Атырау, 26 сәуір 12:04
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Қаңтардағы митингтің заңдылығы туралы сұраққа қатысты

1 447 просмотра

Атырау облысы полиция департаментінің жаңартылған мәліметтеріне сәйкес, 19 қаңтардағы жағдай бойынша ішкі істер органдарына 748 адам жеткізілді. Олардың нешеуі жауапкершілікке тартылды, қанша адам қамауда отыр?

Атырау облыстық сотының мәліметі бойынша (7 қаңтардан 20 қаңтарға дейінгі мерзім ішінде жауап дайындау кезінде) Атырау облысының соттары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (ӘҚБтК) 488-бабы («Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу») бойынша 229 іс қарады. Оларға тағайындалған жаза былай бөлінді: 184 адам түрлі мерзімге қамауға алынды, 5 адамға 64,3-тен 91,9 мың теңгеге дейін айыппұл салынды, 38 адам ескерту алды, 2 адамға қатысты құқық бұзушылықтың болмауына байланысты іс тоқтатылды.

Полиция департаментінен басқаша мәлімет келді: 6 қаңтардан 19 қаңтарға дейінгі аралықта 231 адамға әкімшілік жаза тағайындалған, 24-іне айыппұл салынды, 159 адамға ескерту берілді, яғни барлығы 414 адам тартылған.

Неліктен сандарда осындай сәйкессіздік бар? ПД баспасөз қызметі олардың тізімінде митингіге немесе жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп күдікке ілінгендер де, төтенше жағдай режимін бұзғандар да, яғни коменданттық сағатты бұзғандар да бар деп түсіндіреді.

Енді қылмыстық жазаланатын әрекеттер туралы. 10 қаңтар мен 20 қаңтар аралығында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты 19 адамға қатысты 2 айға «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасына санкция берді.

Бұл адамдар Қылмыстық кодекстің 272-бабы (Жаппай тәртіпсіздік), 380-бабы (Билік өкіліне күш қолдану), 191-бабы (Тонау), 291-бабы (Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу) бойынша тергеу кезінде бас бостандығынан айырылды. ), 287 (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру), 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша отыр.

Облыстық ПД бүгінде митингілерге қатысты тергеу аясында 22 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Полицияға жеткізілген азаматтардың басым бөлігі «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» деген 488-бап бойынша қамауға алынып, айыппұл салынғанын көріп отырмыз. Дегенмен, заңгерлер оны белгілі кейбір жағдайлар тұрғысында сөзсіз қолдануға күмән келтіреді: 

– ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабының 6-бөлігі заңды бұза отырып өткізілген митингіге қатысқаны үшін жауапқа тартылған адамның ниетінің болуын және оның дәлелденуін қарастырады. Яғни, полиция жасалған хаттамада азаматтың «заңсыз митингіге» қатысып жатқанын білгенін көрсетіп, фактіні дәлелдеу керек. Бұған митингтің заңсыздығы туралы сол жерге келген прокурордың немесе атқарушы орган өкілінің жария мәлімдемесі және заңды түсіндіруі дәлел болуы керек. Сонымен қатар, оның түсіндіргенін әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамның естігені, бірақ соған қарамастан митингіге қатысуын жалғастырғаны дәлелденуі тиіс, - дейді сенімді адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВ. – Бір адамның өтіп бара жатып, жиналған топқа қосылуы немесе тіпті, адамдар жиналған жерге әдейі келуі - өз алдына жоғарыдағы бап бойынша құқық бұзушылық құрамын білдірмейді. Мен бірнеше полиция хаттамасымен, кейін әкімшілік соттың қаулыларымен таныстым. Осынау өте маңызды жайтты нақтылауға ешкім бас қатырмаған. Ал олсыз адамды кінәлі деп тану мүмкін емес. Апелляциялық сот полицейлер мен соттың әрекетіне наразылық білдірген бірнеше атыраулықтың қамауға алу мерзімін кемітіп, айыппұл көлемін азайтқан. Шамасы, халық алдында тиран болып көрінбеу үшін шығар. Бірақ осы ұстаным соттың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келмейді: мұндай жағдайда апелляциялық сатыдағы сот жазаны қысқартып емес, әкімшілік соттың негізсіз қаулыларының күшін жойып, істерді тоқтатуы тиіс.

3-7 қаңтардағы наразылықтарды сот органдары «жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз өткізілген заңсыз көпшілік іс-шара» деп түсіндіреді (Атырау облыстық сотының ресми жауабынан. – З.Б. ескертпесі). Бірақ бұл тұжырым 2020 жылдың мамырында күшіне енген Президент Қ.Тоқаев бастамашы болған «ҚР-ғы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңға қайшы келеді. Оған сәйкес, бейбіт жиналыстарды, демонстрацияларды, шерулерді, пикеттерді ұйымдастыру кезінде жергілікті атқарушы органның (әкімдіктің) рұқсаты талап ЕТІЛМЕЙДІ (белгілеген өзім – З.Б.). Мұндай шаралар екі жылдан бері хабарландыру сипатында өткізіледі. Алаңдағы митинг Маңғыстаудағы наразылыққа реакция ретінде ескертусіз өтті.

Бұл оның стихиялық шығу тегін тағы да дәлелдейді. Бұл бәріне – қатысушыларға да, жергілікті билік өкілдеріне де айқын болды. Әйтпесе, митингіні неге 2 күн бойы таратпады? Полицейлер бейтарап жүрді немесе алаң шетіндегі қызметтік автобустарда отырды, адамдарды таратуға бұйрық болмағаны анық.

5 қаңтарда облыс әкімдігі ғимаратының алдында наразылық білдірушілердің бір бөлігі сол жаққа кетіп, оқ атылып, полициямен және Ұлттық ұланмен қақтығыс басталуы - бұл бөлек мәселе. Бірақ мен алаңда тұрған адамдарды айтып отырмын.

Еске салсақ, жергілікті билікке хабарланған жоқ және ресми түрде митинг алғашқы минуттан-ақ заңсыз болды. Бірақ 3, 4 немесе 5 қаңтарда бұл облыстық және қалалық әкімдіктерді алаңдатқан жоқ, оның өкілдері келіссөздер жасау үшін халық алдына шығуға асықпады. Кейін қалада қала әкімі болмаған соң облыс әкімі халық алдына шықты. Бірақ халықпен тілдесу әрекеті сәтсіз аяқталды. Абдырап тұрған Махамбет Досмұхамбетовті шымыр жігіттер қолтықтап алып кетті. Әкім қызметтік көлікке әрең жүгіріп жетіп, көлік орнынан ұша жөнеліп, тіпті ереуілшілердің бірін жанап кетті. Бұл бейнежазбаны мыңдаған атыраулық тамашалап, бүгінде қалада халықпен тең дәрежеде сөйлесетін, халықты тыңдай білетін, тыңдата білетін бірде-бір беделді тұлғаның жоқтығын өкінішпен айтып жүр.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

26 қаңтар 2022, 11:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.