Атырау, 26 сәуір 14:17
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Фермер Розметов: «Өңірімізде агроном өте тапшы»

Сурет
3 668 просмотра

Махамбет ауданы, Сарайшық ауылындағы «Атырау Агроөнімдері» шаруа қожалығының алма бағы жыл сайын кем дегенде 500-600 тонна өнім береді. Бірақ өкінішке орай, жергілікті сатып алушылар атыраулық алманы сирек көреді. Базардан «Розметовтің» алмаcын табу мүмкін емес. Өз басым тіпті дәмін де татып көрмедім.

- Биыл міндетті түрде дәмін көресіз және олардың бағасы нарық бағасынан 20%-ға арзан болады», - дейді «АтырауАгроӨнімдері» ШҚ басшысы Владимир РОЗМЕТОВ. - 2009 жылдан бастап бізден алма сатып алатын ресейліктермен жұмыс істеймін, олар алмадан шырын мен балалар тамағын – «Сады Придонья» банкасындағы пюрені жасап шығарады. Олар уақытымен жақсы төлеп тұр, өңірімізден жемісті өздері алып кетеді. Былтыр шырын дайындайтын цех аштық, енді өнімді өзіміз өңдейтін мүмкіндігіміз бар. Өнімді сұрыптап, жақсы жемістерді жергілікті базарға жібереміз, қалғанын шырын жасауға қолданамыз. Серіктестер бұған түсіністікпен қарап, бізден шырын сатып алуға келісіп отыр. Біздің келісімшартты бұзуға құқығымыз жоқ - олардың шырындары мен балалар тамағының бүкіл технологиясы ешқандай консервантсыз өсірілетін алмаларымызға бейімделген.

Оның 160 гектар бақшасының 90%-ында алма өсіп тұр, сонымен қатар алмұрт, өрік және біз үшін экзотикалық жүзім - лимон және інжір ағаштары бар. 7 шақырымға созылатын «ересек» бақтың өсіп тұрғанына 15 жыл болды. Онда алманың 15 түрлі сорты өседі. Биыл тағы 6000 жас алма көшеттері отырғызылды.

Атақты фермерге неге қалада қарағаштар өліп жатыр, ал оның бағында лимон гүлдеп тұр деген сұрақты әркез қойған шығар. Бірақ фермасына барып, көзіңізбен көрсеңіз бәрін түсінесіз: ағаш діңгегінің төменгі бөлігі ағаш қабығын кеміргенді ұнататын қоян мен тышқаннан қорғау үшін тормен мұқият жабылған; бұтақтар ұқыпты кесілген; ағаштар тамшылатып суару әдісімен суарылады. Топырақ жағдайын бақылайтын және зиянкестермен күресу рецептерін жасайтын өз зертханасы бар.

Алайда Розметовтің еңбекқорлығына, ұйымдастырушылық қабілетіне қарамастан, өздігімен шеше алмайтын мәселесі - мамандардың тапшылығы. Бұрын Атырау қырыққабатпен және пиязбен өзін ғана емес, Астрахан облысын да толық қамтамасыз еткенін, бұл жерде колхоздар мен совхоздар көп болғанын және олардың әрқайсысында міндетті түрде бірнеше агроном, олардың шәкірттері болғанын жақсы біледі. Фермердің айтуынша, қазір облыстық ауылшаруашылық басқармасында зейнеткерлік жасқа жақындаған бірер маман жұмыс істейді, өзі бар, «Феликс» шаруа қожалығының басшысы Енисей ЮН және тағы бірнеше адам бар – ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы деп саналған облыстағы бар агрономдар осы. Олардың бәрі бір-бірімен кеңеседі, облыс тұрғындарына кеңес береді. Шаруа қожалықтары тәжірибелі мамандарды зейнеткерлікке шығармайды, мүмкіндігінше жұмыстарын жалғастыра беруді өтінеді. Өйткені оларды алмастыратын адам жоқ, кадрлар сабақтастығы жоқ, ұрпақ ауысымы болған жоқ. Бірнеше жылдан соң маман жетіспеушілігі тіптен айқын білінетін болады.

- Біз Орал ауылшаруашылығы академиясының түлектерін бірнеше рет шақыруға тырыстық. Лайықты жалақы, үй, яғни, жақсы жұмыс жасап, өмір сүруіне бүкіл жағдайды ұсындық. Өкінішке орай, олар біздің климат жағдайы мен күресетін қиындықтардан қорқады, - дейді Владимир Розметов. - Мен біздің жоғары оқу орындарына басқа жолмен жүруді ұсындым: бізде керемет шопандардың балалары бар, олар туа біткен мамандар, оларды сырттай оқуға жіберсін. Олар күндіз оқи алмайды, ата-анасына көмектесуі керек, олардың отары, малы бар. Оларды аса бір оқытудың қажеті жоқ, олар іс жүзінде бәрін біледі. Қалада өз жатақханаларымыз да бар. Мен, тіпті, олардың оқуы үшін 50%-ын төлеп, қалған жартысын жоғарғы оқу орны немесе мемлекет өз мойнына алсын деп ұсыныс жасадым. Бірақ жоғарғы оқу орындары бұлай жасай алмай отыр, білім беру ережелері мүмкіндік бермейді. Ал бұл балалар патриот, туған ауылынан ұзап кеткісі келмейді. 4 жыл қалада оқыған соң, ауылға оралғысы келмей қалады деген де қауіп бар.

Владимир Розметовтың бар баласы «Ауыл шаруашылығы» бағыты бойынша білім алған. Отбасында өз технологы, агрономы және мал өсірушісі де бар. Жалпы өңірімізде агроном кадрларға қатысты жағдай өте қиын.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор

18 мамыр 2021, 12:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.