған құрылыс салуға рұқсат бермегені белгілі болды. Мен бұл туралы қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінен білдім.

БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМЫЗДАҒЫ БАЗАР

Ескі базарда бұрынғы кезге оралғандай боласың. Өлкетанушылардың айтуынша, оның тарихы өткен ғасырдың бірінші жартысынан басталады; қалай дегенмен де, оның Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жұмыс істеп тұрғаны туралы деректер бар.

Бұрын бұл базар қала тұрғындары көп баратын орталық болды, мұнда аптаға жететін азық-түлік сатып алуға, бір нәрсе айырбастауға немесе жай аралап, таныстарды кездестіріп, кездесу белгілеуге болатын. Айталық, 70-жылдардың соңы – 80-жылдардың басында дүкен сөрелерінде «мемлекеттік» ет жоқ кезде, оны ескі базардан мүлде басқа, әлдеқайда жоғары бағамен сатып алуға болатын еді.

Бала кезімізде әке-шешеміз: «Ертең базарға барамыз» десе, әпкем екеуміз қатты қуанатынбыз. Қазір еске түссе күлкілі көрінеді, бірақ ол кезде базар аралаудан алған әсеріміз хайуанаттар бағын аралағаннан кем түспейтін. Ол жерге мереке болатындай дайындалатынбыз. Ол кезде бес жаста шығармын, сондықтан адамдардың толып жүретіні ғана есімде. Шамасы, жай жүретін шығармын, мені базар қақпасының алдына түрлі азық-түлік толтырылған сөмкелерді күзетуге қалдыратын.

Міне, тағы осы жердемін, бойымды дежавю сезімі биледі. Айқай-шу, керісіп жатқан дауыстар, сатушы қызанақтарды тым ұзақ таңдаған сатып алушыны балағаттап жатыр. Бірі сатып алушылардың көптігін пайдаланып, жаңа ғана өлшенген қиярдың ақысын төлемеді. Айналаны үй құстары азан-қазан қылып жатыр, әсіресе, үйректер мен балапандардың дауысы қатты шығады. Аквариум сатушылардың қасында жеңіл көлік тұр, ал оның жанында картон қораптарда овчарка күшіктері қыңсылап жатыр. Қожайыны әрқайсысын 60 мың теңгеге беруге дайын, тіпті маған көп жеңілдік ұсынды. Бірақ мен мұнда ол үшін келген жоқпын.

Тазы иттерді көріп таң қалдым, ірі тұқымды қояндарды көру қызық болды. Қожайыны тазыға 25 мың теңгеге, төбетке 2 мың теңге сұрап тұр. Асыл тұқымды қояндарды сатушы оларды Атырауға Орал мен Беларуссиядан әкелетінін, құны 45 мың теңгеден басталатынын айтты. Әрине, әрқайсысы 1-2 мыңнан арзанырақ түрлерін табуға болады, бірақ бұл қарапайым қояндар.

Ескі базардағы тұрақты сатушылар өткен жылы мұнда тіпті жылан да, тауыс та болғанын еске алады. Рас, аптап ыстық жазда күн астында ұзақ тұру оңай емес, өйткені сауда ашық аспан астында жасалады. Мұнда келгендердің бәрі келушілерге ғана емес, сатушыларға да жағдай жасалмағанына шағымданады.

БҰЛ ЖЕРДЕН БӘРІН ТАБУҒА БОЛАДЫ

...Есесіне ескі базарда жергілікті тұрғындардың немен айналысатынын, тыныс-тіршілігін түсінуге болады.

60 жастағы Күміс ОСПАНОВА бұл жерде 1990 жылдан бері саудамен айналысады. Кеңес заманында тігін фабрикасында жұмыс істеп, іш киім, төсек жапқыш, көрпе тіккен. Фабрика жабылған соң әйел ескі базарға сауда жасауға шыққан.

Күміс апа күн сайын серіктерімен бірге 4-5 сағаттан тұрады. Бірақ негізінен базар демалыс күндері ғана жанданады. Сенбі, жексенбі күндері таңнан түске дейін бұл жерде тіршілік қайнап жатады.

– Жақын жерде тұрамын, бұл жерге үйренгеніме көп болды. Көріп тұрсыз, түрлі ұсақ-түйек заттар сатамын. Осы жерден нәпақа табуға болады, басқа баратын жер жоқ, жұмыс жоқ. Сауда бірде болса, бірде жоқ. Біз күнде шығамыз. Бірақ азық-түлік, үй жануарларын, құс сатушылар - тек демалыс күндері шығады. Жұмыс күндері ешкім жоқтың қасы, сауда дұрыс болмайды, тек күн астында босқа күйіп отырамыз. Орын ақысын төлейміз, менен күніне 500 теңге алады. Бірақ еш жағдай жасалмаған, көлеңкеге арналған қалқасы бар арнайы бөлінген орындар да жоқ, – дейді К.Оспанова.

Ол бұрындары ауыл тұрғындары қаладағы жалғыз үлкен сауда орны болғандықтан, ескі базарға арнайы келетінін еске алды. Оспанованың айтуынша, «Дина» базары салынған кезде, көпшілігі сол жаққа кетіп қалған.

Бір қызығы, бұл жерге алдын ала «сәтті» орынға жайғасып алу үшін ерте келуге болады, ең бастысы төлесең болды. Кейде тіпті орынға талас та болып қалады екен. Бұл жерде заңмен рұқсат етілген нәрсенің бәрін саудалауға болады. Күміс апа сол күні 500 теңгеге мысық сатып тұрды. Ол өте әлжуаз, жаңа туғаны көрініп тұр.

- Бір танысым әкеліп, сатуымды өтінді. Адамдар жиі солай істейді. Егер сататын нәрсе болса, әкеліңіз. Бастысы, бағасын айтыңыз, ал мен еңбегіме - күн астында бірнеше сағат отырғаным үшін үстіне ақысын қосамын, – дейді Оспанова.


КІМГЕ БАЗАР, КІМГЕ ЗООБАҚ

Ескі базардың айырмашылығы сол, адамдар тек сауда жасау үшін емес, хайуанаттар бағында жүргендей жануарларды тамашалауға, оларды балаларына көрсетуге келеді.

Сенбі күні ескі базарға түскі үште келдім, базар іші бос екен. Келесі жолы ол жерге ерте, таңертеңгі сағат 10-да бардым. Бұл жолы әлдеқайда қызықты болды. Базар іші шынымен де қайнап, у-шу болып жатыр.

Бір қатарға құс саудагерлері орналасқан. Балапандар, тауық, әтеш, қаз, үйрек, күркетауық, бөдене. Тауық 3,5-4 мың теңге, бір бөдененің құны 500 теңге, көтерме бағасы 400 теңгеден.

Әрі қарай көгершіндер сөресі жайғасқан. Ықшам торлар аз орын алады, сондықтан сатушылардан орын үшін ақы аз алады – 50-100 теңге. Ал көгершіндердің өзі 500-2000 теңге тұрады. Сатушылардан бағасын сұрап тұрғанда ақ көгершін ұшып кетті. Сатып алушы ақшасын енді төлеп, сатушы оны жаңа иесіне бергені сол еді. Көгершін бетон дуалдың ар жағына ұшып кетті, бірақ жаңа иесі ұстап алармын деген үмітпен артынан жүгірді, ақшасы далаға кетпеу керек қой!

Келесі сұхбаттасушым өзін таныстырғысы келмей, демалыс күндері базарда сауда жасауға дағдыланғанын айтты.

- Ескі әуежай ауданында тұрамын. Бала кезімнен уақытымызды осында, ескі базарда өткізетінбіз. Мен өзім көлік жөндеймін, шыны кесуші болып жұмыс істеймін, ал қазір өзім жасаған аквариумдарды сатамын. Бұл базардың жақсы жері - мұндағы тауарлар басқа базарларға қарағанда арзан, жалға алу құны да төмен. Мысалы, жаз басталғанда «Мұрагерде» сазан балығы 1100 теңгеден сатылса, мұнда 800-ден сатылады. 1998 жылға дейін бұл жерде сүт, ет өнімдері бар павильондар болғаны есімде. Дүкендер жұмыс жасап, кейін жабылды. Қазір сатушылардың арасында Өзбекстан азаматтары көп. Пандемияға дейін олар да болды, бірақ мұндай көп емес еді. Бұл жерде қызық, түрлі адамдармен оңай тіл табысуға болады, – дейді сұхбаттасушым.

КҮТІМІ ЖОҚ БОЛҒАН СОҢ, ИЕСІЗ ДЕП ЕСЕПТЕЙДІ

Есімін атағысы келмеген тағы бір сұхбаттасушым ескі базар туралы пікірімен бөлісті. Ол анасын базарға әкеліпті. Анасы Дамбыда тұрады, тауық өсіреді екен, содан соң оларды ескі базарда 500 теңгеден сатады.

– Базарға ешкім күтім жасамайды, сондықтан бәрі иесіз деп ойлайды. 2015 жылға дейін мұнда металл сөрелер болды, бірақ қазір ондай ештеңе жоқ. Бір шаршы метр орынға 500 теңге төлейміз, ал сөренің артындағы орын үшін мың теңге төлейміз. Базардың көркейгенін қалаймын, тым болмаса қоқыс шығарылса екен. Алайда қоқысты саудагерлердің өздері тастайды, әрігіректе контейнерлер тұр, бірақ адамдар ерінеді. Бірақ бұл мәдениет мәселесі.

Оның айтуынша, бұрын базар әлдеқайда жақсы болыпты. Плиткадан жасалған бетон қоршаумен қоршалған, күннен қорғайтын арнайы жабдықталған сөре, дәретханалар болған. Ал жалпы қаланың бұл бөлігі орталық болғандықтан келушілер де көп болған.

Міне, ескі ашық базар осындай.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

5 тамыз 2022, 16:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.